ӘкімдікБасты тақырыпСпортЭкономика

«BATYR BOLAMYN» ЖОБАСЫ

ОЙЫЛ АУДАНЫНА 60 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ЖАБДЫҒЫН ҰСЫНДЫ

«Batyr Bolamyn» жобасының аясында “Қазақстан халқына” қорының демеушілігі және серіктестігімен өткен аптада біздің облыста 14 спорт залы ашылды. Оның алтауы Ойыл ауданының еншісінде. «Батыр боламын» жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен балалар үшін спортқа қолжетімділік деңгейі төмен елдің шалғай елді-мекендерінде арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған балалар спорт залы бірінші Көптоғайда ашылды.

Мерекелік шараның шымылдығын Асқар Қазыбаев ашып әр баланың болашаққа деген үлкен сенімі мен үмітін үкілеп, салауатты өмір салтын сақтай отырып, қазақ спортын дамытуға өз үлестерін қосары сөзсіз екенін атап өтті.
Осындай бастаманы қолға алып балаларға жаңа мүмкіндіктер сыйлап жатқан ел азаматтарына алғысын білдірді. Ауыл клубының кең бөлмесінде жасақталған алаңның ашылуына ауа-райының қолайсыздығы мен қарбалас уақытқа қарамастан ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатын жабдықтар сыйлаған атымтайлармен кездесуге ауылдың түгел ағылып келуі азаматтарға деген шынайы лебізінің куәсі болса керек.
Салтанатты шараға «Батыр боламын» жобасының негізін қалаушылардың бірі Асыл Балкенұлы мен қайырымдылық қорының президенті Ернұр Сәбікенұлы және осы жобаның Ақтөбе облысындағы өкілі Даулет Есенгелдиндер қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, балаларға сәттілік тілесе, ел азаматтары естелік сыйлықтарын ұсынып, шапан жапты.
Ал «Batyr Bolamyn» қорының президенті Ернұр Сәбікенұлы баршаны құттықтап, биыл өзге де аймақтарда талантты жастарды қолдауға арналған тағы бірнеше спорт залын ашу жоспарға қойылғанын алға тартты.
«Осы тұста шалғай жерлерлерде балалардың спортпен еркін айналысуына қолдау көрсетіп жатқан Қазақстан халқына қорына да алғыс айтамын. Ынталы жастарды қолдау біз үшін де үлкен қуаныш. Биылға 76 зал жоспарланған. Оның алтауы Ойыл ауданында ашылып жатыр. Осындай қарқында ертеңгі чемпиондарымыз көп болсын», – деді Ернұр Сәбікенұлы.
«Біздің ауылымыз үшін үлкен мереке. «Батыр боламын» жобасы аясында ауылымызда спорт зал ашылып жатыр. Осындай кішкентай ауылдан еліміздің атын шығаратын чемпиондарды даярлауға мүмкіндіктер сыйлап жатқан жанашыр азаматтарға алғысымызды білдіреміз», — деді Ақшатау орта мектебінің директоры Бекжан Қарасаев ауылдағы арнаулы залдың ашылу салтанатында.
Балғын палуандар ағалары сыйлаған кілемде күрес тәсілдерін көрсетсе, ауыл жастары ән мен жырдан шашу шашты. Барлық ауылда да салтанатты шара соңы ауыл жастары мен жасөспірімдер арасында үстел теннисі, қол күрес, арқан тартыс, гір тасын көтеру бойынша тартысты ойындармен жалғасын тапты.
Р. S. «Batyr Bolamyn» қорының қолдауының арқасында Ойыл ауданының бес ауылы — Көптоғай, Ақшатау, Сарбие, Қараой мен Саралжында және Ойыл кәсіптік колледжіндегі балалар бокс, күрес түрлері, дзюдо, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, және т. б. спорт секцияларына қатысуға мүмкіндік алды. Ауылдағы спорт нысандарына қажетті құрал-жабдықтардың жалпы сомасы 60 млн. теңгенің жобасын құрайды. Залдарда бокс, күрес, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және тағы басқа спорт түрлеріне қажетті бұйымдар бар.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар