Әкімдік

Қоғамдық штаб – референдумның маңызын түсіндіреді

Биылғы наурыз айындағы Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар талап еткен реформалардың кезек күттірмей жүргізілетінін және мемлекет саясатында елдің тұрақты дамуы әрқашан басты басымдық болатынын атап өтті. Референдум — Президент айтқан реформалардың бастауы деп білеміз. Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум — жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізіледі.

Осы орайда Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды түсіндіру мақсатында құрылған аудандық қоғамдық штаб өз жұмысын бастады. Аудандық қоғамдық штаб төрағасы Серікбай Қойбағаров пен штаб мүшелері алдымен аудан орталығындағы мекемелер мен білім беру ұйымдарының ұжымдарымен кездесті. Кездесуде жаңа Қазақстан құру жолында Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде түсінік беріліп, саяси науқанға үн қосудың ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екендігіне тоқталды.

Сонымен қатар Ш.Берсиев атындағы және Саралжын ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Елді мекендегі мектеп мұғалімдері мен балабақша ұжымымен, аурухана қызметкерлерімен кездесіп, елдің келешегі мен ұрпағының болашағы алаңдататын әр қазақстандық Президент ұсынған Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша өткізілетін бүкілхалықтық референдумда дауыс беру арқылы өз үнін қоса алатынын атап өтті.

P.S. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам болып табылатын референдумды қолдаудың маңыздылығы мен Қазақстан Республикасының Конституциясын түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Гаухар АБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар