Денсаулық

Ашумен ауру жеңіле ме?

«Жаман малды бақсаң, аузы мұрның май болар» — деген дана халқымыз. Алайда, бұл мақалға қараталдықтар қарсы. Бруцеллездің ошағына айналған округ орталығында мал дәрігерлері қан алу, ауру малды жою жұмыстарын қарқынды түрде қолға алғанымен ауыл тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Өйткені шектеуге қойылған ауылдың малдары жаман аурудан тиылар емес. Мал арқылы күнкөріс жасап отырған ауыл тұрғындары үшін бұдан асқан ауыртпалық жоқ.
Әйтсе де ауру мал адам өміріне қауіпті. Сондықтан ауласында малы азайған ауыл азаматтары мал дәрігерлерін «қансорғыш» атап келемеждеуді қойып, керісінше оларға қолдау көрсетулері тиіс. Сонда ғана адамға жұқса, айықпайтын дертті дер кезінде тоқтата аламыз. Өткен бейсенбіде Берсиев ауылдық округінде тұрғындарға жүргізілген түсінік жұмыстарының да басты мақсаты осы. Оны көршілес Батыс Қазақстан облысынан арнайы келген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық техникалық университетінің биотехнолог, профессор, доценті Гайса Абсатиров та ашып айтты. Бруцеллездің шығу тарихы мен тарау жолдарын бейнеролик арқылы көрсетіп, көп кейіген кеселден бұл жердің малдарын жаман аурудан түбегейлі тазарту арқылы құтылатындығын жеткізді. «Жаңа туған малдан қан алуға бола ма?» — деген тұрғындар сауалына аудандық ветстанцияның директоры Серік Сармұқанов шектеу қойылған ауылдарда ешқандай қозғалыс болмайтындығын атай отырып, заңдағы ережелерге сәйкес жас туған малдың қаны алына беретіндігін басып айтты. Ал, ғалым Гайса Абсатиров та буаз малдан, жас туған малдан екі аптаға дейін қан алуға болмайтындығын және ветеринария саласындағы кейбір заңдарға көптеген өзгерістер қажеттігін жасырмады. Сонымен бірге тұрғындардың тоқтаусыз қойған көкейтесті сауалдарына толыққанды жауап берілді. Әйтсе де «тай таңбасыз, қой енсіз» қалмайтын заманда тұрғындардың «Ойылдық делдалдар баспағымызды 5 мыңға бағалады» — дегені буынсыз жерге пышақ сұққандай әсер қалдырды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қаратал-Ойыл.

Басқа жаңалықтар