Білім

Ұстаздар мерекесі алғыс пен марапатқа ұласты

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ЖОЛЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҰСТАЗДАР МЕРЕКЕСІ АУДАНЫМЫЗДА ЖЫЛ САЙЫН АЙРЫҚША АТАЛЫП КЕЛЕДІ. АЙТУЛЫ МЕРЕКЕ БИЫЛДА ҰРПАҚҚА САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУДЕ АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТ АТҚАРЫП ЖҮРГЕН БАРША ҰСТАЗДАРДЫҢ БАСЫН ҚОСТЫ.

Аудандық мәдениет үйінде өткен ауқымды іс-шара жылдағыдан ерекше тойланды. Аудандық мәдениет үйінің фоесінде ұстаздарға мерекел үстел жайылып, «Өлке сазы» ансамблі ұстаздардың құрметіне күмбірлеген күй мен әуезді әндерін тарту етті. Салтанатты шараға білім саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагер ұстаздар арнайы шақырылып, мерекелік кештің төрінен орын алды. Одан кейін мерекелік шараға жиылған ұстаздарға сый-құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары таратылды. Айтулы шара үстінде барша ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтау үшін алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы «Құрметті ұстаздар, қадірменді ардагерлеріміз көптеген жылдар бойы осы салада еңбек етіп тер төгіп жүрген барша ұстаздар бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің елімізге қосып жатқан үлестеріңіз өте көп. Аудандағы әртүрлі қоғамдық жұмыспен бірге басқа да іс-шараларды қоса атқарып жүрген ұстаздар күш-жігерлеріңіз таусылмасын. Алдағы уақытта табыстарыңыз мол болып, биіктен көріне берулеріңізге тілектеспін.», — деп мерекелік тілегін білдіре отырып,  білім саласының дамуына сүбелі үлестерін қосып, нәтижелі жұмыс жасап жатқан педогогтартарға облыстық білім басқармасының алғыс хаттарын табыстады. Келесі кезекте аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Меруенов ауданның білім көрсеткішін жоғары дәрежеге жеткізіп, әрқайсысы өзіндік үлестерін қосып отырған ұстаздар қауымын құттықтап, бірқатар ұстаздарға аудан әкімінің алғыс хатын табыстаса, аудандық білім және қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Гүлмира Избағамбетова да барша ұстаздарға ыстық тілегін білдіріп, облыстық білім басқармасының және аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапаттады. «Ұстаздар мәртебесін көтеру керек», — деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай ұстаздар күні шексіз алғыс пен марапатқа ұласты. Шара соңында аудан өнерпаздары арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар