ӘкімдікБасты тақырып
Көгілдір отын көп мәселені шешеді
Өткен жұма күні аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ш.Берсиев атындағы ауылдық округтің орталығы Қаратал және Қарасу, Құмжарған елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Елді мекен тұрғындарымен кездесулерде аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары жол, қысқы мал азығын дайындау, көгілдір отын сынды тағы да басқа мәселелерді көтерді.
Еске салсақ, бұрын қарасулықтар ауыз су мәселесін көтерсе, қазіргі таңда бұл мәселе шешімін тапты. Қарасуға кешенді блок модуль арқылы таза ауыз су желісін іске қосу жұмыстары басталды. Ал, қарасулықтардың ендігі тілегі көгілдір отын болып отыр. Округ орталығындағы кездесуде ауыл тұрғыны Мәтжан Сембіғалиев мектепке көгілдір отын кіргізу жөнінде мәселе көтерді. Мұнда да атқарылған жұмыстарға тоқталған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы ауыл тұрғындарын тазалық жұмыстарына назар аударып, малдың күтімін тұрақты ұйымдастыру керектігін жеткізді. Сонымен қатар ауыл шаруашылық техникаларын жеңілдікпен алу жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы мемлекеттің қолдау-көмектерін тиімді пайдалануға шақырды. Ш.Берисев атындағы ауылдық округтің қазіргі тынысы көңіл қуантады. Округ орталығына көгілдір отын барып тұр. Шағын футбол алаңы бар. Көшелерге жарық шамдары қойылып, әкімшілік ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Қазір таңда ауыл жастарын қолдау мақсатында спорт кешенінің құрылысы басталған. Екі көшеге асфальт жамылғысы төселген. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табатынын да сұрап білдік. Қараталды құдды бір атақты диқан Шығанақ атамыз бен сынықшы, әулие Сүлеймен аталарымыздың әруағы қолдап тұрғандай күй кешесің. Тұрғындарда үйлерін жөндеу, кеңейту, сыртқы қасбетін түзету жұмыстарында сәлде болса қозғалыс бар екенін ауылға кіргеннен-ақ байқауға болады. Аудан әкімінің Құмжарған елді мекеніндегі тұрғындармен кездесу жиынында да ұсыныс-пікірлер тыңдалып, қозғалған мәселенің шешілу жолдары қаралды. Аудан әкімі әрбір сұрақ пен ұсыныс-пікірлерге жауап беріп, олардың шешілу жолдарына тоқталды. Құмжарғандықтардың да басты тілегі көгілдір отын. Сондай-ақ Ойыл-Шұбарқұдық тас жолына жалғайтын 3 шақырым көтерме жолды жөндеп берулерін сұрады.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қарасу-Қаратал-Құмжарған-Ойыл.