ҰЛЫ ӨЗГЕРІСТЕР ҚАРСАҢЫНДА: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ТАРИХИ БЕЛЕСІ
(Аналитикалық шолу)
Қызылорда — Сыр елі, «Алаштың анасы» деп аталатын қасиетті өлке. Міне, осы тарихи топырақта Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Бұл кездейсоқтық емес. Бір ғасыр бұрын Қазақстанның астанасы болған, маңызды тарихи шешімдер қабылданған қала тағы да ұлттық маңызы бар оқиғаға куә болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі — бұл жай баяндама емес, ұлт тағдырына қатысты тарихи құжат, болашаққа бағдар белгілейтін стратегиялық жоспар.
Экономикалық табыс —
ұлттық қуаттың көрінісі
Кез келген мемлекеттің күші — оның нақты істерінде, халқының өмір сүру деңгейінде көрінеді. Былтырғы жылдың қорытындылары — біздің таңдаған жолымыздың дұрыстығын дәлелдейтін нақты дәлелдер. Экономиканың 6,5 пайызға өсуі — бұл статистикалық сан емес, әрбір отбасының әл-ауқатының жақсаруы. Жан басына шаққандағы ІЖӨ-нің тәуелсіздік тарихында алғаш рет 15 мың долларға жетуі тек экономикалық көрсеткіш емес, әлемдік аренадағы біздің орнымыздың нығаюы.
Орталық Азия бойынша рекордтық нәтижелерге қол жеткізгеніміз кездейсоқ емес. Бұл — басшылықтың стратегиялық көрегендігінің, халықтың еңбекқорлығының, ұлттық бірліктің нәтижесі. Алтын-валюта қорының 65 миллиард доллардан асуы, Ұлттық қордың валюталық активтерінің 5 миллиард долларға ұлғаюы — бұл болашаққа сенімді қарауға мүмкіндік беретін қаржылық қорға. Әсіресе, Қызылорда облысының дамуы көңіл қуантады. Үш жылда 2 триллион теңгеге жуық инвестиция – бұл өңірлік дамудың нақты көрінісі. Жаңа жылу электр орталығы, жаңартылған әуежай, күрделі жөндеуден өткен темір жол вокзалы, 34 білім беру, 45 мәдениет — спорт, 40 медицина нысаны — міне, адам капиталына салынатын инвестиция осындай болуға тиіс!
Инфрақұрылым — дамудың тірегі
Президенттің инфрақұрылымдық жобаларға баса назар аударуы заман талабы. ХХІ ғасырда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі оның логистикалық әлеуетімен, көлік желілерінің дамуымен тікелей байланысты. «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» — еліміздің транзиттік әлеуетінің негізгі тамыры. Бірақ Қызылорда — Ақтөбе арасындағы бөлігінің тарлығы апаттарға әкеліп соқты. Енді төрт жолақты жаңа күре жол салынады — бұл қауіпсіздік те, экономикалық тиімділік те. «Бейнеу — Сексеуіл» жолының құрылысы «Орта дәліздің» қашықтығын 900 шақырымға қысқартады. Бұл — уақыт үнемі, жүк тасымалдау шығынының азаюы, Ақтау мен Құрық порттарына тура жолдың ашылуы. Қарағанды — Жезқазған бағытындағы екі жолақты жаңа жол, Сарыағаш айналма жолы- әрбір жоба нақты экономикалық пайда әкелетін стратегиялық шешім. Темір жол инфрақұрылымының дамуы да қарқынды жүріп жатыр. «Достық — Мойынты» теміржолының екінші желісі, Алматыны айналып өтетін теміржол — Қытаймен сауда айналымын арттырудың, транзиттік әлеуетті толық пайдаланудың кілті. Биыл салынатын «Қызылжар — Мойынты» және «Дарбаза — Мақтаарал» желілері логистикалық картаны түбегейлі өзгертеді.
Энергетикалық егемендік — ұлттық қауіпсіздіктің өзегі
Президенттің энергетика туралы айтқан әрбір сөзі мұқият тыңдауға тұрарлық. Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде энергетикалық тәуелсіздік ұлттық қауіпсіздіктің негізіне айналады. Біздің 33 миллиард тонналық көмір қорымыз — бұл Тәңірдің сыйы, стратегиялық активіміз. Президент Трамптың «Маған жел емес, көмір ұнайды» дегенін дәйексөз келтіруі кездейсоқ емес. Әлемде энергетикалық саясат қайта қаралып жатыр, біз де өз қорымызды толық пайдалануымыз керек. Көмірмен қуат өндіруге Ұлттық жоба мәртебесін беру — тарихи шешім. Бірақ бұл жай көмір өндіру емес, заманауи технологияны қолдана отырып, қоршаған ортаға зиянсыз қуат алу. Көкшетау, Семей, Өскемендегі жылу электр орталықтары, Курчатовтағы электр станциясы, Екібастұздағы энергоблоктар — бұл жобалардың әрқайсысы мұқият жоспарлауды, тез арада іске асыруды талап етеді.
Дегенмен, Президент Үкімет пен «Самұрық — Қазына» қорының жұмысына әділ сын айтты. Шынында да, маңызды жобалар созбалаңға түсуі — кешірілмейтін қателік. Жұртшылық нәтиже күтіп отыр, ал біз бюрократиялық кедергілерді жеңе алмай жатамыз. Бұл — басқару мәдениетін жақсарту қажеттігінің айқын дәлелі. Газ мәселесі де өзекті. Жыл сайын 100 миллион тонна шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, авиакеросин бағасы жағынан көрші елдермен бәсекелесе алмай отырмыз — бұл ақылға қонымсыз! Газ импортының 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард текше метрге жетуі, ал жаңа кеніштерді ашу баяу жүруі — тиімсіз жоспарлаудың салдары. Энергетикада кадрлық шешімдер қабылдау уақыты жетті.
Дата-орталықтар дәуірі:
инфрақұрылымдық дайындық
Жасанды интеллект заманында дата — орталықтар — жаңа дәуірдің зауыттары. Бірақ олар металлургия комбинаттары сияқты көп энергия тұтынады. Сондықтан Екібастұз бассейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» жасау — өте дұрыс бастама. Бұл тек технологиялық орталық емес, цифрлық экономиканың негізі. Президент дұрыс ескертті: логистикада алдымен көрінген жерге қойма салып, содан кейін инженерлік жүйелер тартылады. Мұндай қателіктерге жол бермеу керек. Барлық ІТ инфрақұрылым мұқият жоспарлануы, бірыңғай стандарттарға сай келуі қажет. Әйтпесе ауқымды жұмыстың мән-маңызы жоғалады.
Парламенттік реформа —
демократияның жаңа
парадигмасы
Енді сөздің ең маңызды, ең тарихи бөлігіне келейік. Бір палаталы Парламентке көшу — бұл жай құрылымдық өзгеріс емес, саяси жүйенің түбегейлі жаңғыруы. Ең алдымен, атау — Құрылтай. Қандай символдық мән! Құрылтай — қазақ халқының ғасырлар бойғы демократиялық дәстүрінің, ұжымдық шешім қабылдаудың, ұлттық бірліктің символы. Тарих беттерінде бабаларымыз ең маңызды мәселелерді Құрылтайда шешкен. Енді заманауи Құрылтай — заң шығарушы орган ретінде қайта туылады. Бұл өткен мен болашақтың үйлесімді ұштасуы, ұлттық дәстүр мен заманауи парламентаризмнің бірігуі.
145 депутат — бұл саннан көрі, сапаға баса назар аударудың көрінісі. Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, әртүрлі нұсқаларды қарастырды. Кейбіреулер 500 депутат ұсынды, басқалары пропорционалды уәкілдік идеясын көтерді. Бірақ негізгі мақсат — тиімді, кәсіби Парламент құру. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, сапалы заң шығару үшін депутат санын көбейтудің қажеті жоқ. Президент квотасының алынып тасталуы — батыл, бірақ логикалық шешім. «Жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес» деген сөз – Парламентке деген сенімнің, оның дербестігіне деген құрметтің көрінісі. Депутаттар бәріне бірдей тәртіппен сайлануға тиіс. Арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек.
Дегенмен, жастар, әйелдер, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квоталардың сақталуы — әлеуметтік әділдік қағидатының іс жүзіндегі көрінісі. Бұл квоталар еліміздегі барлық қоғамдық топтардың Парламентте өкілдігін қамтамасыз етеді. Бес пайыздық межені қалдыру да дұрыс — ол партиялар арасындағы нақты бәсекені қамтамасыз етеді. Бүгінгі Мәжіліске алғаш рет алты партияның өтуі — соның нәтижесі. Парламенттің негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау құзыреті де күшейеді. Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата, Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің барлығы Парламенттің келісімімен тағайындалады. Жоғарғы соттың судьяларын Парламент сайлайды. Бұл — билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдікті нығайту, парламентаризмді нағыз мәніне жеткізу.
Қазақстанның Халық Кеңесі – бірлік пен келісімнің жаңа мекемесі
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық Кеңесін құру идеясы терең ойластырылған, көреген шешім. Бұл екі институт өз тарихи миссиясын абыроймен атқарды. Ассамблея этносаралық келісімді нығайтты, Құрылтай қоғамдық-саяси реформалардың қозғаушы күшіне айналды. 26 заң қабылдануы, әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігі бойынша нақты қадамдар жасалуы, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес жүргізілуі — Құрылтайдың тиімділігінің дәлелі.
Енді жаңа кезең басталады. 126 мүшеден тұратын Халық Кеңесі — этномәдени орталықтардың 42 өкілі, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілі, мәслихаттар мен аймақтық қоғамдық кеңестердің 42 өкілі — барлық қауымдастықтардың, барлық өңірлердің үнін естітетін алқа. Бұл — қоғам мен биліктің тұрақты диалог платформасы. Ең маңыздысы — Кеңеске заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуі. Бұл тек консультативті емес, нақты ықпал ететін орган болатынын білдіреді. Ішкі саясатты жетілдіру, мемлекеттік идеологияны насихаттау, әлемдік діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыру — міне, Халық Кеңесінің алдында тұрған маңызды міндеттер.
Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеуі, мүшелер тарапынан сайлануы — демократиялық қағидаттың сақталуы. Ротация арқылы тағайындалатын екі орынбасары, хатшылық меңгерушісі — тиімді құрылым. Жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия — маңызды мәселелерді талқылаудың жоғары деңгейдегі алаңы.
Вице-президент институты – басқару сапасының артуы
Вице-президент лауазымын енгізу туралы ұсыныс алғашында таңдандыруы мүмкін. Бірақ Президенттің түсіндіруі барлық күдіктерді жояды. Бұл Президент билігін әлсірету емес, керісінше, мемлекетті басқару процесін тұрақтандыру, билік иерархиясын айқындау. Вице-президенттің міндеттері нақты және түсінікті: халықаралық форумдарда Қазақстан атынан өкілдік ету, Парламентте Президенттің мүддесін білдіру, қоғамдық-саяси ұйымдармен байланыс орнату. Бұл — Президентті ағымдағы рутиналық жұмыстардан босатып, стратегиялық мәселелерге шоғырлануға мүмкіндік береді.
Вице — президентті Президент Парламенттің келісімімен тағайындайды — бұл билік тармақтарының өзара әрекеттесуінің тағы бір көрінісі. Президенттік республика моделі сақталады, бірақ басқару тиімділігі арта түседі. Көптеген табысты мемлекеттердің тәжірибесі осы институттың жұмыс істейтінін дәлелдейді.
Рухани жаңғыру – ұлттық болмысты сақтаудың кепілі
Цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде рухани бірегейлікті сақтау өзекті міндет. Президент дұрыс айтады: «Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады». Бұл — жаңа дәуірдің талабы. «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясы — керемет бастама. Ғылыми еңбектер, мұрағат материалдары, мұражай қорлары, өнер туындылары — барлығы цифрландырылып, жас ұрпақ қол жетімді болады. Бұл тек сақтау емес, зерделеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашу.
Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің өзегі. «Қара сөздерді» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу — әлемге қазақ философиясының тереңдігін танытатын қадам. «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Толық адам» идеясының астасуы кездейсоқ емес- біз ұлы бабаларымыздың ойын заманауи контекстте жалғастырып жатырмыз. Әл-Фараби, Ясауи ілімдерін тұрақты түрде насихаттау керек. Бұл басқаға емес, өзіміз үшін қажет. Олардың мұралары – рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Мерейтой кезінде ғана емес, үнемі еске алуымыз керек.
Қаратау петроглифтері, Сауысқандық, Арпаөзендегі 17 мың петроглиф — төрт мың жылдық тарихымыздың дәлелі. Жаркент мешіті, Вознесенск кафедралды шіркеуі — «Бірлігіміз — әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі. Мұны әлемге таныту — міндет. Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмысы жүріп жатыр. Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді енгізіп жатқан 25 елдің қатарында. Бірақ тоқтап қалуға болмайды – әлі көп жұмыс бар.
«Таза Қазақстан» – жаңа өмір салтының қалыптасуы
«Таза Қазақстан» — бұл науқан емес, күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Президент дұрыс айтады: «Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады». Көшелер, үйлер, ауылдар — барлығы таза, ұқыпты болуға тиіс. Бұл — өркениеттіліктің белгісі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы тұжырымды ұрпақ санасына сіңіру керек. Нағи Ілиясов, Таң ауылдары — үлгі. Бұл жерлерді Президент үнемі атап өтеді. Демек, ауылдық елді мекендер де қала сияқты тазалыққа ұмтылуы керек. «Таза Қазақстан» ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі. Бірақ бұл тек сыртқы тазалық емес, ішкі адалдық та. Жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік қаржыны дұрыс пайдалану, есеп беру – міне, нағыз тазалық.
Жасампаз отаншылдық – нақты іспен Отанға
қызмет ету
Отаншылдық дегеніміз не? Мемлекеттік Туды желбірету, патриоттық ұрандар айту — бұл жеткіліксіз. Президент дұрыс айтады: «Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ».
Жасампаз отаншылдық дегеніміз — зауыттарда, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау ұйымдарында, мектептерде, университеттерде, ғылыми зертханаларда адал еңбек ету.
Әскери борышты өтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, «Таза Қазақстан» акциясына қатысу, волонтерлік қозғалыстарға белсене араласу, қайырымдылық жасау — міне, шынайы отаншылдық!
Депутат Сабильяновтың айтқаны бойынша, бұл — жауапкершілікке негізделген отаншылдық. Еліміздің спортшылары жарқын жеңіспен, ғалымдары іргелі еңбегімен, өнерпаздары тамаша дарынымен Отанды жер жүзіне танытып жүр. Әр азаматымыздың жетістігі — Қазақстанның жетістігі, әр өреніміздің абыройы — барша қазақтың беделі.
Әлеуметтік саладағы
қатерлер: сыбайлас
жемқорлықпен күрес
Президенттің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жемқорлыққа қатысты айтқандары ашынарлық. 2024-2025 жылдары медицинаға 7,8 триллион теңге (15,5 миллиард доллар) бөлінді.
Бұл — орасан қаржы. Бірақ көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылып, мемлекет қаржысы талан-таражға түсіп жатыр. Бүкіл ел экономиканы өркендетуге, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға тырысып жатқанда, әлеуметтік салаға бөлінген қаражат жымқырылуда. «Жедел жәрдем» қызметкерлері мен фельдшерлер наразылық акциясына шығады, ал Қорда қомақты қаржы бар.
Үкіметтің Қорды Қаржы министрлігіне беру шешімі дұрыс. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлығы — міне, мәселенің түбірі. «Адал шенеуніктер» деген талап тек ұран емес, нақты міндет болуы керек. Алаяқтар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Экономикалық алаяқтық, иммиграциялық алаяқтық, цифрлық алаяқтық — барлығына қарсы күресті күшейту керек. Азаматтардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыру, дербес деректерді қорғау — өзекті міндеттер.
Қоғамдық құндылықтарды қорғау: дәстүрлі отбасы
институты
Президенттің қоғамдағы моральдық құндылықтарға қатысты айтқандары ерекше назар аударарлық. Дәстүрлі отбасы институтын заңнамалық тұрғыдан нығайту керек. Бірақ ешкімді қылмыстық қудалауға, моральдық жағынан кемсітуге жол жоқ. «Әр азаматтың таңдау құқығы бар. Алайда ешкім өз таңдауын біреуге күштеп таңа алмайды» — міне, тепе-теңдік формуласы. Шымкентте Нұрай есімді қыздың қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. 130-дан астам өтініш келіп түсті. Қыз алып қашу — адам ұрлау, жабайы қылмыс. Мұндай қатігездікке жол беруге болмайды. Ішкі істер министрі мен Бас прокурор мұқият тексеруде. Заң мен тәртіп — бәріне ортақ. Азаматтардың сана — сезімі өскен сайын заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы керек. Әйелдер құқығын, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету — мемлекеттің міндеті.
Сыртқы саясат: теңгерімділік пен принциптілік ұштасуы
Халықаралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда сыртқы саясаттың маңызы арта түседі. Президент дұрыс айтады: «Дипломатияда бұрыс шешімнің салдары өте ауыр болады.
Мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүдделеріне орын толмас нұқсан келуі ықтимал». Экономикада бір жоспарды басқасымен алмастыруға болады, бірақ халықаралық шарттарға қол қойғаннан кейін одан бас тарта алмайсың. Айтылған сөз — атылған оқ!
Ибраһим келісімдеріне қосылу шешімі — терең ойластырылған, прагматикалық және әділ қадам. Келісімнің атауының өзінде үлкен мән жатыр. Ибраһим (Авраам) — иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар. Бұл — бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға негізделген келісім. Қазақстан — жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет. Біз түрлі халықтар мен діндер арасында татулық пен келісім болуын қалаймыз. Сондықтан бұл келісімге қосылу — біздің бетімізге қарай жасалған шешім. Бұл еліміздің халықаралық беделін көтереді, Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерісіне үлес қосамыз.
Біздің сыртқы саясат ұстанымымыз айқын: барлығымен достасамыз, бірақ өз мүддемізді қорғаймыз.
Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық ету жылы біз жасанды интеллектіні енгізуге, саудадағы кедергілерді жоюға, негізсіз протекционизмге қарсы күреске басымдық береміз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы орынсыз қысымға ұшырап отыр — бұл қалыпты жағдай емес.
Субсидия берілетін өнімдер көбейіп, отандық өндірушілер қиналуда. Бұл — біз үшін азық — түлік қауіпсіздігінің мәселесі. «Тәуелсіздік — бәрінен қымбат!» — бұл мерейтой ұраны емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Президент дұрыс айтады: «Тәуелсіздік дегеніміз — ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім». Бірлікті сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құру — міне, басты мақсатымыз.
«Тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан арылу
Президенттің осы тұстағы сөзі ерекше мәнге ие. Біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек.
Басқа түскен қайғы- қасіреттің бәрін өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу- кешегі күнмен өмір сүру деген сөз».
Бұл — психологиялық жаңғырудың негізі. Иә, тарихта қиын кезеңдер болды. Бірақ біз тек жәбір көргендер емеспіз — біз ұлы өркениет құрған, қуатты мемлекеттер басқарған, әлемге даналар сыйлаған халықпыз! Қорқыт ата дәуірінен бастап, Түрік қағанаты, Қарахан мемлекеті, Алтын Орда — міне, біздің нағыз тарихымыз.
«Біз — болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз. Сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек».
Міне, жаңа ұлттық сана-сезімнің негізі! Өткенді құрметтеу керек, бірақ болашаққа сеніммен қарау керек. Әлем өзгеріп жатыр. Саясат пен экономикадан бастап, климат пен технологияға дейін барлығы қайта қаралуда. Мұндай жағдайда біз де батыл, инновациялық шешімдер қабылдай білуіміз керек. Президенттің Үкімет мүшелеріне айтқан сөзі маңызды: «Егер әлдекімнен немесе әлденеден қорықсаңыздар, маған қызметтік хат жазыңыздар. Егер сіздер қабылдаған шешімнің, иә болмаса ұсыныстың пайдасы болатынын байқасам, оң резолюция қоямын. Бүкіл жауапкершілікті өзіме аламын». Бұл – шынайы көшбасшылық! Жауапкершілікті өз мойнына алу, инновацияларды қолдау, жаңашылдыққа жол ашу – міне, қазіргі заманның талабы.
