Басты тақырып

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ХАЛЫҚТЫҢ ҰСЫНЫС-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

КЕШЕ АУДАНЫМЫЗҒА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫ АМАНҒАЛИ БЕРДАЛИН, ҒАЛЫМЖАН ЕЛЕУОВ, СЕРГЕЙ СИМОНОВ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ.

«Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында өткен кездесуге аудан тұрғындары, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депуттары  мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Кездесу жиынын тізгіндеген аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов алдымен сөз кезегін Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалинге берді.

-Біздің ауданға келген мақсатымыз сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді тыңдап, ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, талқылау. 7-ші шақырылған мәжіліс депутаттары ІІ сессиясы 9 маусымда аяқталған болатын. Сессияда мәжілістің назарына 127 заң жобасы ұсынылса, оның 68-і талқыланып, толықтырып, Сенатқа жолданды. Мәжіліске ұсынылған заңның 21%-ы ауылдық жерлерден жиналған  ұсыныстар, соған сәйкес 22 заң жобасына өзгерістер енгізіледі -, деп атқарылған жұмыстарға шолу жасап, аудан тұрғындарын ашық сұхбат құруға шақырды.

Аудан тұрғындары азық-түлік бағасының қымбаттауы, жайылымдық жер, білім, денсаулық саласы бойынша ауданға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.

Еңбек ардагері Өтеген Сағатов малы жайылатын өрістің тарлығын айтса, Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиев қазіргі таңдағы күрделі мәселе «Бұралқы ит-мысықтарды аулауға қатысты заңға алдағы уақытта өзгеріс енгізіле ме?» деген сауалын қойды.

Ал, Ойыл аудандық ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жанат Базарбаева ауданға дәрігер мамандар жетіспейтіндігін, жас мамандарды ауылға шақыру үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатқандығын сұрады.

«Батысымызда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы, шығысымызда Байғанин ауданы, оң бүйірімізде Темір ауданы, сол жағымызда Атырау облысының Қызылқоға ауданы экологиялық аймаққа енген, сонымен қатар, жел жағымызда Ақтаудың күкірті мен тұзы. Осылардың ортасында «оазис» болып Ойыл ауданы тұр. Бірақ, экологиясы «тап- таза». Шынтуайтына келгенде, солай ма? Жоқ! Соңғы кезде қатерлі ісік аурулары, тері аурулары, тыныс жолдары, жүрек-қантамырлары ауруларының көбейіп кетуі ойлантады. «Ауруын жасырған өледі» демекші Ойыл ауданын экологиялық аймаққа жатқызу мәселесін көтерудің уақыты келген сияқты» -, деп «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин экология мәселесін қозғады.

Халық қалаулылары тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдарға жауап беріп, кейбір мәселелерді тиісті орындарға жеткізуге уәде етті. Әрі қарай «AMANAT» партиясы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.

P.S Қоғамдық қабылдаудан кейін мәжіліс депутаттары аудан әкімдігінде «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында және «AMANAT» партиясының жол картасы бойынша атқарылған жұмыстармен танысты.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар