ӘкімдікБасты тақырып

  Рәміздер – мақтанышым, айбыным!

Биыл еліміздің рәміздеріне 26 жыл толды. Бүгінде әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетіміздің рухы мен салт-санасын, қаһармандығы мен тұрақтылығының нышаны рәміздер күні жыл сайын аталып өтіледі. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы» мәдениет және демалыс орталығында болған «Ел рәміздері-ұлтымның мақтанышы» атты мәдени шарада еліміздің үш құнды белгілеріне құрмет көрсетіліп, авторлары мен мемлекетіміз үшін алатын орны туралы айтылды. Қолдарына Әнұран, елтаңба, және көк туымыз бейнеленген тақта ұстаған жастар сап құрып, патриоттық әндер шырқалды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов шараға жиналғандарды мерекелерімен құттықтаса, бүлдіршіндер ұлттық биімен, еліміздің бүгінгі көрінісін бейнелейтін тақпақтарын айтты. 4 маусым рәміздер күні туылған бүлдіршіндерді «Нұр Отан» партиясы  Ойыл аудандық филиалы туған күндерімен құттықтап, сыйлықтар жасады.

Тарихта таңбаны пайдалану дәстүрі ежелден көне түркі заманында пайда болғанын тарихи деректер дәлелдейді. Көшпелілер ортасында бір тайпадан екінші тайпа бөлініп шықққанда ең әуелі азан шақырып, ат қоюмен бірге киелі төрт қанатты туын көтере дүниені дүбірлетіп ұранын шақырып, алты алашқа паш етіп, таңбасын белгілеу дәстүр болған. Сол таңбаға қарап елін айыру мүмкін болған. Бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған. Осы зерттеумен айналысатын ғылым саласы елтаңба және тутану өмірге келгелі бірнеше ғасыр болды. «Герб» деген термин немістің «Ербо» деген сөзінен шыққан. Бұл ұғым өз тілімізде «Таңба» деген мағынаны білдіреді. Тарих тәжірибесі — ұрпақтардың кешегісі мен бүгінгісінің ең асыл, сүбелі, нағыз прогресшіл қасиеттерін біріне бірін жалғастырып отыратын өмір эстафетасы.

Қазақ даласындағы таңбалар жиынтығы — Таңбалы таста. Ол жерде ескі уақыттан сақталып келе жатқан көп елдердің таңбалары бар. Сол себептен қазақ халқының бас қосып ұран шақырған жері — Таңбалы тас деп келеміз. Қазақ елі империяға тәуелді болған жылдары Түрік қағанаты, Қарахан мемлекеті, Алтын орда, Тәуке хан мен Абылай хан мемлекеті қалыптастырған рәміздерінен айырылды. Бұл рәміздердің орнына батыс пен шығысқа өткір көзін тігіп тұрған, өткір жез тырнағын кез келген мезетте батыруға дайын тұрған қос басты самұрық құсты қазақ даласына рәміз ретінде мойындатты.

Жетпіс жыл бойы қазақ халқы өзіне тәне қасиметтерін ескеретін рәміздерін қабылдай алмады. Тәуілсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 маусымында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қазақ халқының егеменді мемлекетінің жаңа рәміздерін бекітті. Сол күннен бүгінгі күнге дейін міне 26 жыл уақыт өтті. 26 жыл желбіреген туымыздың астында Қазақ халқы егеменделде тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Біздің туымыздың зеңгір көк түсті болу себебі — біртұтастықтың, бірліктің және ашық көк аспанның белгісі. Көк байрақта орналасқан күннің белгісі тыныс тіршіліктің, шаттықтың және қайғысы жоқ өмір нышанының белгісі. Күн астында қалқып ұшып жүрген дала қыраны. Далалықтар бұл белгіні күштің, еркіндіктің және бостандықтың белгісі ретінде қабылдады. Оның қырағылығы мемлекетте бүлікшіліктің пайда болмауын бақылап тұрғандай.

Туда тағы бір белгі — ол ою өрнекті «Қошқар мүйіз». Бұл біздің бай мәдениетімізді әлем мен сұлулықты түсіндірудің эстетикалық заңдылығын қамтиды. Бүгінгі күні біздің көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратының алдында, бүкіл дүние жүзіндегі мемлекеттерде орналасқан елшіліктерміздің маңдайшаларында тұр. Мақтан тұтқан қазақ баласы Ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарыш кемесімен заңғар көкке көтерсе, алпинистеріміз Эверест шыңына алып шақты.

Әнұран — халық жүрегінің лүпілін түйген музыкалық сәлемхат тәрізді. Рух көтеру, елбасын қосу қажет болғанда барша жұрт қасиет тұтатын аруақты көсем атақта батыр атын атап ұран салған. Әнұран тек әуен емес, оның өлеңі де қасиетті. Әнұранды білу әрбір адамның басты міндеті.

Әлемге танытар – Әнұран

Рәміздерді сөз еткенде «ұлттық» сөзі ойға оралады.  Ұлттық рух, ұлттық болмыс,  ұлттық сана… Қай рәмізді алсақ та, ұлттық нақыштан аспаған. Тудың түсі, қалықтаған қыран бейнесі, жарқыраған күн мен одан сәуледей таралған 32 шуақ, тігінен салынған ою-өрнек, бәрі-бәрі бір-бірімен астасқанда ұлттық көрінісімізден бірден хабар береді. Елдіктің нышаны саналатын Елтаңба ассоциациясы да ерекше. Шаңырақ, қанатты пырақ, жұлдыз бір-бірімен үйлесім тапқан.

