Білім

Тайсойғандағы жаңа мектеп шағын ауылдың шаттығы

1 қыркүйек күні Саралжын ауылдық округіне қарасты Тайсойған ауылында білім күні биыл ғана бой көтерген жаңа мектептің ашылу салтанатымен ұштасты. Сәулетті мектептің ашылуына жиналған жұртшылықтың қуанышын облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен аудан әкімі Асқар Қазыбаевтар бөлісті.
Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының үшінші бағытында «Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарған арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды» тапсырған болатын. Оның жемісі бізді көп күттірген жоқ. Әрине, бұл мектептің іргетасы 2017 жылы қаланғанымен, әртүрлі себептермен тоқтап қалды. Бұл мектеп «сақалды құрылысқа» айнала бастағанда, облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауданға сапарын осы мектептің құрылысын жүргізіп жатқан мердігермен кездесуден бастаған еді. Кездесу барысында, облыс басшысы құрылысқа бөлінген қаражатттың кешікпейтініне кепілдік берсе, мердігер «Техно.С» ЖШС-нің директоры Серік Сүйінтаев «Тайсойған ауылының балалары жаңа оқу жылын жаңа мектепте оқиды» — деп уәде берді. Міне, орындалған уәденің куәсі.
Соңғы екі жылда облыста пайдалануға берілген 21 мектептің бірі осы білім ордасы. Қырық шақты түтін тоғысқан шағын ауыл үшін білім күні нағыз мерекеге айналды. Ауылдастарының қуанышына Ақтөбеден ат сабылтып келген ағайындар да көп. Көгілдір отын құбыры жүргізіліп жатыр. Орталықтандырылған ауыз су жүргізу алдағы күннің еншісінде. Демек, жол бойындағы ауылдың көркейер күні алыс емес.
Ал, салтанатты сәтте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Әскербекұлы мерекеге жиналған жұртшылықты ауылдағы қуанышпен құттықтап, облыс басшысының сәлемін жеткізсе, облыстық білім басқармасының өкілі Света Жұбаева да тайсойғандықтарды тарихи қуанышымен құттықтады. Көп жылдар бойы білім саласында еңбек еткен Кенжебай Қазмағамбетов те шағын ауылға осындай сәулеті мен дәулеті жарасқан мектеп «сыйлаған» азаматтарға аға буынның атынан алғысын жеткізді. Осы мектептің 9 класс оқушысы Кәрім Жақсыбаев ағаларға алғысын өлең жолдарымен өрсе, мектеп құрылысын межелі мерзімде бітірген «Техно.С» ЖШС-нің директоры Серік Сүйінтаев мектеп басшысына білім ордасының кілтін салтанатты түрде тапсырды. Мектептің лентасын еңбек ардагері Нұрберген Бержекенов пен Серік Сүйінтаев қиды. Ақ жаулықты аналар шашу шашты. Одан соң, қонақтар «Жақсыны көрмекке» ұмтылды…

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар