Әкімдік

Он бағыт — болашақтың бағдары

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағымдағы жылдың 10 қаңтар күні «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жариялаған болатын.

Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мемлекет алдындағы мiндеттердi айқындап, оларды орындаудағы нақтылығымен, өмiршеңдiгiмен ерекшеленiп келеді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын насихаттау мақсатында кеше ауданға облыс әкімдігі жанынан құрылған ақпараттық топ мүшелері келді. Облыс әкімдігі жанынан осындай 12 топ құрылған болатын. Олар бес күнде облыстық барлық ауданын аралап, 48 елді мекенінде тұрғындармен кездесу өткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізуі тиіс. Биылғы топтардың ерекшелігі – оған мәслихат депутаттары, журналистер, зиялы қауым мен қоғамдық ұйымдар өкілдері кіріп отыр. Біздің ауданға келген топтың құрамында философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев, Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы. Фармацевтика ғылымдарының докторы Құдайберген Бекенов болды.

Облыстан арнайы келген ақпараттық-насихаттық топ алдымен Саралжын ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиынды ашқан аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева ауданның әлеуметтік, экономикалық ахуалы жөнінде қысқаша мәлімет берді.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанұлы Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын қолдау ғана емес, Жолдаудың негізі даму деп кесіп айтты. Сонымен бірге Жолдаудың 7 бағытына көбірек тоқталып, білім деңгейін арттыру, үздік денсаулық сақтау ісі, еңбек нарығының тиімділігіне кеңінен түсінік берді.

Келесі кезекте Ақтөбе қалалық қоғамдық Кеңестің төрағасы. Фармацевтика ғылымдарының докторы Құдайберген Бекенов Жолдау аясында сала бойынша мәлімет берсе, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев Елбасы Жолдауында айтылған «ақылды технологияны» енгізу арқылы ауыл шаруашылығын дамытудың жолдарын айрықша атап өтті.

Жиын соңында тұрғындар атынан мінберге көтерілген еңбек ардагері Жақсылық Бисалиев тарихтан сыр шерте отырып, ауылдың ахуалының тұрақты екендігін жеткізді. Одан кейін ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Саралжын ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды аралады.

Осыдан кейін ақпараттық түсіндіру тобының жұмысы аудан орталығында аудан активімен кездесумен жалғасты.

Кездесуге аудандық салалық бөлімдер мен мекемелер басшылары және қызметкерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері, ауыл ақсақалдары, қоғамдық ұйымдар қатынасты. Бұл кездесуде АНТ мүшелері Жолдаудағы басым бағыттарды кеңінен түсіндіріп өтті. Ауыл ақсақалдары Қазбек Нұрымгерейұлы мен аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Т.Шалабаев келген қонақтарға алғысын білдіріп, Елбасы Жолдауын қолдайтындықтарын жеткізді.

«Биыл Елбасы өз Жолдауында біздің алдымызға жаңа 10 міндеттер мен тапсырмалар қойып отыр. Осы Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында баршамыз жұмыс жасауымыз керек» — деп сөзін түйіндеген аудан әкімі Бұлбұл Бисембайқызы ауданымызға келіп Елбасының Жолдауынан туындайтын мәселелер бойынша түсінік берген түсіндіру тобының мүшелеріне аудан активі атынан алғысын білдірді.

P.S. Ақпараттық-насихаттық топ өкілдерінің кезекті сапары Ш.Берсиев ауылдық округінде жалғасты. 

Басқа жаңалықтар