Конституциялық реформа: жаңа Ата заң туылуы
Парламенттік реформа жоспарлағанда Ата заңның 40- қа жуық бабын өзгерту көзделген еді. Бірақ жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада 33 баб жаңарғанын еске алсақ, ендігі өзгерістер одан әлдеқайда ауқымды. Шын мәнінде, біз жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз. Конституцияның Преамбуласын қайта жазу — ерекше маңызды. «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидат енгізілуі қажет. Сондай- ақ құқықтық мемлекет құру, табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау — мұның бәрі Ата заңда нақты көрініс табуға тиіс.
Қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екенін Преамбулада айқын көрсету керек. Қазақстан Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері — бұл мақтаныш! Цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата заңда міндетті түрде аталуы қажет. Азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы керек. Бұл — ХХІ ғасырдың талабы. Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша да маңызды өзгеріс ұсынылды. Президент мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс сайлау өтеді деген норма Конституцияда нақты белгіленуі керек. Президенттің айтқанындай: «Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл — мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс!» Бұл — демократиялық дәстүрді нығайту, заңдылық қағидатын орнату. Ешқандай сайланбаған басшы, билікке заңсыз келу – болуы мүмкін емес!
Конституциялық комиссия: ашықтық пен кәсібилік
Конституциялық комиссия құру туралы шешім — дұрыс қадам. 100-ден астам адам: Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес өкілдері, білікті мамандар — міне, ең жақсы мидарды жұмылдыру. Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді — бұл жоғары кәсібилік пен заңдылықты қамтамасыз етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Одан кейін халық референдумда өз сөзін айтады. Референдум — демократияның жоғары көрінісі. 2022 жылғы конституциялық реформаға, Атом электр станциясын салуға қатысты референдумдарда халық басым көпшілікпен Президентті қолдады. Бұл — сенімнің, бірліктің көрінісі. Алдағы референдум та осылай өтеді деп сенемін.
Цифрландыру және жасанды интеллект: сөзден іске
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы — бұл сән қуу үшін жарияланған жоқ. Бұл — бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет, стратегиялық міндет. Нәтиже нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс: шешім қабылдау мерзімінің қысқаруы, еңбек өнімділігінің артуы, қызмет сапасының жақсаруы.
Бірақ Президент ескертеді: «Басқару ісінде белең алған берекесіздікті озық технологиялар өз бетімен жойып жібере алмайды». Алдымен басқару жүйесін реттеп алу, мемлекеттік сектордағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін жақсарту керек. Содан кейін ғана цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиясы нақты нәтиже береді. Логистика саласындағы қателіктерге жол беруге болмайды: алдымен көрінген жерге қойма салып, содан кейін инженерлік жүйелер тартылуы — бұл сауатсыздық. Барлық нысандар бірыңғай талаптарға сай, мұқият жоспарлануы керек.
Білім мен денсаулық сақтау: реформалар жалғасады
Жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар келіп түсті.
Президент өз ұстанымын нақты айтты: қазіргі тәртіп бұрмаланған, аудит нәтижесінде заңсыз шығындар анықталды. Жан басына сәйкес қаржыландыру жүйесінің осалдығы — міне, проблеманың түбірі. Үкіметке білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жүктелді. Қаржыландырудың нақты критерийлері қажет. Бизнес саласы орта білім беруді дамытуда маңызды рөл атқаратынын ескеру керек, бірақ мемлекет бақылауын әлсіретуге болмайды.
Денсаулық сақтау саласындағы жағдай одан да ауыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында қыруар қаржы жымқырылған. Мемлекет 2024-2025 жылдары медицинаға 7,8 триллион теңге бөлді, бірақ көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылып, қаржы талан-таражға түсуде. Қорды Қаржы министрлігіне беру — дұрыс шешім. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлығы- кешірілмейтін қылмыс. Азаматтар адал еңбекпен тапқан табысынан, мемлекет болашаққа салуға тиісті қаржысынан айырылып жатыр. Бұған қарсы күресті күшейту керек.