Қандай ел болмасын өз рәміздерімен, заң-жарлықтарымен мақтанады. Алайда, оның тереңіне бармай, құр мақтану – ұят. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Автордың тың туындысы 600 жоба арасынан көзге түсіп, жоғары кеңесте талқыланған. Күн – жарқын болашақтың, күннен тараған әр шапағат, шуақтың – молшылық пен аманшылықтың белгісі. Дала қыраны–кеңдік пен зеректікті білдіреді. Дала адамдары үшін бұл азаттық, тәуелсіздікке, мақсатқа, биікке, болашаққа ұмтылудың символы. Оюлар қазақы элементтің бірден-бір көрінісі.

Елтаңба авторы – Ж.Мәлібеков пен Ш.Уәлиханов. Шаңырақ қазақ ұғымындағы ең қасиетті де қадірлі символ. Жақсылыққа алғыс ретінде де «шаңырағың биік болсын», «шаңырағың шайқалмасын» сынды тіркестер қолданылатыны белгілі. Бір шаңырақтың астында бірнеше ұлттың тату-тәтті ғұмыр кешуі де көптің қолынан келе бермейді. Қанатты қос пырақ – қазақ санасындағы ертеден келе жатқан қиял. Бұл жерде де еркіндік, егемендікті ерекше айтқысы келген болуы керек. Елтаңбаның жоғарысында тұрған жұлдыздың да өзіне тән кең ұғымы бар. Қазақта «жұлдызың жансын», «жұлдызың жарқырасын» деген тіркестердің де барын білеміз.

Әнұранның авторын әр қазақ жатқа білуі шарт. Сөзін жазған Елбасымыз Н.Назарбаев пен Ж.Нәжімеденов. Әнін жазған Шәмші Қалдаяқов. Туған елдің бар болмысынан, тарихынан көрініс беретін бұл әннің әні мен сөзі әдемі үйлесіп, күллі қазақтың кеуде кернеп айтатын әнұранына айналғаны да қазақ деп жүрегі соққан әр азамат үшін айтары көп.

Рәміздер туралы қызықты деректер.

  1. Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез-келген құжатында болады. Туу туралы куәлік, жеке куәлік, мектеп аттестаттары, медициналық карталарда да бар.
  2. Қазіргі әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда белгіленген еді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. 1986 жылғы дүрбелеңде дәл осы ән қазақ жастарының бейресми әнұраны болған.
  3. Туды кез-келген жерде, қалай болса солай ұстауға болмайды. Сонымен қатар, оң жаққа қарай желбіреуі керек. Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында ту міндетті түрде болуы керек.
  4. Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.
  5. Елімізде Мемлекеттік рәміздер күні бар. Кей мемлекеттерде дәл осы мерекеде арнайы демалады.
  6. Тілді рәміздер қатарына қосамыз деген пікір даулы болып жүр. Себебі, кей Еуропа мемлекеттерінің рәміздер қатарына ана тілі де кіреді екен.

 

Елдіктің нышаны – елтаңба

 

Рәміздерім-елдігімнің белгісі,
Білу керек-бала-дағы ең кіші.
Рәміздерім-Әнұран,Ту, Елтаңба,
Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.

Бәрі болған қараң сынды көне
Ел белгі де, ерлік өнерде.
Жаһандағы ең жауынгер халықта,
Кім сенеді «Ту болмады» дегенге?

Енді бүгін өлген Туым тірілді,
Әнұраным жалғап алды ғұмырды.
Босағада қалып кеткен Елтаңбам,
Баяғыша төріме кеп ілінді.

Бас білгізіп жер тарпығын тарпаңға,
Жасы тұрмақ шығады екен қарты аңға.
Қалай оның Елтаңбасы болмайды,
Түлігіне дейін салса ен-таңба.

 

Көк тәңірдің сыйы – Көк ту

Мөлдір,бұлтсыз ашық аспан күмбезің,
Бейнелеген алтын шапақ күн көзін.
Адалдық пен пәктік көңіл нышаны
Көріп жүрмін көк туымды күнде өзім.

 

Көгілдір түс мөлдір,таза пәктігім,
Ырымдады болса екен деп сәтті күн.
Бейбітшілік,тыныштықтың нышаның,
Көк туымыз білдіріп тұр тап бүгін.

 

Өрнексіз тұр қолтаңбасы дәуірдің,
Қадам бастық,артта қалды ауыр күн.
Қазағымның ұлттық «Қошқар мүйізі»
Әлі күнге көкейінде бауырдың.

 

Қазағымызға таныс өрнек ежелден
Қуат берген, зұлымдықтан жебеген.
Қастерлеген «Қошқар мүйіз» өрнегін,
Қасиеттің бір күніне теңеген.

 

Қыран құстай маңғазы да қырағы
Болса екен деп Бейбітшілік тұрағы,
Сондықтанда да көк туымда қалықтап,
Қыран бүркіт қанат жайып тұрады.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар