Рухани жаңғыру
Адами капитал — жаңғыру негізі
Қазақ елі Тәуелсіздік алғалы бері әлемнің алпауыт елдерімен үзеңгі қағыстырумен талпынды. Осы мақсатта Елбасымыз бірнеше реформа жүргізді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауының да мақсаты һәм негізгі мағынасы елімізді жаһандық бәсекеге қабілетті ету. Елбасы осы Жолдауында «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, түбегейлі өзгертуде», — дей келе, алда атқарылуға тиіс бағдарламаларды жан-жақты баяндап берді. Әсіресе, Елбасы жаңа «Адами капитал – жаңғыру негізі» бағдарламасын анық көрсетіп, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиістігін атап көрсетті. Қазіргі таңда қазақстандық мектептердің жаңартылған білім мазмұнына көшкені белгілі. Ал бұл үдеріс 2021 жылы аяқталатын болады, яғни бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар.
Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасы күшейтіледі, бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты.
Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Осы үш тілділіктің нәтижесінде біздің мемлекетіміздің түлектері үш тілді еркін меңгерген, жан-жақты дамыған, жаһандық әлемде бәсекелестілікке қабілетті азамат пен азаматшалар болып шығады.
Елбасымыз бізге тек тапсырма берген жоқ, міндеттерді қалай жүзеге асыру тетіктерін де толығымен айқындап берді. Ендігі кезекте біздің алдымызда осы бағытта еңбек етіп, бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу міндеті тұр.
Азамат МУСАЕВ,
«NUR -25» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.