Әкімдік
Мектептің «мұңы» екі ауылды да алаңдатып отыр
Аудан әкімінің тұрғындар алдында есеп беру-кездесуі биыл да әдеттегідей ақ тарының атасы Шығанақтың Берсиев атындағы ауылдық округтің орталығы Қаратал селосында басталды. Алдымен тұрғындарға округ аумағында жыл ішінде атқарылған жұмыстарды ауыл әкімі Әділбек Ізбасов баяндады. Одан соң ауданның өткен жылғы тынысына аудан әкімінің міндетін атқарушы Аслан Кенжебаев шолу жасады.
Іргесінде бүкіл батыс өңіріне мәшһүр Сүлеймендей әулие сынықшының мәңгілік дамыл тапқан мекені мен түнек үйі бар ауылға қысы-жазы ағылған көлік те есеп жоқ. Сырқатына шипа іздеп келгендердің бәрі де Ойылмен екі арадағы жиырма шақырым жолдың жайын айтатын. Әсіресе, бұрын-соңды келмеген қонақтардан қатты қысылатын едік. Бізді бұл ұяттан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы құтқарды. Жиырма шақырым жолға былтыр жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Өйткені, бұл мәселені қараталдықтар да көптен бері көтеріп келе жатыр еді… Сондықтан тұрғындардың сауалы басқа арнаға ауды. Мәселен, еңбек ардагері Жауғашты Жонысов қашанда ауылдың болашағы адамымен өлшенетінін, қазақы ауылдардың да «қартайып» бара жатқанын, жастардың жаппай қалаға «қашуын» айтып, ішкі миграцияны тоқтату үшін ауылға көгілдір отынды жеткізіп, жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынды. Ал, мектептің жұмысшысы Ықылас Қарабалин ауыл тұрғындарының барлығын алаңдатып отырған мектептің «мұңын» жеткізді. Яғни, көмірдің сапасы. Қысқа дейін «күл» болып кеткен көмірді кәдімгідей елеп жағып отырған жігіттер оның да қызуы жоқ екенін айтады. Оған біз де көз жеткіздік. Пештен шығып тұрған жылудың өзі 50 градустан аспай тұр. Осыдан кейін мектептің ішіндегі жылудың ата-аналар айтқандай екені анық. Бұл сол сәтте ауаның температурасы -2 градусты көрсетіп тұрғанда. Биыл Ойылда 10-15 градустан артық аяз болған жоқ. Ал, -30 градус аяз болса…
Аслан Кенжебайұлы тұрғындар сауалына орай толық түсінік берді. Әсіресе, соңғы сұрақ. Рас, бұл мәселеден аудан басшылығы хабардар. Біріншіден көмір жеткізуші тендер арқылы анықталды. Мердігер қыркүйек айының ішінде ауданның қатты отынмен жылытылатын барлық мектептеріне көмірді жеткізіп берді. Ал, ауданда көмірдің сертификатымен сәйкестігін тексеретін, сапасын анықтайтын лаборатория немесе құрылғы жоқ. Осыған дейін сұйық отынмен жылытылып, оқушылары көйлекшең жүрген мектептерді қатты отынға ауыстыруға бұрынғы облыс басшысының пәрмен бергенін өз құлағымызбен естідік. Яғни, мектептерді бір жылда жиырмасыншы ғасырға шегеріп кетті. Қаржы үнемдеуді ұлтымыздың болашағы – балалардың денсаулығы есебінен жүзеге асырсақ, ұрпақтың алдында кім ұялады?
Дәулеті мен сәулеті сай Көптоғай ауылында алдымен округ әкімі Ерлан Асылбаев өткен жылдың ішінде жерлестерімен жұмыла атқарған жұмыстарын жеткізді. Әсіресе, «Туған жерге тағзым!» акциясына атсалысқан жерлестерінің еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, көп жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан ауылға жаңа типтік үлгідегі амбулаторияның қажеттігіне ерекше тоқталды. Мұнда да аудан әкімінің міндетін атқарушы Аслан Кенжебаев өлкеміздің өткен жылғы табысы мен алдағы міндеттерді баяндады. Аслан Кенжебайұлының екі ауылда да ерекше тоқталып жеткізген басты жаңалығы — ауданға оптикалық талшықты байланыс жүйесінің келуі.
Тұрғындардың сауалына кезек келгенде, мектептің «мұңы» тағы да атқарушы биліктің алдынан шықты. Бұл мәселені көп балалы ана Жаңылсын Азанова айтқанда, кейбіреулер қол соғып та жіберді. Ал, көптоғайлықтар да негізінен көгілдір отынды асыға күтіп отыр. Көтерме жолдың жайын жеткізген шаруалардың тілегі де түсінікті. Тұрғындардың сауалдарына орай облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қаржаубай Ыбырайымұлы жан-жақты түсінік берді. Мәселен, Қаратал, Көптоғай ауылдарына газ құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Осы бағыттағы облыстың ұзақ мерзімді бағдарламасымен таныстырған Қаржаубай Ыбырайымұлы негізінен мал баққанымен өркениеттің көшіне ілескен ауылдардың тұрмысына шынайы ризашылығын білдірді.
Р.S.
Тұрғындардың жекелеген сауалдарына әкімдердің есеп беру-кездесулеріне қатысқан мекеме басшылары жауап беріп, соңынан қоғамдық қабылдау өткізді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.