Мәдениет

Ақниеттің кезекті жеңісі

«Ақыл көпке жеткізер, Өнер көкке жеткізер» - демекші, Б.Сапарбаевтың бастамасымен «Бақытты бала» жобасы аясында өткен облыстық «Бақытты балалық шақ» фестиваль байқауы қорытындысы бойынша эстрадалық вокаль номинациясымен Халықтық «Шапағат» Ешпановтар отбасылық ансамблінің мүшесі Ақниет Боранбайұлы бас жүлдемен қатар 100 000 теңгелік сертификатты қанжығасына байлады.

Ең алғаш бұл байқау Ойыл ауданынан бастау алып іріктеу жүргізілді. Солардың ішінен оқ бойы оза шауып алдына шыққан Ақниет Ақтөбеде болған фестивальде өз өнерімен елді тәнті қылды. «Халық айтса, қалт айтпайды». Соған дәлел Ақниетті кешегі фестивальде көрген жұртшылық таңдай қағып, оны екінші Димашқа ұқсатып та жатты. Әлеуметтік желілердегі пікірлерде «Бұл Ойылдың баласы» дегенде ішің жылып кететіні де жасырын емес. Адам бойында бір ғана пайыз талант болса, қалған тоқсан тоғыз пайызы еңбекпен, өзіңді-өзі шыңдаумен келетіні рас. Міне, Ақниеттің де бойындағы талант та ата – анасынан дарыса керек. Бала күнінен өнерге сусындап өскен бала өсе келе де сол жолға бүйрегі бұрып қызғушылығы оянды. Оның бойында әншілік қабілет ғана емес, бишілік те, сонымен қатар актерлік шеберлігі де бар. Олай дейтініміз, жақын арада ғана көгілдір экраннан «Жаса» атты түскен киносы жарық көрді. Барлық нәрсе кішкентайдан бастау алы,п үлкен деңгейге жетелейді. Сол секілді бүгін Ойыл сахнасында өнер көрсеткен Ақниет те ертеңгі күні еліміздің намысын қорғап жүрген өнер майталмандармен үлкен сахналарда бірге бой көрсететіне сенеміз. Осы тұста тағы да айта кететін қуанышты жаңалықтардың бірі — биыл мектеп қабырғасынан түлеп отырған Ақниетке Ғ.Жұбанова атындағы музыкалық колледжге грант бөлінді. Әлі талай Ойылдың атын шығарып, біздің мақтанышымыз болатынына сенімдіміз. «Өнер таусылмас азық, Сарқылмас байлық» дегендей өнерін өрге жүзіп, Ойылдың даңқын әлемге шығарып, биік жетістіктерден көріне беруіне тілектеспіз!

Өміргүл ӘМІРХАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар