Спорт

Асланбек — Ойылдың «Бала барысы»

Боз кілемнің шаңын қағатын қазақ күресі, бүгінгі таңда жоғары қарқынмен дамып келеді. Жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы күннен-күнге артуда. Өткен аптада Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай 1971 жылы туған аудан азаматтарының жүлдесі үшін қазақ күресінен аудандық «Бала барыс» турнирі өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Елбасымыз алға қойған 30 пайызға жуық қазақстандықтардың бұқаралық спортпен шұғылдануы туралы тапсырмасының мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Тұңғыш рет өткізіліп отырған додаға аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин, Ойыл аудандық ішкі саясат мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Атағалиев сынды аудан басшылары, спорт ардагерлері қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп,  қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, ашылу салтанатында жаңадан қадам басқан сәбидің тұсауы кесіліп, ұлттың дәстүрі дәріптелді. Алдымен жас барыстар жеребе тартып, боз кілемдегі шалт қимылын бақылайтын төрешімен таныстырылып, доданың алғашқы легі тартысқа түсті.

Аталмыш турнирге Ойыл, Қайыңды, Ақшатау, Қараой, Амангелді ауылдарынан 25 жас палуан боз кілемде күш сынасты. Осыған дейін қазақ күресінен аудандық, облыстық жарыстарға қатысып,үздіктер қатарынан көрініп жүрген жас палуандар доданы қыздыра түсті. Белдесулер қызықты да тартысты өтіп, жас палуандар өздерінің бақтарын сынады. Қазақ күресіне деген құлшыныс жарысқа қатысушы әр баланың жанарында байқалып-ақ тұрды. Өйткені, әрбірі жеңіске құштарлық танытып, намысқа тырысып бақты.

Нәтижесінде ойылдық барыстар алдыңғы қатарлардан көрінді. I орынды Асланбек Жеңісұлы еншілесе, II орын Ерасыл Қайсарұлына бұйырды. III орынға Нұрдәулет Жолболдыұлы қол жеткізсе, IV орынды қараойлық Әлішер Серікқали иемденді. Жарыс барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер осы жарысқа арнайылап жасалған медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Турнир соңы спорт мектебінде 1971 жылғы демеушілер арасында шағын футболдан жолдастық кезудесумен жалғасты.

P.S.  Турнирдің өткізілуіне 1971 жылы туған азаматтар қаржылай демеушілік көрсетті.

Гаухар Алексеева,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар