Басты тақырып
Интернет алаяқтар арбаудың түрлі жолын меңгерген!
Бүгінгі таңда алаяқтықтың ең көп таралып жатқан қауіпті түрі – ол интернет желісі арқылы жасалатын алаяқтық қылмыс.
Интернет желісіндегі алаяқтар өз қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін әлеуметтік желілерді кең пайдаланып отыр.
Алаяқтардың арбауына кез келген адам түсіп қалуы ықтимал, себебі интернет байланыстың ар жағындағы адамның ақ-қарасын ажырату өте қиын.
Күннен күнге интернеттің мүмкіндігі артқан сайын алаяқтардың жаңа әдіс-тәсілдері өзгеріп отыр.
Интернет пайдаланушысын алдау арқылы оңай жолмен ақшалы болудың ең көп таралған орны барлығының пайдалануындағы Instagram, Telegram, WhatsApp, әлеуметтік желілері және OLX.kz, Kolesa жарнама сервистері болып отыр.
Көбінесе алаяқтар әлеуметтік желілерде жалған хабарландырулар орналастырады немесе сіздің орналастырған жарнамаңыз бойынша сатып алушы ретінде хабарласып, жеткізу қызметі арқылы тауарды салып жіберуіңізді, ол үшін белгісіз сайтқа өтіп, банк картаңыздың деректерін жазуыңызды сұрайды.
Одан басқа, азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдаланған интернет алаяқтар құрбандарының атынан онлайн-несие рәсімдеп, қарапайым халықты алдап қарызға батыруда.
Мәселен: банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде өзін таныстырып, аталған азаматтың шотына белгісіз адамдардың қол сұғып жатырғандығын, оны алдын алу бойынша немесе тоқтату үшін телефон арқылы әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде құрбандарына жеке шот нөмірін, ұялы телефонға келген құпия сөзді айтқызып, ақша қаражаты болмаған жағдайда, несие алуды сұрап ақша қаражаттарын иемденіп кетуде.
Одан басқа, кейбір интернет бағдарламаларды смартфоныңызға не компьютеріңізге орнатқан жағдайда олардың қаншалықты қауіпсіз екендігіне көз жеткізген абзал. Кейбір бағдарлама арқылы, алаяқтар кез келген адамның банктік шоттарына оңай кіріп, әртүрлі операциялар жасау арқылы азаматтардың шоттарындағы қаражаттарын шешіп алатыны анықталып жатыр.
Қылмыскерлер уақыт талабынан қалыспай, азаматтардың ақшалай қаражатын жымқырудың түрлі әдіс-тәсілдерін шығаруда. Соның бірі, қазіргі таңда жиі кездесетіні, Қазақстандық ұлттық компаниялар мен банктердің түрлі инвестициялық жобаларын таныстыратын жалған жарияланымы бойынша қаражатты көбейтуге болатынын жеткізіп, азаматтардың сенімін теріс пайдалану арқылы алдау.
Басқа мысал, алаяқтар өздерін инвестициялық брокер ретінде таныстырып, жалған кірісті уәде ету арқылы түрлі акцияларға, облигацияларға, криптовалюталарға және басқа қаржы құралдарына инвестиция салуға шақырады.
Соңғы кезде,азаматтар жиі қолданатын «Kaspi Red» төлем жүйесіндегі қаражатты қолма-қол ақшаға айырбастау туралы жалған жарнамаларға сеніп, қаражатын айырбастауға төлем жасап, артынша қызмет көрсетіп отырған тараптан жауап болмай, алаяқтардың арбауына түсіп жатқандар көп кездеседі.
Сонымен қатар, алаяқтар азаматтардың банк қосымшаларына коммуналдық қызметтер, салық және т.б. қызметтерге төлем жасау қажеттігі туралы жалған хабарламаларды жолдау арқылы олардың қаражаттарын иемденіп, ойларын іске асырып отыр.
Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары:
жеке мәліметтеріңізді, банк карталарының сандарын, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламау, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар, хабарламалар арқылы алдын ала төлем жүргізбеу, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмау, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпау, таныс емес нөмірден келген кез келген сілтеме бойынша өтпеу, тек ресми дереккөздеріне сену.
Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады.
Ойыл ауданы прокуратурасы