Әкімдік
Қараталға биыл газ құбыры тартылады
АУДАН ӘКІМІНІҢ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУ-КЕЗДЕСУІ БИЫЛ ДА ӘДЕТТЕГІДЕЙ АҚ ТАРЫНЫҢ АТАСЫ ШЫҒАНАҚ БЕРСИЕВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТІҢ ОРТАЛЫҒЫ ҚАРАТАЛ СЕЛОСЫНДА БАСТАЛДЫ. ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫНА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНАН АРНАЙЫ КЕЛГЕН ӨКІЛ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ КЕҢЕС ҚАНАТБАЕВ ПЕН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ СӘКЕН ЗАЙМОЛДИН ҚАТЫСТЫ.
Алдымен тұрғындарға округ аумағында жыл ішінде атқарылған жұмыстарды ауыл әкімі Әділбек Ізбасов баяндады. Одан соң ауданның өткен жылғы тынысына аудан әкімі Асқар Қазыбаев кеңірек тоқталып өтті. Нақтырақ айтсақ, аудан басшысы ауыларалық жолдар мен елді-мекендерге ауыз су, газ құбырын тарту сияқты ауқымды жұмыстар биыл да үлкен көлемде атқарылғалы отырғандығын мәлім етті. Соның бірі биыл Қараталға көгілдір отын тарту жұмыстары басталады.
Әкімдердің есептері аяқталған соң, қараталдықтардың аудан әкімі мен ауыл әкіміне сауалдары көп болды. Жергілікті билік өкілдеріне ағыла түскен сұрақтар мен проблемаларын саралай келе бірқатарына тоқталсақ, ауылда мал азығы қиындық тудырып отыр. Мәселен бір бума шөптің бағасы 10 000 теңгеге жетті. Сондай-ақ, бір кездері өткел бермейтін Ойыл өзенінің қазіргі жайын да қозғады. Одан бөлек ауылда қоқыс төгетін орынның көлемі ұлғайған. Жиырма шақырым жолға былтыр жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары аяқталғанымен тұрғындарды жолдың сапасыздығы алаңдатады. Ауыл тұрғыны Саламат Шаңғала аудан орталығына барып-келетін жолақының қымбаттығын айта келе «Қалада тұратын балаларына соғым етін, яғни сыбағаларын берудің өзі қиындық тудырады», — деп оның себебін сұрады. Сонымен қатар шиыршықталған шөптің көлемі мен салмағы өте төмен екендігін айтып, ауылға көгілдір отын келсе, оған үйлерінің құжаттары дайын еместігін жеткізді. Ал, ауыл ақсақалы Жауғашты Жонысов «Ақтөбе», «Ойыл» газеттеріне жазыла алмай жүргендігін айта келе, округ орталығынан бұрын жабылып қалған «Почтаны» қайта ашып берсеңіздер деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ ауыл әкімінің атқарған жұмыстарына көңілі толмайтынында жасырмады.
Жиында қойылған сауалдарға рет-ретімен жауап берген аудан әкімі алдымен «ауылда шөп жоқ деп алаңдап, оны сырттан іздеудің қажеті жоқ», — деді. Өйткені осындай жағдайдың боларын білген соң науқан кезінде мал азығының қоры жасақталды. Біздің байқауымызша Қаратал тұрғындары «кәрі құданың» ерте келерін елемеген тәрізді. Себебі бұрын малдарын қыс бойы жайып шығатын қараталдықтар биылда сол дағдыны қайталап отыр. Ал, Ойыл өзенінің тартылу себебін тұрғындарға түсіндірген аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы табиғаттың мұндай құбылысын қалпына келтіру республикалық деңгейдегі шаруа екендігін айтып, бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, зерделеніп облыстық деңгейде көтеріліп жатқандығын айтып өтті. Сондықтан тұрғындарды теріс пікірде болмауға шақырып, әзірге үмітіміз биыл қар мол түсіп жатса, оның қайта тасу ықтималдығын жеткізді. Әрі қарай «Жолдың сапасына келсек, шу шығарып жатудың қажеті жоқ. Өйткені осы жолды жасаған мердігермен үш жылға келісім шартқа отырдық. Егер жол бұзылып, қиындық тудырса мердігер қайта үш жылға дейін қайта жөндеп бере алады. «Соғым етін жеткізе алмай отырмын» — дегенге тоқталсам, біз қазақбайлыққа салынбауымыз керек. Әрине балаларыңызға ет бергеніңізді қолдаймын. Бірақ алдымен мал арнайы мал сою бекеттерінде сойылуы шарт. Үйде сойылған малыңыз ауру болып шықса, балаларымыздың өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан осы ауылдың басынан да шағын мал сою алаңдарын салуға қолдау білдіреміз. Әрі қарай қоқыс төгу орыны ұлғайып жатыр деп ренжудің қажеті жоқ. Мұның бәрі осы ауыл тұрғындарының қолынан жасалынып жатқан нәрсе. Ауылға жанашырлықпен қарасақ, мұндай нәрселер болмас еді. Көлемі ұлғайған қоқысты арнайы орынға дейін ысырып, тазалап беру мәселесін жаз шыға шешеміз. Қоқыс төгу орынына бір адамды бақылауға қоямыз. Әрі қарай сіздерде сол тәртіпке бағынуларыңыз керек. Ал, ауылдан «Почта» ашу деген ұсынысты алдағы уақытта қарайтын боламыз. Ауылға биыл көгілдір отын келетіндіктен үйлеріңіздің құжаттарын осы бастан дұрыстап алуларыңыз керек. Ол үшін үйлеріңіздің құжатын реттеуге көмектесетін арнайы мамандарды ауылға арнайы жіберемін», — деген аудан басшысы Асқар Қазыбаев бірнеше сауалға толыққанды жауап берді.
Көптоғай ауылында алдымен округ әкімі Ерлан Асылбаев өткен жылдың ішінде жерлестерімен жұмыла атқарған жұмыстарын жеткізді. Әсіресе, «Туған жерге тағзым!» акциясына атсалысқан жерлестерінің еңбегін ерекше атап өтті. Мұнда да аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы өлкеміздің өткен жылғы табысы мен алдағы міндеттерді баяндады. Аудан басшысының екі ауылда да ерекше тоқталып жеткізген басты жаңалығы қос ауылдың көшелерін асфальттау сынды игі істер оң шешімін тауып отыр. Екі округте де сала бойынша тұрғындардың сауалдарына орай Ақтөбе облыстық ветеринарлық басқармасының басшысы Кеңес Құрманғалиұлы жан-жақты түсінік берді. Мәселен малды түрлі аурулардан сақтау үшін дәрі-дәрмектер мен екпелер бірдейлендіру базасына сәйкес есептелініп алынады. Сондықтан көбейген мал басын бірдейлендіру базасына тіркеу қажет. Ақтөбе облыстық ветеринарлық басқармасының басшысы Кеңес Құрманғалиұлының айтуынша қазіргі таңда малды жаю қағидалары қаралып жатыр. Алдағы уақытта бос жүрген малдар болмайды. Айта кетсек, биыл ветеринария қызметкерлерінің жалақысы өседі.
Тұрғындардың жекелеген сауалдарына әкімдердің есеп беру-кездесулеріне қатысқан мекеме басшылары жауап беріп, соңынан қоғамдық қабылдау өткізді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қаратал-Көптоғай-Ойыл.