Әлеумет

«Атамекен» азық-түлік дүкені ашылды

Өткен сәрсенбіде ауданның әлеуметтік нысандар қатарына жаңа азық-түлік дүкені қосылды. «Атамекен» атты азық-түлік дүкенінің иесі жас кәсіпкер Бауыржан Мұхамбетқалиев. Қ.Сәтпаев көшесінің бойына сән берген дүкеннің сыртқы сәулеті көз тартады. Дүкен іші түгелдей заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Екі жерге салқындатқыш құрылғысы орнатылған. Енді бұл көшенің тұрғындары «сап-салқын, тап-таза дүкеніміз тұрғанда орталыққа қарай сабылып шаппаймыз» — дейді. Жақын жерден жаңа дүкен ашылғанына көбісі қуанышты. Әрдайым ауызбіршілікте болып, жиын-тойларын бірге атқарысатын Қ.Сәтпаев көшенің тұрғындары Бауыржанның қуанышымен бөлісіп, жаңа дүкенге көрімдіктерін жаудырды. Кәсібіне береке тіледі. Осындай сәтті назардан тыс қалдырмаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев жас кәсіпкер Бауыржан Жәрдемұлы мен көше тұрғындарын жаңа дүкеннің ашылуымен құттықтады. Жаңа дүкеннің кермесін дүкен иесінің мыңжылдық құдалары Күншыққан Мұхамедияров пен Баймурза Габдуллин қиса, көршілері салт-дәстүрге сай шашу шашты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар