Басты тақырып

«Ауылым алтын бесігім» үндескен жобалардың үлесі

«Туған жерге тағзым!» аясында Саралжын селолық округінде «Ауылым алтын бесігім» атты ауыл күні өтті. Шараға бұған дейін туған ауылды көркейтуге атсалысқан, елге әркез бүйрегі бұратын жерлестер және аудан қонақтары шақырылды.

Күре жолдың бойында орналасқан саралжындықтар әуелден белсенді. Бұл ауылдан белгілі кәсіпкерлер, ұстаздар, спортшылар мен сала мамандары көптеп шықты. Іргелі ауылдың азаматтары игілікті іске де жұмыла кіріскен. Округ әкімі Абат Қаратауұлының айтуынша бір айға жетер-жетпес уақытта осы шараны өткізуге бірінші құлшынған ауылдастары мен сыртта жүрген жерлестер. Туған ауылға деген жанашырлығын іспен көрсеткен түлектер қазіргі қоғам сұранысына сай қажетті нысандарды ашуға үлесін тиізді. Соның бірі мектеп жанындағы балалар алаңы. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген мектеп директоры Кенжебай Қазмағамбетов «Бақытты бала» жобасымен үндескен алаңға демеушілік көрсеткен 1972 жылы туылған түлектерге алғысын айтты. Сонымен бірге шараға қатысушылар тағы бір істің куәсі болды. Мұсабековтер отбасы ауылда шағын хоккей алаңын салып берді. Одан кейін орталық саябақта аналардың құрметіне салынған ескерткіш ашылды. Аналардың атынан лебізін білдірген Ақпатша Наурызбайқызы бастаған аналар шашу шашып, үлкен құрметке ризашылықтарын білдірді. Ескерткіш жанындағы қос тақтада көп балалы батыр аналар, елге еңбек сіңірген нәзік жандылар мен қайсар әйелдердің суреттері қойылған. Бәрі де округтен шыққан, туған жердің ыстық-суығына күйіп-піскен еңбек майталмандары. Салтанатты жиында ауыл ақсақалы Жақсылық Бисалиев те округтің тынысын, бұрынғы мен бүгінгі ахуалын тілге тиек етіп, келелі әңгімелер айтты. Осынау шарапатты шаралардың барлығына қатысып, ел үшін жасалынып жатқан жұмыстарға оң баға берген аудан басшысы Дастан Сағыров ірі әлеуметтік бағдарламаларды іске асырғаны үшін 4 адамды «Жомарт жүрек» номинациясымен марапаттады.
Олар облыс көлемінде танылып жүрген белді кәсіпкерлер, ауылға әрдайым атбасын бұрып, қажет кезінде демеушілік танытатын атымтай жомарттар. Жеке кәсіпкер Өміржан Қалиев алдағы уақытта ел игілігіне арналған шараларда ауылдан табылатынынын айтса, «НССтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Хамит Қарабалин ауыл үшін жасалынатын шаруалардан сырт қалмайтынын білдірді. Бұл екі азамат ауылда көп жылдан соң салынып тұрған ірін нысан клубтың ішкі жұмыстарына үлестерін қосты.
Ауылға хоккей алаңын салып берген Жалғасбай Мұсабеков болса туған жердің табиғатын бағалайды. Ол жергілікті диқан Спартак Төремұратовтың бақшасында болып, оның «Көкталды» алма баққа айналдырғысы келетін жоспарына қолдау болатынын айтты. Бұйырса келесі жылы алма бағының қоршауын түгел өз мойнына алды.
Ал туған жердегі шараға сонау Алматыдан Абыл Сатай да арнайы келді. Ол жақта да мың сан жұмысы болғанымен бәрін ысырып қойып туған ауылға тартыпты. Қанша жерден жұмыс істеп, қанша биікке шықсаң да, туған ауылдың түтінін аңсайсың. Оған ең ұнағаны су жаңа мәдениет ошағының бой көтеруі. Сәні мен салтанаты жарасқан клуб саралжындықтардың көп жылғы сұранысы. Абылдың сол клубқа өз қалтасынан 500 мың теңге шығарып су жаңа музыкалық аппараттар алып беруі де клубтың жұмысы жандануын, болашағын ойлағаны. Осындай ыстық ықыласын ала келген ол туған жерге қызмет етудің де жолдарын қарастырған. Оны тапты да. Ауыл ғана емес жалпы аудан үшін керекті асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстарын бастады.
Сонымен қатар «Ардақты ана» номинациясымен Жаңылсын Тойшыбаева және «Туған өлке» номинациясымен ауданды дамытуға үлес қосқан бірқатар облыс орталығында және өзге аудандарда тұратын жерлестер мен белсенді жастарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Округ әкімі Абат Мүбараков та ауылдағы жасалынған жұмыстардың бәрі ауылдастарының арқасы екенін айтып, қоғамдық жұмыстарға, түрлі шараларға белсене қатысқандарды өзінің алғыс хатымен марапаттады.
Ауыл күнінде концерттік бағдарламалар, мерекелік дастархан ұйымдастырылып, ас үстінде жерлестер бір-бірімен шүйіркелесіп, көңілдерін көтерді.
Ауыл күнінің аясында ауылдан шыққан, бұқаралық спорттың дамуына зор үлесін қосып жүрген Оңғар Таникуловтың 60 жасқа толу құрметіне орай волейболдан аудандық турнир ұйымдастырылды.
Оңғар Қыстаубайұлы 1958 жылы Саралжын ауылында туған. Туған ауылының жанашыры. «Есет» шаруа қожалығының төрағасы. Қазір Алға ауданында жұмыс істеп, жастарды спортқа баулып жүр. Бірнеше рет біздің ауданда болатын шараларға қатысып өз командасын алып келді. Волейбол ойынын жақсы көреді. «Есет-Батыр» атындағы спорт клубында «Есет» волейбол командасының демеушісі. Ауыл күнінде шараның алды доп додасымен басталды. Ең қызықты тұсы да осы болды. Өйткені бұл турнирге Ақтөбе қаласынан, Алға, Қобда аудандарынан командалар келді. Қай кезеңі де тартысты басталып, ақырғы сынға дейін өте жоғары деңгейде өтті. Себебі әрқайсысы мықты командалар. Кешке дейін созылған ойында Саралжын жастары бұрынғы атағын жақсы қорғап ақтық мәреге дейін жетті. Жалпы ең басында ойнаған қос команда аға буыннан құралды. Алды алпысқа келіп ата болса да, волейболдың «іргетасы» мықтап құйылған ауылда үлкендер бұл спорттан әлі де қашықтамапты. Ал аға буынның осындай тәрбиелерін алған ізбасарлары осы турнирде Алға, Ойыл, Қобда командаларын жеңіп, шешуші сәтте ақтөбеліктерге жол беріп екінші орынды иеленді. Турнирдің кубогын жақсы дайындықпен келген «Ақтөбе техникалық колледжі» алды. Ал үшінші орын қобдалықтарға бұйырды.

Самат НАРЕГЕЕВ,
Ойыл-Саражын-Ойыл.

Басқа жаңалықтар