Басты тақырыпРухани жаңғыру

«ҚАРТТАРЫМ, АМАН-САУ ЖҮРШІ!»

Қазыналы қарттарымыз жастарға жол сілтеп, үлгі болар өткеннің сарқыттары. Олар барда дастарханымыз жиылмай, мамыражай тіршілік кешіп, өнегелі әңгімелерін әрдайым тыңдауға болады. Өрелі өмір жолын туған жердің түлеуіне арнап, еңбектерінің зейнетін көріп отырған шақта ұрпақтарына игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емес.

Осы орайда өткен жұмада «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында 1 қазан «Халықаралық қарттар күні» қарсаңында мерекелік дастархан жайылып, қазыналы қарттарға сый-құрмет көрсетілді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», — демекші, өмірінің өткен белестерін еліміздің дамуына арнаған қарияларымыздан біздің үйренеріміз көп. Олардың ақыл-кеңестері бүгінгі буынның алға ұмтылуына оң септігін тигізері сөзсіз.Айтулы шараға аудан әкімі Асқар Қазыбаев арнайы қатысып, барша ақ жаулықты аналарымызбен көнекөз қарияларды мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы мерекелік шараға жиылған ардагерлерді еркін отырып, кешті көңілді өткізуге шақырып, ақын, Сағи Жиенбаевтың сөзіне жазылған «Қарттарым, аман-сау жүрші!» термесін домбырамен орындап берді. Мерекелік дастархан басында бас қосқан қарттарымыз өнегелі әңгіменің тиегін ағытып, көңілді отырды. Ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын білдіріп, еліміздің өсіп-өркендей беруін тіледі. Мерекелік дастархан басында ҚР мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері Амангелді Жұманов домбырасымен жиылғандарды бір тамсандырса, әрі қарай Қазыбек Нұрымгерейұлы бастаған ақсақалдар әсем әндерімен мерекелік шараның көркін келтірді. Әрі қарай мерекелік шараны аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мағыналы әндерімен әрлеп, барша мерекелік шараға жиылған ата-әжелерімізге мерекелік сыйлықтар табысталды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар