Әкімдік

Еңбек күшіне сұраныс – ертеңге сенім

Өткен аптада ауыл әкімдерінің есебі Саралжын ауылдық округінде жалғасты. Округ әкімі Абат Мүбараков 11 түтіні бар Қоңырат ауылының тұрғындарына жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Екі адам еңбекақы алатын мемлекеттен қаржыландырылатын медициналық пункті ғана бар ауылдың негізгі тірлігі мал. Ауылдағы бастауыш мектептің де жабылғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Сондықтан да, ол мәселені ешкім қозғаған жоқ. Себебі, мектепке баратын бала да жоқ. Яғни, шаруаға жайлы шағын ауылда тұрғындарының дені тұрақты келетін зейнетақы мен алдарындағы малдарына иек артып отырғандар. Тек ауылдың келешегін ойлаған әкім бос тұрған 5-6 үйге басқа өңірлерден жас отбасыларды көшіріп әкелуді ойластырып отыр. Өйткені, іргедегі шаруашылықтарға еңбек күші керек. Ауылдың болашағын солай ғана «бекітуге» бел шешіп отырған Абат Қаратауұлы бастауыш мектепті ашуға әлі де үмітті. Мұндай үмітті сыйлап отырған қазірдің өзінде бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып, алдағы уақытта үлкен мал бордақылау кешенін салуды көздеп жүрген «Тәжібай-Агро» ЖШС-і. Демек, таяу уақытта тағы да еңбек жасындағы 4-5 отбасы көшіп келсе, мәселені көтеруге болады.
Ал, округке қарасты Шиқұдық ауылында өткен кездесуде қойылған сұрақтардың дені аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бекболат Иманғалиевқа бағытталды. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік жәрдемақы жайлы болды. Өйткені, өткен жылы бұл ауылда 35 үйден 8-і атаулы әлеуметтік көмек алған. Алты балалы ана Ақбөбек Әжібаева еңбек орнының әлеуметтік аударымды артық аударып жібергенінің салдарынан тиесілі атаулы әлеуметтік көмектен қағылып отырғандығын айтты. Әрине, жіберілген кемшіліктердің барлығы түзетілгенімен біздің түсінуімізше деректер базадан шықпай тұр. Демек, бұл біреудің қателігінің кесірі. Ал, көп балалы ана Күміс Сатаева, «Биылғы жылдан бастап жаңа форматтағы жәрдемақы алатындардың атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруға құқығы бар ма?» – деп сұрады. Бекболат Жонысұлы жан-жақты жауап берді.
Екі ауылда да ауыл әкімінің есебіне арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев кейбір мәселелерге қосымша түсінік беріп, аудан бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.

С.ХАМЗИН,
Ойыл – Қоңырат – Шиқұдық – Ойыл.

Басқа жаңалықтар