ӘлеуметБасты тақырыпСпорт
СПОРТҚА ЖАНЫМЕН БЕРІЛГЕН ЕРБОЛАТ
Биылғы 12—13 мамыр күндері Ойыл ауданында күрес түрлерінің негізін қалаушы, спорт ардагері, самбодан КСРО спорт шебері, Есниязов Ерболат Тәңірбергенұлының 75 жас мерейтойына арналған еркін күрестен 2010—2011жылдары туған жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті.
Ойыл ауданының әкімшілігінің, маслихатының және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қолдауымен өткен мәдени іс шара барысында спорт ардагеріне айрықша құрмет көрсетілді.
Ал, Ерболат Есниязов кім еді?
Әрине, алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басында, тіпті сексенші жылдардың ішінде бұл азаматтың есімін ауданның, облыстың жанкүйерлері жақсы білетін еді. Сорттың бокс, самбо, күрес түрлерімен дендеп. айналысты.Самбо, еркін күрес бойынша өткен жарыста топ жарып республика чемпионы атанғаны есімізде.Самбо, еркін күрестен республикада танымал болып, одақтық жарыстарға қадам басқан спортшы болатын.
Сол белгілі спортшы Ойылда алғаш спорт мектебі ашылған сәттен күрестен жоғары дәрежелі бапкерлік қызмет атқарды. Ұзақ жыл еңбек етіп, көп шәкірттер тәрбиеледі. Сол жылдардағы күресте жүлде алған ойылдық спорт саңылақтарының көпшілігі Ерболаттың алдынан өтіп, сабақ алған болатын. Оның шаршы кілемде айқасқа түсіп, облыс, республика қоржынына жүлде салған шәкірттері бүгінде елу мен алпыстың арасында жүрген азаматтар. Мәселен, Құнанбай Дәулетқалиев, Мұрат Жақанов, Қуандық Жоламанов, Мінсізбай Жайлыбаев, Аманқос Нұрлепесов. Бұл тізімді соза беруге болар еді…
Тағдыр маған осындай даңқты спортшының балалық шағын жақсы білудің орайын келтірген еді. 1963 жылы сегізжылдық мектепті бітіргеннен кейін орта білім алуды Ойыл селосында жалғастыруым керек болды. Әкемнің өмірден ерте өткені, жасы келген жесір әйелдің баласы екенім, интернатқа қабылдауға сеп болмады.
— «Әкесі жоқ жары жетім, шешесі жоқ бүтін жетім» — деп мақалдады интернат басшысы.
Шарасы таусылған шешем Ойылдан жатқызатын жер іздеді. Ақыры таныс келіні Ұлзипа Қауымбаеваның көмегімен, сол кісінің көршісі Сән апаның үйіне орналастырды. Сол кездегі Чапаев пен Ленин көшелерінің қиылысына орналасқан селодағы жалғыз моншаның шарбағындағы төбесін қарақағазбен жапқан, саманнан тұрғызылған, аласа ғана шағын үй екен.
Апа моншада жұмыс істейді. Менен бір жас кіші, сегізінші класта оқитын ұлы, балабақшаға баратын үш жасар қызы бар. Жолдасы Ойыл өңіріне белгілі Тәңіржан Есниязов шебер екен. (Қазір ол марқұмның бір кезде қолынан шыққан өнер бұйымдары Ойылдың музейінде тұр). Дәм-тұздары жараспапты. Ажырасқанмен, әкесі баласын қамқорлап, шамасы жеткенше қарасып тұратынын білдім. Ал апа өз кезегінде Тәңіржанның кейінгі құрған отбасымен де жатырқамай жақсы араласады екен. Тумамыз деп, Тәңіржанға жақын Майлы кете азаматтарды үйге жиі қонаққа шақырады.
Сан апа аптасына үш күн жағылатын моншада уақытпен санаспай жұмыс жасады. Жұмысы ауыр. Ертеңнен кешке дейін сылпып жүреді де қояды. Бес мың халық тұратын селодағы жалғыз монша болғандықтан, келуші көп. Ер-әйел сәскеден ұзын сонар кезекке тұрады. Ертеңгілік басталған монша түнге ұласып аяқталады.
Алайда апай үшін мұнымен жұмыс бітпейді. Моншаны түнімен тазартып, жуып шығады. Осындай жанкешті жұмыста жүріп те үйін ұмытпайды. Арасында уақыт тауып, екі пілтелі керосинкаға үлкен таба қойып, тамақ пісіріп кетеді. Картоп қуырады. Картоп өнімін жаздай өзі күтіп баптаған далалықтағы танаптан жинайды. Сол картоптың дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Көбіне ірі малдың ішек-қарынын, өкпе-бауырын араластырып, қуырмаш жасайды. Сиректеу ет пісіретін де жағдайлары болады. Мұндай жылы жұмсақты апамыз біреулердің малын сойып беру арқылы табады. Қандай ірі малды да бауыздап берсе болды, қалған жайғау жұмыстарын тез тындырады. Әйел адамға мал бауыздауға болмайды деген қағиданы ұстанып, өзі мал бауыздамайды. Осы өнерін талайдан білетін көрші*көлемі, таныстары соғым науқанын қойып, былайғы жай күндері де мал союға шақырады да жатады. Былайша айтқанда, апамыздың моншадан алатын азғантай жалақысынан кейінгі, қосымша табыс көзі бұл.
Хрущевтың реформасы тұйыққа тіреліп, елдің жағдайы кетіп тұрған шақ та, апамыздың әлгіндей өнері бізді ашықтырмады. Ол кездегі біз үшін ең басты қиындық нан болды. Дүкенде нан үшін ұзын-сонар кезек тұрады. Кезекті күні бойы екі милиция бақылайды. Бір қолға бір нан, артық жоқ. Екі бөлек сыныпта оқитын Ерболат екеуміз сабақтан қалай шығуымызбен байланысты дүкенге келіп, екі жерден нанның кезегіне тұрғанда, қолымызға екі нан тиюі сирек, кейде бір нан, кейде құр қол шығамыз. Сондағы алған нанымыздың сапасы нашар. Таңдау жоқ, бірыңғай қара нан. Тіпті кейін наубайхана ол ұнды да таба алмай, жүгері ұнын араластырып пісіретін болды. Онысы көкаязданып шемен болып қатып қалады.
Ерболат деген баланың мінезі алғашында маған қызық көрінді. Айырмамыз бір жас қана болғанмен, ауылдан келген мені бірден аға тұтты. Бауырмалдығы сондай, төсекке қатар жатқанда, басын бауырыма тығып ұйықтайды. Аз күнде екеуміз тез үйренісіп, бір үйдің баласындай бауырласып кеттік. Сенікі-менікі жоқ, бір-біріміздің киімімізді кие береміз. Ұдайы егіз қозыдай боп бірге жүреміз, бірге тұрамыз. Екі «сменда», мен түске дейін, ол түсқайта оқыдық. Апамыз табаға картоп пісіріп, моншадағы жұмысына кетеді. Мен сабақтан келгенде, табадағы картоптың тең жартысы тұрады. Ерболат пышақпен ортасынан қақ бөліп жеген де, сабаққа кеткен. Ол қалдырған жары таба картопты мен жеймін. Сонда апамыздың да тамағы бар-ау деп екеуміз де ойламаймыз. Жарықтық, қанша жыл үйінде жатқанымда бір ескертуін, не ұрысқанын естімедім. Шешемдей бақты. Ауылда өскен ақжүрек балалармыз ғой. Ойылға ауылдан келіп жүрген ағайын-туғандарымды да, өз үйім бардай, ерітіп келе беретінмін. Қабақ шытпай дастарханын жайып, бар мәзірін алдына қоятын.
Анасы сияқты, Ерболаттың да өзіне тән ерекшеліктері көп екенін алғашқы кездерде-ақ байқадым.
Есіл-дерті спортқа ауған. Ертелі-кеш гантель қолынан түспейді. Қысы-жазы ұйқыдан тұра, жалаң аяқ, қар басып тұрып, үстіне мұздай су құяды. Аулада шынжыр табанды трактордың каток-дөңгелек темірлерінен өзі құрастырған белтемірді көтереді де жатады. Басы имек біткен табиғи кеспелтек таяғымен аулада бір өзі хоккей ойнайды. Осылай өзін шынықтырып, күні бойы тыным таппайды. Мектептегі бокс, күрес үйірмесіне қатысады. Бокспен шұғылданатын өзі қатарлы балаларды шақырып, монша жақпайтын күндері дәлізінде жиі жаттығу өткізеді.
Ол уақыт та спорт құралдары тапшы. Бокс қолғап біреуде бар, біреуде жоқ. Нағыз хоккей таяғын көрмейсің. Жалғыз штанга —белтемір мектептің спорт залында ғана.
Спорт оқулықтары,әсіресе қазақ тіліндегі кітаптар ауылға жете бермейді. Ерболат одақтан шығатын «Советский спорт», республикалық» Спорт» газеттерін жаздырып алады. Қайдан табатынын білмеймін, орыс тілінде жазылған самбо, күрес, бокс туралы жаттығу кітаптарын оқып жүреді. Оқып қоймайды, кітап ішіндегі суреттер арқалы көрсетілген жаттығуларды жиі-жиі қайталайды. Бірде үйдегі аядай бөлмеде еркін күрестің «Қайшылау» деп аталатын әдісін маған жасағаны бар. Яғни секіріп ауада көлденең қалқып тұрып, сонша жылдамдықпен бір сирағын қарсыласының кеудесінен, екінші сиырағын қарсыласының екі аяғының сыртынан іліп, қайшылап, қарсыласын шалқасынан сұлатып түсіреді. Ерболаттың айтуынша, бұл әдісті қазақ палуанының ішінен Әбілсейіт Айқанов қана қолданады. Сол тұстағы әйгілі қазақ боксшы Әбдісалан Нұрмахановты да пір тұтады. «Қайраттың» ойынын жібермейді.
Ол кезде Ойылда телевизор жоқ, әр үйдің қабырғасында ілулі
тұратын құйттай радиоқабылдағыштан хабар тыңдалады. Ерболат сол радионың бағдарламаларын жазып алып, Одақ бойынша футболдан, хоккейден, әр деңгейдегі қай команда қашан кездесетінін алдын-ала біліп отырады. Радиодан берілетін спортық кездесулердің репортаждарын жібермей тыңдап, екі команданың біріне жанкүйер болып, күйіп-пісіп отырғаны. Кездесу нәтижелерін үзбей жазып жүреді. Бұдан бөлек, одақ бойынша ауыр атлетикаға қатысушылардың нәтижелерін бір бөлек тізеді. Осылардың барлығын қамтып, қалың бетті дәптерге арнайы кесте жүргізеді. Соған спорттың сан түрінің әр ойынының нәтижелерін ертеңді қаракеш ерінбей жазып жүреді.
Бір кемшілігі күнделікті оқуға тап спортқа құлшынғандай еңбектенбейді, табандылық көрсетпейді. Егер сондай құлшынысты оқуға арнаса, Ерболат мектептегі үздік оқушы болар еді.
Соның өзінде зеректігі ғой, мектепті жақсы бітірді.
Он бір жылдық оқу жойылып, оныншы сыныпта оқитын Ерболат екеуміз мектепті бірге бітіріп, аттестат алып шықтық.
Ендігі оның алға қойған мақсаты — Алматының спорт және дене тәрбиесі институтына түсу болды. Былайғы жұрт ол оқу орынына түсуді оңай көреді. Ерболат сияқты спортқа қабілеті барды ала беретін шығар деп ойлайды. Ал шын мәнінде олай емес, ең қиын оқу осы екен. Емтиханы екі бөліктен тұрады: спорттық нормативтер орындайды. Сосын математикадан бастап, күллі күрделі пәндерден бес-алты емтихан тапсырады. Қанша жыл барғанда жан-жақты спортшы Ерболат спорттық нормативтерді орындауда алдына жан салмайды да, әлгіндей ең қиын пәндік емтихандардан сүрінеді. Оқуға түсе алмаған талапкерді ол кезде сол күзде-ақ әскер қатарына алады. Ерболат та Қиыр Шығыстан бір-ақ шығып, теңізші болып қызмет етті. Ұдайы спорттық жарыстарға қатысып, өз әскери бөлімінің намысын қорғады. Үш жыл Қиыр Шығыста болып, теңізші формасымен оралған Ерболаттың келбет тұлғасы бөлек еді. Спорттық бабындағы бозбалаға ауылдастары сүйсіне қарады.
Сол кездегі шет елдік футболшы, хоккейші жастарға еліктеп, желке шашын өсіріп иығына түсіріп жүретін.
Самбо, бокс, күрес сынды спорттың бірнеше түрімен айналысып, ұдайы бақ сынайтын спортшының бұл да бір ерекшелігі еді.
Әскерден келгеннен кейін де Ерболаттың бар ықыласы Алматыға ауды да тұрды. Дене тәрбиесі институтында оқып жоғары білім, әйгілі бапкерлерден өзі қалаған спорттың түрінен тәлім алғысы келді. Алайда қанша талаптанса да, жолы болмай қойды. Алматыдан кетпей, құрылыс орындарында жұмыс істеп, үш жыл бойы оқуға қалайда түсем деп табандылық көрсетті.
