Спорт

АЛТЫН БЕСІКТІҢ АЖАРЫ

Ауыл - қазақтың күретамыры. Ұлт руханияты да ауылдан бастау алады. Салт-дәстүр, мәдениеттің сарқылмас қоры да ауылдарымызда сақталып келеді. Көпті көрген көнекөз қарттарымыз ауылда жатып-ақ, ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиесіне үлес қосты.

Әлі де қосып келеді. Атасы мен әжесінің тәрбиесін көрген бала да ұлт мәдениетінің мөлдір тұмасынан сусындайды. «Қазақтың шығу тегі – ауыл» деген бар. Бүгінде өркендеп, дамып келе жатқан ауылдар аз емес. Кім-кім де кіндік қаны тамған жерін жер жаннатына балайды. Оның тамылжыған табиғатын, саф ауасын үнемі мақтан етеді. Мұның бәрі иісі қазақ баласын алтын бесігіне балаған ауыл құдіретін ұқтырса керек. Солардың бірі Ойылдың оймақтай ауылы – Ақшатау. Ұйысқан ынтымағымен, берекелі бірлігімен талай үлкен іске ұйытқы болған ағалардың сөзін аяқасты етпей, жақсы бастаманы дәстүрге айналдырған ауыл жастары биыл да үлгілі істі іліп әкетті.


Соңғы он жылдың көлемінде ағалар салған сара жолды жалғап келе жатқан ақшатаулық жастар «Ауылым – алтын бесігім» атты ауқымды шараны өткен демалыс күні өткізді.
Ауыл сыртындағы көкорайға аңшаңқан үй тігіп, ат шаптырып, ас берген азаматтар бәрін де ескерген сияқты. Кәсіпкерлерден балалар үшін үрмелі ойын алаңын алдырып, алаңсыз ойнауына мүмкіндік сыйласа, соңынан ойын балаларының бәріне тегін балмұздақ тартты. Мерекелік шараның көрігі – даланы ат тұяғының дүбіріне бөлеген бәйге болды. Алдымен алты шақырымға тайлар шапты. Он екі тайдың ішінен ақшатаулық Игор Майконың «Аспарханы» алдына жан салмады. «Ат болатын құлынды, желі басынан танисың» дегендей, бабы келіссе, шын жүйрік тай күнінде-ақ танылады.


Ал, халықтың делебесін қоздырған аламан бәйгеге 17 ат тіркеліпті. Атымтай кәсіпкері жоқ, алақандай ауылдың жастарының ұйымдастырған жарысына жүлдесін қомсынбай, әрісі Атыраудың Сағыз, Мұқыр ауылдарынан, берісі өзіміздің облыстың Қобда, Алға аудандары мен Ақтөбеден де атбегілер сәйгүліктерін әкеліпті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, Алға ауданының Бесқоспа ауылынан келген жігіттің сәйгүлігіне бұйырса, екінші жүлде көршілес Қобда ауданының Бестауынан келген шабандоздың еншісіне тиді. Үшінші жүлде де қонақтардың қанжығасына байланды.


Бәйгеден бөлек, білекті жігіттер қол күрестіріп, гір көтеріп, арқан тартса, палуандар боз кілемге шықты. Тіпті ләңгі тебуден де жарыс ұйымдастырылды. Жарыстың барлық түрінен де жеңімпаздары мен жүлдегерлері алдын-ала белгіленген марапатқа ие болды. Түсте ақ шаңқан үйде ас берілді. Аталар бата беріп, ағалар ақ тілегін ақтарса, жастар ән мен жырдың тиегін ағытты. Сөйтіп, «аз отырып, көп сынайтын» қонақтар, ауылына қарап, азаматын таныса, жастар бір күн бойы Ақшатаудың баурайыннағыз думанға бөледі.

Related Articles

Back to top button