Экономика

Қазіргі қоғамда адамдардың іс-әрекеті азаматтық деңгейде көрінуі қажет.

 

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы

Философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

 

Мемлекеттің дамуы, соның ішінде қоғамдағы мәдениет алдымен оның жүргізіп отырған саясатымен, экономиканың дамуымен ғана емес, азаматтардың құқықтық санасы, мәдениеті және құқықтық жауапкершілігі арқылы жүзеге асып отырады. Құқықтық сана, қоғамның құқықтық мәдениеті азаматтық қоғамның негізгі тұғыры болып табылады. Ең негізгісі кез келген адам қоғамдық сана формаларын терең әрі тегістей меңгеруі қажет. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала түрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде жазғандай, «Жаратылысында әрбір адамға өз тіршілігі үшін көп нәрсе керек, ал мұны ол жалғыз жүріп таба алмайды және бұған жету үшін ол қандай да бір адам қауымын қажет етеді, осы қауымдағы адамдардың әрқайсысы оған қажетті нәрселердің жалпы жиынтығынан қандай да бір затты тауып беріп отырады… Міне сондықтан да бір-біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нәрселердің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестіктері арқылы ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәрежесіне жете алады». Шыныменде Әл-Фараби айтқандай кез келген адам өзінің болашағын қоғамына қызмет ету арқылы қалыптастырып отырады. Соның негізгісі адамда өзіндік сана, тарихи сана, эстетикалық сана, құқықтық сана, еңбекке, білімге, ғылымға, іскерлікке деген көзқарасы дұрыс әрі терең болуы тиіс. Неміс философы Гегель де жеке адам қоғамдық сана формаларын меңгеру арқылы мемлекет азаматына айналады – деген. Қоғамдық сана формалары дегеніміз не нәрсе? Сана бұл жеке адамның, яғни оның өмір сүріп отырған қоғамының болсын, рухани-әлеуметтік болмысын біріктіруші феномен. Яғни, әрбір адам өзінің әлеуметтік ортасы, қоғамы мен осы қоғамдық сана формалары арқылы байланысып отырады. Сол себептен адамның қоғамымен қоғамдық сана негізіндегі байланысы тегіс әрі терең болуы тиіс. Мәселен діни сана, құқықтық сана, тарихи сана бір-бірімен байланысты. Тарихты білмей діннің мәдениеттегі орнын түсіну мүмкін емес. Заң да, өнер де солай. Бұларды бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Себебі әр қайсысы тәжірибесі арқылы бірін-бірі демеп отырады. Дінге де, заңға да, білімге де, өнерге де мәдениетті адамдар қажет.

Қоғам дамуы үшін ең алдымен мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты, дұрыс жүзеге асуы тиіс деген пікірді де жиі естиміз. Әрине бұл өте орынды айтылған пікір. Бірақ оның жүзеге асуына тікелей әсер ететін халық, қоғамдық сана формалары. Қоғамдық сана формаларының ішінде тарих, тіл, мәдениет, өнер, білім, дін, экономика, саясат тұр. Ал осылардың орындалуы, өзінің деңгейінде қызмет атқаруы қоғамдағы әр адамның біліміне байланысты.

Мемлекетіміз бүгінгі уақыттың талабына сай елдің тұтастығын, тұрақтылықты қамтамасыз ететін саясатты жүргізіп келеді. Оны өзіміз ғана емес, басқалар да мойындап отыр. Бірақ бұдан кейін мемлекеттің тұтастығы сыртқы факторларға ғана тәуелді деген ой тумауы керек. Ең алдымен ішкі тұтастық, қоғамның ішкі өміріндегі мәдениет көп нәрсенің алдын алуға көмектеседі. Мемлекетіміздің стратегиялық саясатында қазіргі жаһандық тәуекелдер де терең негізде зерделенген. Тарихтан да белгілі, қандай жағдайда болмасын орын алып отыратын қиындықтардан ел өзінің ішкі бірлігін сақтау арқылы, адамдардың азаматтық ұстанымымен ғана өткен. Бұны үнемі ескергеніміз жөн.

