ҚҰПИЯСЫ КӨП ҚҰМСАЙДЫ ТАҒЫ ДА ЗЕРТТЕП ЖАТЫР
Ойыл ауданының аумағындағы 5000 жыл бұрынғы 160-тан астам қорғаннан тұратын Құмсай (Қырықоба) қорымы бірнеше жылдан бері зерттеліп келе жатыр. Осыған дейінгі ауқымды зерттеулерге Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкерлері, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкентану музейінің мамандары, археологтар, Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы қызметкерлері, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлкеттік университетінің тарих факультеті оқытушылары мен студенттері бірлесе атсалысқан еді...

Әрине, ел аузында осы қорым туралы алыпқашпа әңгіме көп. Қола дәуіріне жататын бұл қорым Қазақстан бойынша өте сирек кездеседі. Адамдардың жерлеу дәстүріне салыстырмалы түрде сараптама жұмыстарын жүргізгеннен кейін бұл аумаққа жергілікті халық емес басқа жақтан келген тайпалар жерленгені анықталды. Жерлеу дәстүріне қарасақ, Солтүстік Кавказ бен Месопотамия өркениетіне ұқсастықтары бар. Бірақ, бұл жолғы халықаралық экспедицияның зерттеу мақсаты мүлдем бөлек. Яғни, Америка Құрама Штаттарының Мичиган Университетінің профессоры Алиша Вентреске Миллер бастаған мамандар Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Арман Бейсембаевпен бірлесіп, қорымдағы мүрделерді генетикалық тұрғыдан зерттеуді көздеп отыр. Өйткені, қорғандардың үйіндісі ерте қола дәуіріндегі «көне шұңқыр» мәдениетіне сәйкес келіп отыр. Жерлеу кезеңі Ойыл ауданында 4290 жыл бұрын басталған. Бізді таңғалдырғаны бұрынғы қазба жұмыстарында куә болғанымыздай, адамдардың жерлену ерекшеліктері. Бірінде адам шалқасынан жатса, екіншісінде отырғызып жерленген. Осында 168 қорған бар.
Сондай-ақ, халықаралық экспедиция құрамына мәскеулік археолог ғалым Алексей Хаванский де қосылып отыр. Ал, археологтарға Ақтөбе және Қарағанды университеті тарих факультетінің студенттері көмектесіп, тәжірибе жинауда.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл – Құмсай — Ойыл.