ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҚОҒАМДЫ АШЫҚ ПІКІР АЛМАСУҒА БІРІКТІРЕТІН АЛАҢҒА АЙНАЛДЫ

Ұлттық құрылтай стратегиялық мәселелерді кең ауқымда талқылауға мүмкіндік беретін тиімді диалог алаңы ретінде қалыптасты. Құрылтайда талқыланған бірқатар мәселелердің ішінде Президент құнды жәдігерлерді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырғандығы дұрыс шешім деп білемін. Қазақ елінде көне мұралар өте көп. Ол мұралар ұрпақтан -ұрпаққа сақталып жетуі керек.
«Мысалы 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады.
Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді», деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ғалымдардың Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзенінен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқанын, осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлерімізді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырды.
Дулат Бітімбайұлы
Ш. Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлкетану музейі басшысы



