Мәдениет

«Аналар кеңесі – ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі»

Бүгінде Аналар кеңесі қазақстандық отансүйгіштік пен этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық  дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуда өз үлесін қосып келеді. Үй мен түзді қатар ұстап, қоғамның белсенді мүшесіне айналған әйелдер қауымы отбасы тыныштығы мен елдің амандығына жанашыр болып отыр. Жуырда әйелдердің қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесіндегі ролі, қоғамдағы жаңашыл бастамалары туралы аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы, «Мәдениет саласының үздігі», «Замандас» аналар клубының жетекшісі, «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының меңгерушісі Айсұлу Кенесарықызымен сұқбаттасқан болатынбыз. 

– Айсұлу Кенесарықызы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесінің» қазіргі бағыты қандай? 

Бұл кеңестің құрылуы — Елбасы саясатын жүзеге асыруға, ондағы айтылған тапсырманы тындырымды атқаруға, мемлекет тағдырына тың серпін беруге бағытталған. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында консультативтiк-кеңесшi орган ретiнде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде «Аналар кеңесі» жұмыс атқарады.
Ойылда да аудандық Аналар кеңесімен қатар ауылдық жерлерде де «Аналар кеңесі» құрылды. Бұл кеңесті Қараойда тәжірибелі, бала тәрбиесіне үлес қосқан, саясаттың қазанында қайнаған, бұрын аудандық мәслихат депутаты болған қазіргі кезде зейнеткер   Зоя Бозшиева басқарса, Берсиев ауылдық округінде бұрынғы мәдениет қызметкері Шекер Қауметова апамыз басқарады. Бұл Кеңес 7 ауылдық округте де жұмыс жасап отыр.
Кеңес құрылған күннен бастап, ажырасудың алдын-алу, отбасындағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде iс-шара ұйымдастырып, бірқатар ауқымды бастамаларды қолға алды. Сондай-ақ, гендерлік саясатты іске асыру бағытындағы әйелдердің бизнесте алар орнын сөз ететін жиындар жиі өткізіледі. Жастардың патриот болып өсуіне, қоғам тірлігі үшін атсалысуына бағыт-бағдар беріп отырады.

– Кеңес жұмысында  көбіне отбасы құндылығына қатысты шаралар өткізіледі екен. Отбасы құндылығы жөнінде не айтар  едіңіз?

Бүгінде аналарымызды елімізде болып жатқан оң өзгерістер қызықтырады. Сонымен қатар, аналарымыз мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігінен қалыс қалмау жағын ойлайды. Ал, өзіңіз айтып отырған отбасы құндылығы бұл әр шаңырақтың ғана емес ,Отанымыздың қазынасы болу керек. Сондықтан, аналарымыз  ұрпақтарымыздың ұлттық салт-дәстүрде тәрбиеленіп, өз елінің тарихы мен шежіресін жаттап өсіп, өз отбасын мақтан етуіне, ұлтымыздың әні мен сазын сүюіне бар жұмыстарын бағыттап отыр. Бұл тұрғыда мәдениет үйі жанындағы, өзім жетекшілік етіп отырған «Замандас» аналар клубы үлкен жұмыстар атқарып келеді. Болашақ отбасын бала күнінен тәрбиелеуде аналар түрлі шаралар ойлап табуда. Атап айтсақ, бүгінгі қызбала — ертеңгі ана. Қызбала тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі.  Қызбаланың бойын күтуі, шаштарына ұлттық дәстүрде шашбау тағуға қызықтыру, инабаттылыққа баулу мақсатында мектеп оқушыларымен, жастармен түрлі шаралар жүргізіп отырады. Жас отбасыларына көмекке келіп, түсініспеушіліктерін де шешіп отырады. «Замандас» аналар клубы отбасы құндылықтарын сақтау, отбасында ер адамның мәртебесін көтеру мақсатында «Әйел бақыты» жас келіндер клубын ашты. Жас келіндер клубы бүгінгі таңда «Ұлттық  құндылықтар: Ұмыт болған дәстүрлер» атты онлайн жоба жасап, әр сенбіде желіге салып отыр. Ауданымыз соңғы жылдары көркейіп, дамып, оң өзгерістерге бетбұрып келеді. Ауылдың көркі арта түсті. Соның бәріне аудан халқының, әр отбасыныңда үлесі бар деп ойлаймын. Өйткені, ауыл ажары бір ғимаратпен кірмейді, әр үйдің тазалығы, мәдениеті әсер етеді.

— Айсұлу Кенесарықызы, төтенше жағдай кезінде ел ағалары аз қамтылған отбасыларға көмек қолдарын созып жатты. Сіздер қандай көмек көрсеттіңіздер?

Карантин кезінде аудан болып, әр мекеме аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолдарын созды. Бұл елдің елдігін көрсетеді. Осы кезде «Аналар кеңесінің» төрайымы, аудандық мәслихат депутаты ретінде мен де өз үлесімді қостым. «Біз біргеміз» акциясына қолдау көрсетіп, игі іске мұрындық болып аз қамтылған отбасыларға 40 үйге 10 мың теңгеден 400,0 /төрт жүз/ мың теңгеге орталықтағы төрт депутат / Р.Оралбаева, С.Нұрбаев,И.Берғалиев және өзім/ 300,0 /үш жүз мың теңгені класстасым, облыстық маслихат депутаты Талғат Салфиковтан көмек сұрап, азық-түлік алуды ұйымдастырдым. Сонымен бірге, 1980 жылғы түлектер 40 жылдық кездесуімізді жасамай, аудандық ауруханаға «Монитор пациента ВМ-1» аппаратын алуға мұрындық болдым. Барлығы 1980 мың теңгеге 2 данасын әпердік. Бұл жолы да қаржының басым бөлігін Талғат Салфиков қосты. Талғатқа өз атымнан Ойыл халқының атынан, көтерген бастамама қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіремін.

— Тәуелсіздік күні қарсаңындағы тілегіңізді білдірсеңіз.

Тәуелсіздік  мерекесі — Ұлы мереке. Мереке баршамызға құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Індеттен құтылып, халқымыз той-думанда, мерекеде өмір сүрсін!

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан С.ҚОЙБАҒАРОВ.

Басқа жаңалықтар