Басты тақырыпБілім

Соңғы қоңырау үні – жаңа өмірге жол

Өткен жұмада еліміздің барлық аймағындағы білім беру ошақтарында соңғы қоңырау үні сыңғырлады. Шұғылалы нұрын төккен шуақты күнде біздің ауданнан 215 түлек түлеп ұшты. Айтулы күні әр сыныпта оқитын оқушыларымыз биылғы оқу жылын сәтті аяқтаса, түлектеріміз алтын ұя мектебімен қоштасты. Сол күнгі соңғы қоңыраудың сыңғырлы үні түлектеріміз үшін балдәурен балалық шақтарының артта қалып, жауапкершілігі мол азаматтық биікке көтерілгендігінің ескертпесі сияқты. Сондықтан болар түлектеріміздің алтын ұядан ұшырар сәтте Елбасымыз айтқандай үш тілді жетік меңгеріп, рухани бай, білімді азамат боуға, мәпелеген ата-анасымен бірге білімге баулыған ұстаздарын қадірлей біліп, солардың үмітін ақтауға ақ тілектер айтылды.

Ал, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебі мен Ойыл қазақ орта мектебіндегі соңғы қоңыраудың салтанатты шарасына арнайы қатысқан аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы барлық түлектерімізге мектепте алған білімдерін жоғары оқу орындарында жалғастырып, биік шыңдарда қанат қағуларына сәт-сапар тіледі. Айта кетсек, қос мектепте де мектеп директорлары ең алдымен аяқталғалы отырған оқу жылының озаттарын мақтау қағаздарымен марапаттады. Оған қоса, облыстық, республикалық байқауларына қатынасып жүрген мектеп белсенділеріне арнайы алғыс хаттар табыстады. Айтулы білім ошақтарындағы білім сапасы жоғары. Жалпы аудан мектептерінде жыл сайын оқу озаттарының қатары көбейіп келеді. Биыл Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде 410 оқушы аяқтаса, оның 207 оқу озаты және екпінді. 4 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Ал, Ойыл қазақ орта мектебін 461 оқушы қорытындыласа,

118 оқушы оқу озаты болып отыр. 3 түлек «Алтын белгіден» үмітті. Әрине бұл көрсеткіштер өте қуантарлық жағдай. Өйткені білімді ұрпақтың болашағы жарқын. Ендеше ел ертеңінің тұтқасын ұстап, абыройын асқақтатын бүгінгі жас түлектің үлкен өмір айдынына  аттағалы отырған жаңа қадамына сәттілік тілейміз.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

 

Басқа жаңалықтар