Алматыға іссапармен барып жүріп, Ерболатты осындай жағдайда талай көрдім. Ол кезде қалада тұрғылықты тіркелу былай тұрсын, уақытша тұру үшін тіркелудің өзі қиямет-қайым болатын. Сондай ресми ұлықсаты болмаған Ерболат үш жыл милициядан қашып-пысып, құрылыста жұмыс істеп, соның жатаханасындағы таныстарына, ауылдас студентерге барып жасырынып түнеп жүрген.
Ол кезде паспорттық режимнің талабы аса қатал. Әр ұстаған сайын қаладан 24 сағаттың ішінде кетіп болуға шешім шығарып, төлқұжатқа мөрлеп басып беріп отырған. Мен көргенде Ерболаттың төлқұжатында бос жер қалмаған екен.
Осындай қиын жағдайда жүрген інімді аяп, мен ауылға қайтуға кеңес бердім. Және соған көндіріп, өзіммен бірге ұшаққа билет алдым. Ойылға келгенімізде, әсіресе бұған анасы мықтап қуанды. Өз үйі — өлең төсегіне жеткесін Ерболат жаңа тірлік бастады. Спорт мектебіне бапкер болып қызметке кірісті. Ауданның, облыстың намысын қорғап, спорттық жарыстарға да жиі барып жүрді.
Ақтөбенің Хромтау ауданының Мағаджан кеңшарында тұратын Айсұлу есімді сүйгеніне қосылып, отбасын құрды. Құда болып өзім бардым. Келін Ойыл қазақ орта мектебіне ұстаз болып орналасып. біраз жыл жұмыс істеді. Сырт көз қызыққандай үлгілі отбасы болды, аналары Сән апамызды жақсы бақты.
Бір ұл, бір қыз дүниеге келді. Қарындасы Ғалия Ақтөбе қаласында тұратын теңіне тұрмысқа шығып, апамыз құдалық—құдағилық ретпен екі ортаны жол қылып жүрді.
Осы қызықты күндер жалғаса берер ме еді, егер кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар бұл жас отбасының да алдына тосқауыл қоймағанда. Ерболатқа да отбасын сақтап, анасын, бала-шағасын асырау үшін қала маңына жақындауға тура келді. Хромтау ауданының Ақжар елді мекенінен қоныс тапты. Жары ұстаздық жолын жалғастырды. Өзі бір кездегі Ойыл кәсіптік-техникалық училищесінен алған механизаторлық мамандығы бойынша еңбек етті. Бойына өнер қонған Тәңіржан шебердің баласы ғой, механизаторлығынан да гөрі, дәнекерлеушілігімен аты шықты. Екі мыңыншы жылға дейін Ақтөбе, Хромтау өңірлерінің көлік жүргізушілері дәнекерлету үшін Ақжар ауылына Ерболатты іздеп келіп жүреді екен. Шеберлік қасиет қанында бар азаматтың дәнекерлеген бұйымы балталаса ажырамайтын көрінеді.
Осындай қажырлы еңбекпен өткен соңғы ширек ғасыр Ерболаттың өміріне де өз өрнегін салды. Қызы бойжетіп тұрмысқа шықты. Ұлы ержетіп үйленді. Немерелердің қызығын көрді.
Өмірден жоғалтқаны да аз емес. Анасымен қимай қоштасып еді. Ең қиыны — қарттыққа аяқ басқанда, елу жылға таяу отасқан серігінен айрылып қалды.
Ерболаттың бұл өмірден бір түйгені — шәкірттерге сіңірген еңбек еш ұмтылмайды екен.
Бұл— Ойылдың спорт мектебінде жұмыс істеп кеткелі қашан! Алғашқы баулыған спортшылары егде тартып, соңы жігітағасы қатарына қосылды. Бір кездегі бапкерлерін көкке көтеріп жүрген де солар.
Осы бір екі жылдықта бір шәкірті сонау Хромтаудан шақырып ат мінгізген еді. Сонда көңілі әжептәуір босаған. Енді міне, ұстазымыз 75 жасқа толды деп еркін күрестен арнайы облыстық турнир өткізіп отыр. Әңгіме — міңген ат та, киген шапан да емес, қырық жыл артта қалған бір кездегі еңбекті елегенде. «Қаз тойғанына емес, орғанына мәз» деген, Ерболат та туған жерінен көрген құрметіне марқайып, риза болып қайтты.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті
журналисі.