Әкімдік

Демографиялық даму – ауылдың келешегінің кепілі

Өткен аптада аудан бойынша ауылдық округ әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулері басталды. Ең бірінші болып есеп беру Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округтің әкімі Әділбек Ізбасовтың еншісіне тиді. Өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндаған ауыл әкімі былтыр Қарасуда «Туған жерге тағзым» акциясының арқасында бастауыш мектептің жанына балалардың ойын алаңы жасақталғанын және ауыл көшелеріне шамдардың орнатылғанын айтты. Сонымен қатар, биыл күн сәулесінен қуат алатын көше шамдарын орнату жоспарланып отыр.
Округтің шағын ауылы – Қарасудан басталған есепке аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаевпен бірқатар мекеме басшылары қатысты. Небәрі 19 түтіні бар ауылдың негізгі «жыры» бұрыннан белгілі. Яғни, таза ауыз су. Орталықтан тоғыз-ақ шақырым ауыл үшін тасып ішуге де болады. Бірақ, мәселені шешу жолы ауыз суды құятын құдықты қазып дайындауға көбісінің құлығы жоқ. Екі-ақ үй арнайы қазылған құдыққа ауыз суды тасып құйып ішіп отыр. Қалғандары әлі де көмек күтуде. Алайда, орталықтандырылған су құбырын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Жоғарыда айтқандай небәрі 19 үй. Екіншіден аудан әкімі орынбасарының айтуынша, таяу төңіректе тұщы су қоры жоқ. Сондықтан, Аслан Кенжебайұлы тұрғындар ауыз су құятын құдықтарын дайындаса, арнаулы автокөлікпен тасымалды ұйымдастыратынын да айтты. Бастауыш мектеп пен медициналық пункттен басқа мекемесі жоқ ауылдың тағы бір негізгі мәселелерін Асылбек Оспанов көтерді. Яғни, мал моласының ауылға тым жақын орналасқаны. Санитарлық талап бойынша ауылдан ең кемі 2 шақырым болуы керек. Бірақ, тұрғындардың өлексені іргедегі мал моланың да ішіне салуға мойындары жар бермейді екен. Соның салдарынан жазғы ыстықта иіс ауылды алып кетеді. Сонымен қатар, Серік Тілепбергенов күл-қоқыс полигонын жасақтауды күн тәртібіне көтерді.
Ал, өткен жылы көлге су шықпағандықтан, Сансызбай Молдағұлов шабындық мәселесін алға тартты. Далалық өртке жұмылып тосқауыл қоюды көтерген жігіттердің уәжі де түсінікті. Тұрғындардың бәрі де ауылға көгілдір отын құбырын тарту мәселесінің жайын сұрайды.
Есеп беру кездесуде сөз алғандардың сауалдары мен көтерген мәселелеріне аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев нақты жауап берді. Бірақ, ауылдың келешегі демографиялық дамуға байланысты. Өйткені, Қарасудың 19 үйінен мектепке баратын бес-ақ бала бар…
Түстен кейін Құмжарған ауылындағы есепте округ әкімі Әділбек Жансерікұлы жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндай келе, тұрғындарды ауылдың тазалығына баса мән беруге шақырды. Өйткені, малдың қиы мен күл-қоқыстарын көшенің бойына үйіп қойғандар көп. Сондықтан, тазалық талаптарын өрескел бұзып отырғандардың барлығына ескерту берілді. Бұл мәселені аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Азамат Көкебаев та көтерді. Сонымен қатар, ауылдың тазалығына нұқсан келтіріп отырғандардың бірі жерлері бола тұра малдарын ауылға қыстатып отырған шаруа қожалықтары. Бұл жағдайға байланысты аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жасұлан Ержанов шаруашылық жетекшілеріне қойылатын талаптарды толық түсіндірді. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Аралбай Жолдыбаев атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің жаңа форматы туралы түсіндірсе, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Майланов үш жылға шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийға түсінік беріп, салық салу саласындағы жаңалықтарды жеткізді.
Ал, Құмжарған ауылында былтыр «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы ауыл клубына ағымдағы жөндеу жүргізілсе, көшеге он фонарь орнатылды. Сонымен қатар, «Туған жерге тағзым» акциясының да ауылды көркейтуге тигізген септігі көп. Тұрғындар болса, ауылға балабақша мен ұялы байланыс туралы мәселені көтерді. Ауылда балабақша ашуға бала санының аздығы кедергі болса, аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев ұялы байланысты шешу жолдарын түсіндірді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл – Қарасу – Құмжарған — Ойыл.

Басқа жаңалықтар