Әлеумет

Күзгі тазалық жұмыстары жүргізілуде

Жыл сайын дәстүрлі түрде қолға алынатын күзгі тазалық айлығы аудан орталығы мен ауылдық елді мекендерде жүргізілуде. Осы орайда біз Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиевпен арнайы тілескен едік. Оның айтуынша, күзгі тазалық айлығына мекеме қызметкерлері мекемелерінің қасбетін түзеп, айналасын тазалаумен қатар, тал егу жұмыстарын жүргізіп, өзіндік үлестерін қосуда. Ал, жеке кәсіпкерлердің бұл шараға қатысуы орташа деңгейде. Өйткені, халыққа қызмет көрсетіп отырған жеке кәсіпкерлердің дүкендері немесе кәсіпкерлік нысандардың айналасын тазалау, қоршауларын жаңарту жұмыстарына әлі де болса немқұрайлы қарайтындар бар екені анықталды. Көшенің сәнін кетіріп отырған кәсіпкерлердің әрекеті расында көңіл көншітпей отыр. Осы күзгі тазалық айлығында Ойыл селолық округінен 32 тонна күл-қоқыс шығарылса, ауданның кіре берісіндегі табиғи саябаққа 40 түп үйеңкі ағашы, көпірдің маңындағы жолдың жиегіне 40 түп үйеңкі, 20 түп қарағаш отырғызылды. Айта кетсек, көктем мезгілінде орталық көшелерге 50 түп қарағай отырғызылған еді. Алайда оның тамыр жайып өсе алмауына байланысты жуырда 50 түп қарағай қайта отырғызылды. Бұл қарағай көшеттері көктемде шықпай қалған көшеттердің орнына берілген. Село тұрғындарының «Әкімдік егіп берді, өздері өсірер» деген әнтек ойдан аулақ болғаны дұрыс. Керісінше үйдің маңына егілген көшеттің бой көтеруіне бірге ат салысайық. Өйткені туған жердің өсіп-өркендеп, көркейе түсуі әр ойылдықтың ортақ міндеті. Сондықтан тұрғындарын тұрғын үйлердің әктеліп, аула-жайлары мен сыртқы келбетін сырлап, сәндеу жұмыстарына жұмыла белсенділік танытуға шақырамын!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар