Әлеумет

Тазалық — баршаға ортақ!

Тазалық баршаға ортақ іс. Дана халқымызда «Тазалық табалдырықтан басталады» - деп бекер айтпаған. Себебі «Ауылына қарап азаматын таны» дегенде керемет нақыл сөз бар. Ал, бүгінде біздің ауданның табалдырығы саналатын Ойыл өзенінің жағалаулары қоқысқа толған.

Биыл өзеннің тартылып, үзіліп жатқаны баршаға мәлім. Сондықтан табиғатты таза ұстап, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, тұрмыстық қалдықтарды кез-келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысулары қажет. Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі бұл өзендер мен су қоймаларының жағалаулары қоқыстармен ластануда. Осы орайда өткен сенбіде «Таза Қазақстан» акциясы өтті. Айтулы акцияға аудан орталығындағы мекеме қызметкерлері мен еріктілер барлығы 500-ден астам адам қатынасты. Ойыл және Қиыл өзендерінің жағалауларын тазалауға Ойыл, Саралжын, Қайыңды, Ш.Берсиев, Көптоғай ауылдық округтерінің тұрғындары айрықша атсалысты. Аудан орталығында Ашықбайға жиналған еріктілерге аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы табиғатты аялап, оны әрдайым таза ұстауға шақырды. Сенбілікке жиналған жұртшылық екі топқа бөлініп, бірі Ашықбайдан көпірге дейін тазаласа, екінші топ «Қасыққа» дейін өзен жағалауларын тұрмыстық қалдықтардан тазалады. Биылғы доңыздың жазы апталап ыстықтап тұрды. Бұрын-соңды мұндай ыстыққа үйренбеген ағайын өзеннің тартылып жатқанына қарамастан су кешіп, өзен жағасын сағалап жатты. Алайда табиғаттың салқын самалына шаршағанымызды басып, таза ауаға қаныққан ағайын арттарында қалған тұрмыстық қалдықтарын лақтырып кетуді әдетке айналдырды. Міне өзен жағалауының ластануының басты себебі осы. Құрметті жерлестер, киелі мекенде отырып, табиғат ананың киесі барын ұмытпайық!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар