ӘкімдікБасты тақырып

КӨПТОҒАЙДА КЕЛЕЛІ ІСТЕР КӨП

Жуырда аудан әкімі Асқар Қазыбаев Көптоғай ауылдық округі мен Шұбарши елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Онда ауыл тұрғындарына ауданның 1 жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, көкейкесті сауалдарына толыққанды жауап берді. Биыл Көптоғайда атқарылатын келелі істер көп. Ауылдың төрт көшесіне асфальт жамылғысы төселді. Сондай-ақ дәрігерлік амбулатория салу жұмыстары жүргізіледі. Ал, Шұбарши елді мекеніне орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту үшін қаржысы бөлініп тұр. Бұл шұбаршиліктер үшін үлкен қуаныш. Ауылға жасалынып жатқан игі істердің жарқын көрінісі іспетті. Сонымен қатар Шұбаршиге шағын футбол алаңын салу үшін аудандық бюджеттен қаржысы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Бұрын мұндай спорт алаңы аудан орталығында ғана болса, қазір ауданға қарасты елді мекендер мен шағын ауылдарда көптеп салынуда. Бұл ауыл баласын спортқа бір табан жақындата түскендей. Осындай игі істердің атқарылуына мұрындық болып, аз да болса қаражатты ауылдың ажарлануы үшін тартып отырған аудан әкімі кездесуде тұрғындарға өз атынан өтінішін жеткізді. Әкімнің өтініші қандай дейсіз бе?! Ендеше тарқата кетейік, тұрғындарға тұрғын үйлерінің сыртқы қасбетін әктеп, қоршауларын тіктеп, тазалыққа мұқият назар аудару керектігін баса айтты. «Ауылына қарап азаматын таны!» деген мақалды ұстанған әкімнің айтпақ ойының жаны бар. Әлбетте «Ауылда тұрамыз ғой, ауылға жарайды» деген бойымызға сіңген теріс пікірден арылып, ауылдың ажарлануы үшін алтын бесікке абыройлы міндет қылу бәріміздің ортақ парызымыз екенін ұғынатын сәтке жеттік. Бұрын тұрғындар тарапынан елге қатысты көтерілетін мәселе көп болатын-ды. Қазір тұрғындардың тілегі рет-ретімен шешімін тауып келеді. Демек, иек астынан жоқты іздеп, жалған намыспен сын айту береке бірлігімізді нығайтуға жол ашпайтынына әбден көзіміз жеткендей. Елге болсын десек, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қызмет қылайық ағайын!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Шұбарши-Көптоғай-Ойыл.

Басқа жаңалықтар