Басты тақырыпБілім

Мереке қарсаңындағы тарту

Халықтан тумай, туады кімнен алыптар
Сенсеңіз егер сенуге татыр халық бар.
Бүгінгі мен тарихтағы орын бір емес,
Болашақ өз бағасын берер, анықтар, — деген Қадір ағамыздың жыр жолдары құдды бір туған жеріне қалтқысыз қызмет етіп, перзенттік парызын мүлтіксіз орындап жүрген асыл азаматтарымызға арналғандай. Осындай қайырымды істе сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген, адамдық тұғырының биік белесінен орын алатын ерекше қайырымды жан Әнуар Бекмұхамбетов. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек ардагері. Ақтөбе қаласының және Ойыл ауданының құрметті азаматы. Әрине, бұндай зор құрметке өзінің еңбекқорлығы мен ізгілікке толы қайырымды істерінің арқасында жетті деп білеміз.
Азғантай өмір сүріп, аяулы ғұмырын ұстаздыққа арнап, өзі қызмет еткен мектебінің «Алтын жүрегіне» айналған жанның бірі Шәрбану Бекмұхамбетоваға 2001 жылы мектебімізге есімі берілгеннен бастап Әнуар Керейұлы мен оның отбасы білім ошағымызға 12 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетті. Және де жыл сайын түлеп ұшқан мектеп түлектерінің оқуға түсуіне, жұмысқа орналасуына жағдай жасап, қолдау көрсетіп, азаматтық парызын қалтқысыз орындап жүрген ізгі жан.
Бұл сөзіміздің айғағы ретінде көне мектебімізді жаңартып, жөндеу жұмыстарына араласып, жаңа мектепке құны 1 млн 800 мың теңгеге оқу жабдықтарын және жыл сайын дәстүрлі үрдіске айналған Шарбану Мырзагелдіқызын еске алу турниріне де демеушілік танытып, жарыс жеңімпаздарына берілетін сыйлықтар мен мадақтама, медальдар алуына қаржылай көмек беріп келеді. 2009 жылы мектеп оқушылары үшін білім байқауларына жүйелі қатысуға, ауыларалық білім алушылардың қатынасуына 2 млн 149 мың теңге тұратын УАЗ автокөлігін сыйға тартқан болатын. Осы жылдың жазғы маусымында Әнуар Керейұлы отбасымен бірге келіп, мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, өздері сыйға тартқан Уаз көлігінің ескіргенін және оның өзіне 10 жылдай уақыт өткенін ескере отырып, жаңа автокөлік алып беруді ұйғарған болатын. Міне, күні кеше 25 қыркүйек күні еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты Ақтөбе қаласына бір топ ұжым мүшелері мен қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитетінен қонақтар шақырып, құны 6 млн теңгені құрайтын су жаңа 10 орындық Уаз автокөлігін сыйға тартты. Жомарт жанның балалар үшін жасап жатқан тартуына Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы Еркін Жиеналин аудан халқының атынан сөз сөйлеп, жүрекжарды тілегін жеткізсе, мектеп директоры Роза Ұлықпанова мектепке жанашырлық танытып, демеушілік жасап жүрген Әнуар Керейұлына ұжым атынан шексіз алғысын білдірді. Бұл көлік  алдағы уақытта мектеп оқушыларын ғылыми жұмыстар мен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге, түрлі байқаулар мен сайыстарға қатысу үшін қауіпсіз барып келулеріне үлкен септігін тигізері анық. Сонымен қатар, Әнуар Керейұлы алдағы уақытта құны 7,5 млн теңге көлемінде жасақталған «Олимп» шағын футбол алаңын қайта жаңартып беретінін айтып өтті.
Қазақта туған жерін, оның халқын сүйген адам бүкіл адамзатты сүйе алады деген қасиетті сөз бар. Әнуар Керейұлы — жақсылыққа жаны жақын, ғибратты ғұмырын тек қайырымды істерге арнап, 85 жасқа келсе де, ізгілікті ісін жалғап келе жатқан біздің ауданымыздың, мектеп-гимназиямыздың мақтан тұтарлық азаматы. Ұстаздар күні қарсаңында мектебімізге осындай зор сый жасағаны үшін Ә.Керейұлы мен оның отбасына үлкен алғысымызды білдіре отырып, зор денсаулық тілейміз.

Нұрсәуле Жұмабекова,
Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі

Басқа жаңалықтар