ӘкімдікӘлеумет

Көл тартылса, құс қашар, Өзен тартылса ше?

Біздің аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын болғандықтан бүгінгі күнде қозғалып отырған өткір мәселе Ойыл өзенінің тасымауы. Себебі соңғы уақытта қуаңшылық салдарынан яғни, күзгі жауын-шашынның болмауынан тоңның түспеуі, қардың аз мөлшерде болуынан өзен суы арнасы толмай ағады. Қазіргі таңда аудан деңгейінде еріктілер мен ынталы топ ауданның атқамінер азаматтарымен бірлесе қолдан келер шараларды жүзеге асырып жатыр. Өзеннің арнасын басқан қамыс-қоғалар шабылып, жаз уақытында балдырларын да тазалау жұмыстары жүргізіліп келеді. Әйтсе де табиғаттың келеңсіздігінен туындаған мұндай жағдайға жай адамның күші жетпейтіндігін ескерген жерлестер қайткенде де Ойылдың бүгінгі жайын бейқам қалдырмау керектігін айтып жан-жаққа дабыл қақты. Нәтижесінде бұл мәселеден хабардар болған министрлік өкілдері бұл жайтты ескерусіз тастамады. Жақында ғана Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов ауданымызға арнайы атбасын бұрды. Сондай-ақ, «Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Бейбут Кадимов, «Казгидромет» РМК, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев, «Казгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Саиров, Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев, Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов ойылдықтармен арнайы кездесіп, Ойыл өзенінің тасымау салдарын талқылады. Кездесу барысында алдымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев ауданның әлеуметтік-эконмикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, Ойыл өзенінің бүгінгі күйін хабардар етті. Одан кейін көптің көкейіндегі өзекті мәселені нақты шешіп, талқылау үшін сөзді арнайы мамандарға берді. Ойыл, Жем өзендерінің бүгінгі күйіне мемлекеттің қолдауы керектігін айтқан жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерінен хабардар болған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов мұндай жағдайдың орын алуы табиғи фактор екенін жеткізді. Өйткені бұған дейін аталған өзендерге зерттеу жүргізу барысында өзен бойларында өзенді бөгеп, бөгеттер салу сынды әрекеттер байқалмаған.
«Осындай жағдайлардың орын алуының бірден-бір себебі өзендерге құятын бұлақтардың көздері бітелген. Оған қоса елімізде бұлақтарды тазалау, көзін ашып қадағалау жұмыстары заңмен реттелмеген. Сондай-ақ өзеннің тасымау салдары жауын-шашынның азайып, тоңның болмауы деген болжамдамыз. Оған қоса өзен жағалауларын қамыс-қоғалардың басуы су арналарының бітелуіне кері әсерін тигізуде. Міне біздің Ойылға ат басын бұрғандағы басты мақсат өзен бойын қоныстанған жергілікті тұрғындармен арнайы жүздесіп, Ойыл өзені туралы толық ақпарат алу. Сіздерден түскен ұсыныстарды негізге аламыз деген жоспарымыз бар», — деді. Әрі қарай «Казгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Саиров «Ойыл және Жем өзендеріне бақылау жұмыстары XX ғасырдың 35 жылдарынан бастау алады. Екі өзенде де біздің бақылау пункттеріміз бар. Солардан жинақтаған зерттеу жұмыстарын айтар болсақ ауа райының параметрларының су ағынында тигізетін әсері көп. Жем, Ойыл өзендері бір географиялық аймақта жатқандықтан екі өзеннің де жағдайы бір-біріне ұқсас. Ауаның орташа температурасы төмендеген», — деп, қыста қардың түсу деңгейі мен күзгі жауын-шашынның жерге сіңген ылғалдылығына талдау жасай келе,
зерттеу жұмыстарымен таныстырды. Келесі кезекте Ойыл өзенінің жанашыр еріктілер тобы өз ойларын ортаға салды. Тоқтала кетсек, Айдынғали Қоғабаев Ойыл өзені бұрында 10 жылда 4 рет таситынын айтып, оған құятын негізгі 8 саласы барын мәлім етті. Сондай-ақ су маманы ретінде Ойыл өзені туралы кеңірек әңгіме өрбітті. Одан кейін, «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин Ойыл өзенін жағалай отырған шаруашылықтарға тәртіп керектігін айтып, өзен арналарында табиғи бөгеттер пайда болып жатқандығын жеткізді. Мәселен, қамыстың қаулап шығуы нағыз табиғи бөгет екенін айтса, Серік Қартбаев Ойыл өзенін тазалауға қаражат пен техника керектігін кесіп айтты. Расында Ойыл өзені мемлекеттің қамқорлығына алынған жағдай бұл жұмыстар тиісінше атқарыла беруі тиіс. Расында «Ойыл көздің жасы еді», — деп Асанқайғы бабамыз жырлап кетті. Бұл сол кезеңнен-ақ Ойылды көзге ілмей, шұрайлы жерге кеңес құрмай бара жатқандығын дәлелдейді. Бірақ қазір Ойылдың жайы басқа. «Көл тартылса құс қашар», — демекші көзіміздің жасындай Ойыл тартылса ше..? 

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар