ЕРСАЙЫННЫҢ ЕЛОРДАДАҒЫ «ТАБЫСЫ»
Жуырда Астана қаласында «Зияткер ұстаз» бастауыш сынып мұғалімдері арасындағы республикалық шахмат турнирі өтті. Аталған зияткерлік додаға Қазақстанның барлық облыстарынан 130 мұғалім қатысып, өзара шеберліктерін сынға салды.

Ақтөбе облысының намысын қорғаған үш педагогтің қатарында Ойыл ауданы, Көсембай негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ерсайын Аққошқаров та болып, жүлделі 5-орынды иеленді.
Бұл жетістік – ағайдың тек пәндік білімі мен логикалық ойлау қабілетінің ғана емес, сонымен қатар оқушылардың ақыл-ойын, шығармашылық әлеуетін дамыту жолындағы тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Осындай республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, өңір абыройын асқақтатып жүрген ұстаздар – жас ұрпаққа үлгі, әріптестеріне мотивация. Білімі мен білігі ұштасып, өнерімен де талай өрге жүзген ұстаздың әлемдегі ақыл-ойды дамытатын спорттан да оза шабуы интеллектуалдық ойынның сергек жүруге септігі көп екенін дәлелдеді.
Шахматтағы ойын ережесін шынайы өмірмен байланыстырсақ, мұнда да алдағы жүрісіңді аңдамай, шолақ ойлап, асығыс шешім шығарсаң, айлалы қарсыласыңның тұзағына түсіп, тығырыққа тірелуің әп-сәтте. Сондықтан, бастауышта Ерсайын Құрылысұлының алдынан өткен шәкірттерінің басым бөлігінің ақылын тізгіндеп, ойын жүйелеп жеткізе білуінің бір сыры осы болса керек!



