ӘкімдікБасты тақырып
Сенаторлар Ойылдың бүгінгі келбетіне сүйсінді
Бүгін Ойыл ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұқтар Жұмағазиев пен Бауыржан Қаниевтар келді. Ақтөбенің қай аймағының да тынысы таныс сенаторлар Ойылдағы сапарын белгілі меценат Талғат Салфиковтың ауданға тарту еткен музыка мектебінен бастады.
Ойылдағы өрелі істерде қолтаңбасы бар кәсіпкер Талғат Маратұлы биыл жалпы әлемде қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан, аудандағы тағы бір күрмеулі мәселенің шешілуіне қолұшын созды. Яғни, 34 миллион теңгеге аумағы 500 шаршы метр музыка мектебін салып берді. Бұған дейін аядай бөлмелерді сағалап келген Ойылдың жас өнерпаздарын даярлап жүрген мамандардың қуанышына ортақтасқан сенаторлар мектептің еңбек ұжымымен кездесіп, онда Мұқтар Сабырұлы өткен жылы қабылданған 110 заңның негізгі бөлігі халықтың әуелметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанын жеткізді. Соңынан жас өнерпаздармен тілдесті.
Одан соң Мұқтар Сабырұлы мен Бауыржан Нұралыұлы Ойыл аудандық орталық ауруханасының ұжымымен кездесті. Дүниені дүр сілкіндірген дертпен күрестің алғы шебінде болған дәрігерлер қауымына алғыс айтқан сенат депутаттары оларды бүгінгі күннің батырларына балады. Дәрігерлер де өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Әсіресе, жас мамандарды ауылға тұрақтандыру мәселесі толғандырады. Сондықтан, ауданға жолдамамен келіп қызмет етіп жатқан жас дәрігерлер өздерінің ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, дәрігер-хирург Бағдат Нұрдәулетұлы жас дәрігерлердің уақыт қажеттілігіне орай қосымша мамандықтарды игеру мен ауылдық жерлерде еңбек ететін дәрігерлерге басымдықтар берілуі керектігін айтты.
Аудандағы жұмыс сапарын Сарбие ауылдық округінде жалғастырған сенаторлар ауылдағы әлеуметтік нысандарда болып, мұғалімдермен кездесіп, былтыр ғана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгіде жабдықталған дәрігерлік амбулаторияны да өз көздерімен көрді. Ауыл тұрғындары болса, негізінен жол қатынасы мен көгілдір отын мәселесін жеткізді.
Ал, Ойылдағы «Жылыжай» жұмысына өз ризашылықтарын білдірді. Мемлекеттен бес миллион теңге несие алып, өз қолдарымен тұрғызған жылыжай иесі Миржан Құлбаев пен Сапура Мырзағалиевалар аудан халқына қысы-жазы көкөніс ұсынып отыр. Сапарының соңында Сенат депутаттары ауданның Саралжын ауылдық округінде орналасқан «Тәжібай-АГРО» ЖШС-нің тынысымен танысты.
Р.S. Ақтөбе облысының бірнеше ауданында әкім болған екі сенатор да халықпен емен-жарқын тілдесіп, ашық әңгімелесті. Ойылға өзі қызмет еткен он жылдан кейін келген Мұқтар Жұмағазиев сол аралықта атқарылған істерге, халықтың тұрмысына шын тәнті болды.