АНАСЫНЫҢ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН КІТАПХАНАШЫ
АНАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ЖОЛЫНА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕП, ӨЗІ ДЕ СОЛ МАМАНДЫҚТЫ ӨМІРЛІК СЕРІГІНЕ АЙНАЛДЫРҒАН ЖАНДАР БАР. ОЙЫЛ АУДАНЫНЫҢ АҚЖАР АУЫЛДЫҚ МОДЕЛЬДІ КІТАПХАНАСЫНДА ЕҢБЕК ЕТЕТІН НАЗГҮЛ ҚАЗИЕВА— СОНДАЙ ЖАНДАРДЫҢ БІРІ. ОЛ ҮШІН КІТАПХАНА САЛАСЫ КЕЗДЕЙСОҚ ТАҢДАЛҒАН МАМАНДЫҚ ЕМЕС, БАЛА КҮНІНЕН ТАНЫС, АНАСЫНЫҢ ӨНЕГЕСІМЕН ЖҮРЕГІНЕ ЖАҚЫН БОЛҒАН ЕҢБЕК ЖОЛЫ.

Назгүл Қазиева 1971 жылы 3 шілдеде Қайыңды ауылында дүниеге келген. 1985–1988 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде кітапхана ісі мамандығы бойынша білім алып, 1988 жылы еңбек жолын туған ауылындағы кітапханадан бастады. Содан бері 38 жыл бойы осы саладан қол үзбей келеді. Кейін кітапханалар біріктірілгеннен соң, Ақжар ауылдық модельді кітапханасында жұмысын жалғастырды.
Оның мамандық таңдауына анасы Зерім Айтназарованың әсері ерекше болды. Кітапхана саласында 30 жыл еңбек еткен анасының жұмысын көріп өскен Назгүл апай кітапқа жақын ортада тәрбиеленді. Бүгінде анасы өмірде болмаса да, оның өз жолын таңдауға ықпал еткенін үлкен ризашылықпен еске алады. Анасының ізін жалғап, өзі де ондаған жыл бойы осы салада еңбек етуі — отбасынан дарыған өнегенің жалғасындай.
Кітапханашының еңбегі кітап беріп, оны қайтарып алумен ғана шектелмейді. Әр оқырманның сұранысын түсініп, іздеген кітабын тауып беру, талғамына сай шығарма ұсыну, жаңа әдебиеттерді тіркеу, кітап қорын реттеу, мәдени-танымдық шаралар өткізу — күнделікті жұмыстың бір бөлігі. Мұның бәріне ұқыптылықпен қатар, кітапқа деген сүйіспеншілік пен адамдармен тіл табыса білу де қажет.
Назгүл апайдың жадында кітапханаға бала кезінен келіп жүрген оқырмандардың орны бөлек. Солардың бірі —А. Наурызбаева. Ол кітапханаға кішкентайынан келіп, кейін тұрмысқа шыққан соң да отбасымен бірге кітап оқуды жалғастырған. Ал зейнеткер Жоламан ағай шетел авторларының шығармаларын сүйіп оқып, кітапхана ұйымдастырған әдеби шараларға да шынайы ықыласпен қатысқан. Осындай оқырмандардың жылдар бойы кітапханамен байланысын үзбеуі кітапханашы үшін үлкен қуаныш.
Кейіпкеріміздің айтуынша, оқырманның алғысы мен ақ батасы — еңбектің ең бағалы сыйы. Бүгінде жастар арасында заманауи әдебиетке, психологияға, өзін-өзі дамыту мен мотивациялық кітаптарға қызығушылық басым. Ал аға буын өкілдері тарих пен қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын көбірек іздейді. Назгүл апайдың өзі де кітап әлемінен рухани нәр алады. Сүйікті ақыны — Мұқағали Мақатаев. Ақынның қарапайым сөзбен терең ой жеткізе білуі оның шығармашылығына деген құрметін арттырған.
Кітапхана жұмысының жаңарып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан кезеңі — 2014 жыл. Сол жылы мекемеге «Модельді ауылдық кітапхана» мәртебесі беріліп, бағдарламашы штаттық бірлігі ашылды. Заманауи технологиялар мен қажетті жабдықтардың келуі оқырманға қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырды. Назгүл апай осы өзгерістермен бірге кітапхана жұмысының да жаңа бағытта дамуына атсалысты. Ол аудандық семинар өткізуге қатысып, «Оқитын өлке» өңірлік акциясы аясындағы шараларға да үлес қосты.
Жылдар бойғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2024 жылғы 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Назгүл Қазиева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат — оның мәдениет саласына сіңірген еңбегінің бағалануы.
Назгүл апай өзі таңдаған мамандығын мақтан тұтады. Ауыл тұрғындарымен тығыз байланыста еңбек етіп, оқырмандарға қызмет көрсетуді жалғастырып келеді.
Анасының жолын жалғап, 38 жылын кітапхана ісіне арнаған Назгүл Қазиеваның еңбек жолы мамандыққа адалдықтың үлгісі.
Кітапхана сөресіндегі әр кітаптың өз оқырманы бар. Ал сол кітап пен оқырманның арасын жалғап жүрген жандардың еңбегі де осындай ұзақ жылдармен, күнделікті көзге көріне бермейтін адал қызметпен өлшенеді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.