Көне заманның өзінде қоғамның дамуына қатысты мәселелерді зерттеуде Аристотель, Платон сияқты ірі философтар барлық кезде қоғамда заң үстем болуы қажет деген тұжырымға келген. Бұл көзқарас бүгін де өзекті болып отыр. Ата заңымызда да осы елде туып өскен, тұрып жатқан азаматтардың құқының тең екені жазылған. Әр адам заң алдында бірдей. Барлығынан кісілік бірдей талап етіледі. Сондықтанда қоғамдық өмірде әр адам кез келген мәселеге сауатты түрде қарауы тиіс. Адам өзінің қоғамдық өмірде қауіпсіздігін сезінгенде ғана ол қоғамның интеллектуалдық әлеуетінің артатыны анық. Бұл бағыттағы мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған реформалардың жүзеге асуы халықтың өзіне байланысты.

Қазіргі қоғамда адамдардың бір біріне деген көзқарасы, қарым-қатынасы, байланысы азаматтық деңгейде көрінуі қажет. Кез келген адам өзінің төл мәдениетіне, басқа елдің де мәдениетіне құрметтеп қарауы тиіс. Себебі барлық ұлттың, елдің мәдениеті тарихтың сынынан өткен. Барлығының бойындағы дүниетанымдық тәжірибе, білім адамзат игілігіне қызмет етіп отырады. Сондықтанда бір халықтың мәдениеті жақсы, не төмен деген түсінік болмауы тиіс.

Қазіргі қоғамдағы ең басты құндылық бұл білім, еңбек, өнер, іскерлік, бәсекеге қабілеттілік болуы тиіс. Осы игіліктерді иеленген адамға құрметпен қарау қажет. Себебі қоғамды дамытатын, қоғамның мәдениетіне үлкен серпіліс әкелетін құндылықтарды иеленген, оның дамуына үлес қосатын адамдар. Не себептен бабаларымыз тарихта білімді, өнерді, еңбекқор болуды көп насихаттаған? Бұның да арғы жағында қоғамды дамытатын адамдарды бағалауға .үйрететін сананы қалыптастыру жатыр. Сөз соңында айтарым елімізде бүгінгі уақыттың талабымен өзінің ұстанымын үйлестіре алатын жаңа буын қалыптасты, өсіп келе жатыр. Жастардың ішінде өнер, ғылым жолында елге аянбай еңбек етіп жүргендер көп. Бұған да елдің тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта жүргізіп отырған саясатының нәтижесі деп қарауға болады.

Өзінің туып өскен еліне, қоғамына жаны ашитын адамдардың азаматтығы, адамгершілігі ұлтына, дініне қарамайды. Берілген тәрбиеге, алған біліміне, үйретілген өнегеге байланысты. Адамгершілігі күшті адамдарды бағалауға келгенде оның ұлтына, дініне емес ісіне қарап танумыз керек. Тарихтан да көріп отырғанымыздай бір елден шыққан ойшыл, ғалым адамзатқа қаншама пайда әкелген.  Бүгін де солай мемлекеттің саясаты елдің тұтастығын, тәуелсіздікті нығайту және ел ішінен адамзат игілігіне қызмет ететін интеллектуал адамдарды шығаруды көздейді. Тарихымызда қоғамнан қаншама интеллектуал адамдар шыққан. Бұл із қайта жалғасуы керек. Халық ішінен шыққан интеллектуал адамдардың бір буыны Алаш зиялылары. Олар өзінің тарихын да, ұлтының болмысын да, әлемнің мәдениетін де жақсы білген. Бірнеше тіл білген, өздерін сол уақыттың өзінде білімі, кісілік тағылымы арқылы әлемге танытты. Адамзат игілігіне жарайтын мұраларды жазып қалдырды.

Қоғамдағы тұрақтылық, құқықтық жауапкершілік барлық кезде оның болашағына, соның ішінді әр адамның еркіндігіне кепіл болатын нәрселерді қамтамасыз етіп отырады. Бұған үлес қосу, сауатты түрде әрекет ету әр адамның міндеті деп білемін.

Related Articles

Back to top button