Басты тақырыпРухани жаңғыру

ЖАЗЫҚСЫЗ ҚҰРБАНДАРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Өткен ғасыр қазақ халқы үшін ауыр нәубет пен қасіреттерді, «екінші ақтабан шұбырындыны» кешу ғасыры болды. Тарих қатпарларында қаншама жазықсыз төгілген жас пен аққан қан қалды…
31 мамыр күні Ойыл ауданының халқы да жазықсыз жапа шеккен боздақтарды еске алды. Орталық саябақта өткен жиында аудан әкімі Асқар Қазыбаев өткен ғасырдың ащы сабағына тоқталса, аталары қуғын-сүргін көрген Өтеген Сағатов пен Жауынбай Абдрахмановтар әкелерінен естіген әңгімелерін енді ондай зұлмат болмасын деген тілектерімен түйіндеді. Ойыл аудандық мешітінің имамы Сұлтанбек Мұқашев аруақтарға құран бағыштады. Келіндер шелпек таратты. Одан кейін жұртшылық орталық саябақтағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке» тағзым гүлдерін қойды.
Ал, тарихқа көз жүгіртсек, Кеңес өкіметінің қолдан күштеп ұжымдастыруымен Қазақ жерінде бір емес үш бірдей ашаршылық болды. Халық қамын жеген саяси қайраткерлер, ұлт зиялылары, автономиялық республика құрушыларды бір сөзбен айтқанда ұлт қаймағынан сескенген Кеңес өкіметі И.В.Сталиннің «Троцкийшілдер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасын талқылағаннан кейін жаппай қудалау басталды. Бұл тарихта «үлкен террор» деген атпен қалды.
1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жаппай ұжымдастыру мемлекеттің жоспарын шамадан артық орындау мақсатының нәтижесі халықты аштыққа ұшыратты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды.
Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Осылайша «халық жаулары», «ұлтшылдар», «исламшылар», «түркішілдер», «жапония тыңшылары» және т.б. желеулермен қазақтың бас көтерген зиялыларынан бастап, қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды. 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып оның 25 мыңы атылды. Қазақ зиялыларының әйелдері де бұл жазадан тыс қалмады. Күйеуінен бас тартпаған әйелдерді қамады. Бұл лагерь «Алжир» деген атпен тарих беттерінде қалды.
Міне, осының салдарынан ұлт зиялылары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұханмедов, Жаһанша Досмұханмедов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер сталиндік саясаттың құрбанына айналып, атылып кетті…
ХХ ғасыр басында қазақ халқының саны ХХ ғасырдың ортасындағыдан 2 есе көп болды.
1872 статистикалық есеп бойынша қазақ даласында 5 миллионнан аса халық болған екен. 1910 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың «6 миллион қазақпыз» деп өлеңінде келтіруінің өзі 40 жыл ішінде қазақтардың саны тағы шамамен 1 миллионға көбейгенін білдіреді емес пе? Ал 1939 жылғы санақта қазақтар 2 миллион 300 мың болды. Яғни екі есе азайды.
1916 жылғы көтеріліс, азамат соғысы, тосыннан келген жұт, 1919-1922 жылдардар аралығында бірінші аштықтың тууына себепкер болды. Мұның салдарынан 1,5 млн адам қайтыс болды. Ол көбінесе елдің оңтүстік аймақтарын қамтыды, нақ осы және басқа да деңгейде Қазақстанның барлық тұрғындары да зардап шекті. Екінші ашаршылық Голощекиннің сталиндік тапсырманы жоспардан тыс асырып орындауының салдарынан туындады. Әртүрлі мәліметтер бойынша, 1930 жылдарда 1,5 миллионнан 2,5 миллион адамға дейін шығын болды. Ал үшінші ашаршылық соғыстан кейінгі еліміздегі экономикалық ахуалдарға байланысты туындады. Бірақ та, бұл ашаршылық сол жылдары халықтан жасырын түрде ұстады.
Осылайша қазақтар іс жүзінде 15–20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылған.
Осыған қарап отырып, 42 жылда қазақтар азамат соғысы, байларды кәмпескелеу, жаппай колхоздастыру, 1932–33 жылдардағы аштық, 1937–38 жылдардағы репрессия салдарынан миллиондаған адамынан айрылған деуге әбден болады. Осы аштық, қуғын сүргін салдарынан қазақтар — 22 пайызға, украиндықтар — 21 пайызға кеміген. Бұл екі халық Кеңес өкіметінде ең көп шығынға ұшыраған ел болып есептеледі.
Мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған соңғы деректер бойынша, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарының саны 40 миллионға жеткені айтылады. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады.
1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.
Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.

Басқа жаңалықтар