Сыйы мол «Сыбаға»!
Өткен жылы бастау алған «Сыбаға» фестивалі биыл ауданда 4 желтоқсан күні аудандағы барлық білім ұйымдарында ұлттық құндылықтарды насихаттайтын тәрбие сағаттарымен басталып, еңбек сабақтарында колөнер шеберлерінің шеберлік сабақтарына ұласты. Шығанақ Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінде «Ұлт мұрасы» тақырыбында этнографиялық деректер көрмесі ұйымдастырылды.

5 желтоқсан рухани мәдениетті дәріптеуге бағытталған «Дәстүрлер жаңғырығы» атты шара фестивальдің ашылуы салтанатымен ұласып, ұлттық өнердің маңызы мен «Сыбаға» жобасының рухани мұраны жаңғыртудағы рөлі атап өтілді. Алдымен жұртшылықты құттықтаған аудан басшысы Асқар Қазыбаев ұлттық өнердің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, мемлекет басшысының домбыра үні мен ұлттық аспаптарды дәріптеу жөніндегі үндеуімен ұштасқан шараның бабалар аманатын бүгінге жеткізген буынға шынайы лебізін білдірді.

Бағдарлама барысында Ойыл аудандық балалар музыка мектебінің домбыра ансамблі қазақ күйлерінің таңдаулы үлгілерін орындады. Көрермендерге Сейтектің «Тойбастар» күйі, халық күйі «Келіншек», эпикалық сарынға құрылған «Жауға» күйі, сондай-ақ ұлттық рухты көтеретін «Ер Тұран» туындысы ұсынылды. Сонымен бірге дәстүрлі әндер мен термелер шеруі ұйымдастырылып, қазақтың ауыз әдебиеті мен ұлттық ән өнерінің бай мұрасы кеңінен таныстырылды. Қобыз аспабына арналған бөлімде қобыздың тылсым үнін танытатын лирикалық шығарма орындалды. Бағдарламада күй өнерін меңгерген жас түлектердің орындауындағы «Талас», «Көңілашар» және «Жекпе-жек» күйлерінің өзіндік мінезі мен мазмұны көрерменге ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ табиғат сұлулығын жырлайтын «Саржайлау» әнін асқан шеберлікпен орындаған жас вокалдық топтың мүшелері жұртшылықтың ықыласына бөленді. Ал, ұлттық өнердің рухани тәрбиедегі орны мен фестивальдің жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы маңызы жоғары екендігіне көз жеткіздік. «Дәстүрлер жаңғырығы» — қазақ халқының төл мәдениеті мен рухани байлығын дәріптеген мазмұнды шара болды.

Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің басты мазмұндық шараларының бірі – «Дәуір дефильесі» ұлттық киімдер сән көрсетілімі қазақ халқының дәстүрлі киім мәдениетін кезең-кезеңімен танытып, ұлттық ою-өрнектің, матаның, зергерлік әшекейдің тарихи мәнін көпшілікке паш етті. Фойеде қойылған көрме арқылы қонақтар қазақтың көнеден келе жатқан киім үлгілерінің жасалу техникасы, қолданылған материалдары мен өңдеу әдістерімен танысты. Ал негізгі бөлім – «Дәуір дефильесі» – ұлттық киімдердің эволюциясын сахналық форматта жүйелі түрде көрсетті.
Әрбір топтама қазақтың киім өнері ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрдің, табиғатпен етене байланысқан тұрмыс-тіршіліктің, қолөнер шеберлігінің, эстетикалық дүниетанымның айқын көрінісі екенін дәлелдеді. «Дәуір дефильесі» ұлттық киімдер көрмесі мен сән көрсетілімі қазақ этномәдени мұрасының байлығын жаңа қырынан танытып, ұлттық киімнің тек өткеннің жәдігері емес, бүгінгі ұрпақ үшін де рухани құндылығы зор мәдени мұра екенін айқындады. Сол күні аудандық жастар ресурстық орталығы мен Ойыл кәсіптік колледжінің біріккен түрде ұйымдастыруымен Сыбаға”фестивалі аясында ұлттық спорттық сайыстары өтті. Жастар арасында ұлттық рухты көтеру, салт-дәстүрді насихаттауды көздеген фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, ұлттық әндер шырқалып, жастар қара жорға биін биледі. Сайысқа қатысушылар асық ату, бес асық, арқан тарту, гір көтеру, қошқар көтеру сынды спорт түрлері бойынша өзара бақ сынады. Сонымен қатар, фестивалдің «Салбурын» бөлімінде ұлттық спорт -садақ атудан ұйымдастырылған турнирдің салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлесі көп деуге болады. Өйткені, садақ ату – ежелден бері қанымызда бар өнер. Соңғы жылдары дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, баулитын осы ұлттық өнер жастар арасында насихатталып, кеңінен дәріптеліп келеді. Әдеттегідей ұлттық ойынға жастардың қызығушылығы мен қатысу деңгейі жоғары болды. Садақ ату ойынына 58 спортшы қатысып, бақтарын сынады.

«Сыбаға» — қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық дәстүрі, береке мен бірліктің, ауыл-аймақтың өзара сыйластығының нышаны. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау құндылық бүгінгі күні де мәнін жоймай, ел ішіндегі ынтымақты арттыра түсуде. Осы ұлттың рухани байлығын ұлықтау мақсатында өткен «Сыбаға» ұлттық фестивалі аясында «Соғым — ел асы» сыбаға тарату ұйымдастырған ауылдық округтердің шаруашылықтары ізгі дәстүрді жалғап, бірнеше отбасыға қуаныш сыйлады. Яғни, өткен жылы бастау алған шараға биыл Ойылдан сегіз шаруа қожалығы үн қатып, төрт жылқы, екі мүйізді ірі қара, бес қой сойылып, елу шақты отбасыға таратылды.
Бұл бастама — ел ішіндегі ағайындықтың, жақсылықты бірге көруге деген талпыныстың белгісі. Сыбаға беру – малдың көптігі емес, жүректің кеңдігі. Әр ауыл, әр шаңырақ осындай ізгілік арқылы берекелі тірліктің жаршысы болып отыр. Өйткені, сыбаға беру — бір күндік шара емес, ұлт рухын көтеретін, ел арасындағы ынтымақты нығайтатын үлкен тәрбие мектебі.