Аралды құтқару:
экологиялық міндет
Аралды құтқару — барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Солтүстік Аралды құтқарып қалдық, Кіші Арал қалпына келе бастады. Көкарал бөгетін биіктету жоба осы жылдың соңында басталады — Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Орталық Азия елдерімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Әлдеқашан ескірген кеңес заманынан қалған мәліметтерді жаңарту, еліміздің су қорына нақты бағалау жасау қажет. Су- энергетика ресурстарын шынайы көрсететін карта әзірлеу керек. Сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру идеясын алға жылжытуымыз керек. Бұл – жаһандық маңызы бар бастама.
Мәдениет пен өнер:
рухани өркендеу
Мәдениет пен өнер — мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі. Қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар, Шымкентте Опера және балет театры салынады. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Театр ғимаратына жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. Наталья Сац атындағы балалар театры да жаңғыртылады. Екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді. Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейі ерекше назар аударарлық. Президент күзде қалаға келгенде мұражайды аралап көрді, оны басқа облыстарға үлгі ету керек деді. Биыл Қызылордада жаңа драма театр және заманауи кітапхана салынады.
Жастар арасында «Қазақстан өрлеу кезеңіне қадам басты» деген пікір бар. Жас буын креативті индустрияны дамытуда зор үлес қосуда. Әлем елдері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп бағалайды. Кино саласы да дамып жатыр.
Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмнің түсірілуі аяқталады. Көп сериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді. Бұл Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді. Мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Қыркүйекте «Өр Алтай — түркілердің ата қонысы» деген халықаралық конференция өтеді. Біз тұтас түркі өркениетін зерделеуге баса мән береміз.
Академиялық тарих: ұлттық сананы қалыптастыру
Бес жыл бұрын Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында төл тарихымызға арналған жаңа академиялық еңбек жазу туралы тапсырма берілді. Бұл жұмыс жыл соңына қарай аяқталады. Қазақстанның академиялық тарихының көлемді жеті томдығы жарыққа шығады. Бұл еңбек мемлекеттігімізді нығайтуға, ұлтымыздың біртұтас тарихи сана- сезімін қалыптастыруға қомақты үлес болмақ. Жинақ Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай шығады. Бұл — зор символдық мәні бар оқиға. Өткенді ұмытпай, болашаққа сеніммен қарасақ, еліміздің дәйекті дамуына жол ашылады. Ұрпақтың отаншылдық сезімі ел игілігі жолындағы нақты іспен ұштасады.
Соңғы сөз:
тарихи жауапкершілік
Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі — бұл ұлт алдындағы есеп беру де, болашаққа бағдар белгілеу де. Әрбір сөзде терең мағына, әрбір ұсынысты мұқият ойластыру бар. Біз тарихи сәтте тұрмыз. Парламенттік реформа, Халық Кеңесінің құрылуы, Вице-президент институтының енгізілуі, Конституцияның жаңа редакциясы — бұл 1991 жылғы Тәуелсіздіктен кейінгі ең маңызды саяси жаңғыру. Бұл өзгерістер кездейсоқ емес.
Олар біртұтас стратегияның бөлігі. 2019 жылдан бастап біз мемлекеттік құрылысты кезең-кезеңімен жаңғыртып келеміз. 2022 жылғы конституциялық реформа, ауыл әкімдерін сайлау, Конституциялық соттың құрылуы, 2024 жылғы АЭС туралы референдум — міне, дәйекті қадамдар. Енді алдымызда одан да маңызды кезең — бір палаталы Парламентке көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент институтын енгізу. Бұл өзгерістер халық референдумында бекітілгеннен кейін Қазақстан түбегейлі жаңа сапаға көтерілмек.
Алға, Қазақстан! Біздің жолымыз — Әділеттілік, Қуаттылық, Қауіпсіздік жолы. Біздің болашағымыз — жарқын, өркениетті, гүлденген ел. Біздің ұранымыз — «Тәуелсіздік — бәрінен қымбат!» Тарих бізді бағалайды. Ұрпақ бізді есте сақтайды. Болашақ бізден басталады!
Еркін ЖИЕНАЛИН,
«AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты.



