Рухани жаңғыру

Ғұмырдың өзгеше өзегі

Ақтөбе қаласының 41-разъезд ауданында Ахметжан Қойшығұлов атында көше бар. Ал оның қандай адам болғанын, қай дәуірде өмір сүргенін, елімізге сіңірген еңбегін көпшілік жұрт біле бермейді. Білмегендіктен де, «кейінгі кездерде көшелерге кім көрінгеннің есімі берілетін болды» деп, орынсыз кінәлап жатады. Егер алдын ала түсіндіру жұмыстары жүріп, көше атауы берілген тұлға туралы жан-жақты мағлұмат айтылса, өмірден өтіп кеткен адамды бұлай жаңсақ ғайбаттауға орын қалмас еді. Біз білетін Ахметжан Қойшығұлұлы — ірі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері.

Көше аты кімге берілді?
Соның дәлелі — менің алдымда жатқан құжаттар. Бұл құжаттарды оның жақын інісі, еліміздің энергетика саласының белгілі маманы Сансызбай Қуатов еліміздің орталық мұрағаттарынан сұратып алдырған. Оның көпшілігі қайраткердің бір кезде өз қолымен толтырылған іс қағаздары. 1964 жылдың 2 қаңтарында орыс тілінде жазылған өмірбаянында ол мынадай деректер береді.
«Мен, Қойшығұлов А.Қ. 1905 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында Ақшатау ауылдық кеңесінде Калинин ұжымшарында кедей-шаруаның отбасында дүниеге келіп, 1922 жылға дейін тұрдым. Әкем Қойшығұл Ажаипов ұста болды, ол 1945 жылы, шешем 1951 жылы қайтыс болды. 1912 жылдан 1918 жылға дейін екі кластық орыс-қырғыз училищесінде, 1918 жылдан 1921 жылға дейін Орынбор қаласында мұғалімдер семинариясында оқыдым. Қазан төңкерісімен байланысты оқудың үшінші курсынан кеттім…
1922-1924 жылдар аралығында Орал қаласы, Қаратөбе, Ойыл кенттеріндегі байланыс жүйесінде почталық-телеграфтық қызметкер болып жұмыс жасадым. 1924 жылдан 1927 жылға дейін Қызыл Армияда өз еркіммен қызмет етіп, Саратов қаласындағы атты әскер бөлімінде взвод командирі болдым.
Әскер қатарынан оралғаннан кейін, екі жыл сот-тергеу органдары жүйесінде жұмыс істедім. Маңызды істер бойынша тергеуші, ауданның прокуроры қызметтерін атқардым. 1929 жылдан 1938 жылға дейін еліміздің Ішкі істер министрлігінде жауапты қызметтерде болдым.
1938 жылдан 1939 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметінде, 1939-1940 жылдар аралығында Қазақ КСР Автокөлік халық комиссариатын басқардым. 1940-1942 жылдары Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Мемлекеттік бақылау халық комиссары қызметтерінде болдым.
1942 жылдан 1947 жылға дейін Қазақстан Республикасы Орталық партия Комитетінің қорғаныс өнеркәсібі бойынша хатшысына, бұдан кейін үшінші хатшысына сайланып, партияның басшылық қызметтерінде болдым.
1947-1950 жылдары Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, одан кейін үш жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы су шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1954 жылдары еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары лауазымдарын атқардым.
1955 жылдан 1961 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Қоныстанушыларды орналастыру және ұйымдастыру бас басқармасын басқарып, сол жылдың қараша айында одақтық маңызы бар зейнеткерлік демалысқа шықтым.
1922 жылдан 1932 жылға дейін комсомол мүшесі қатарында, 1932 жылдан КОПК мүшесімін, партиялық жазам жоқ.
Алған марапаттарым: екі «Қызыл жұлдыз», Еңбек Қызыл ту, I дәрежелі «Отан соғысы» және «Құрмет белгісі» ордендері. «Ұлы Отан соғысында сіңірген еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», басқа да бірнеше медальдар.
Үйленгенмін, әйелім, екі ұлым, бір қызым бар. Балаларым жоғары білімді, өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді».
Міне, осыдан бір жылы кем, елу жыл бұрын, өз қолымен жазылған ресми құжаттан елі үшін қызмет еткен азаматтың бүкіл өмір жолы көрініп тұр. Біз сол өнегелі ғұмыр, үлкен еңбектің үш кезеңін ғана ой елегінен өткізбекпіз.
Калашников пен Қойшығұлов
Бұл адамды бүгінде күллі әлем біледі. Ұлы Отан соғысының шешуші жылдарында аса оңтайлы қару жасаған және оны кейін жетілдірген маман. Сол есімі аңызға айналған атақты М.Т. Калашниковтың «Қару жасаушы-конструктордың жазбалары» деп аталған кітабы бар. 1992 жылы Мәскеудің «Воениздат» баспасы «Әскери мемуарлар» сериясы бойынша шығарған. Осы көлемді кітапта автор Қазақтан Республикасы Орталық партия Комитетінің қорғаныс өнеркәсібі жөніндегі хатшысы қызметін атқарған Қойшығұлов туралы да жазады. Біз кітаптың сол тұсын толық аударып ұсынуды жөн көрдік.
ххх
«Соғыс кезінде қолында өз бетімен жасаған пистолет-пулеметі бар жаралы аға сержанттың аяқ астынан пайда болуы талайларды, оның ішінде сүйегіне дейін кәсіпқой әскери адамға бірқатар күдік тудыратыны түсінікті еді: қару қайдан жүр, қандай мақсат? Менің ойда жоқта сап ете түсуімді облыстық әскери комиссариаттың адъютанты тап солай қабылдады. Мен оған жаралы болуыма байланысты демалыста болған кезде пистолет-пулеметтің жаңа үлгісін жасағанымды және өзіммен бірге соны алып келіп отырғанымды баяндағанымда, оның шын мәнінде есі шығып кетті.
Мен әскери комиссардың өзіне жете алмадым, адъютанттың бұйрығы бойынша табан астында тұтқынға алындым. Пистолет-пулеметтің үлгісін менен сол жерде тартып алды, белбеуімді шештірді. Бір сөзбен айтқанда, асқан қырағылық танытылды және ол жерде ешкімге ренжудің реті де жоқ еді. Бәрі айқындалғанын, тез шешілуін күтіп жатудан басқа ештеңе қалмады.
ххх
Үшінші тәулік өтті, ал менің тағдырым әлі шешілген жоқ. Бір мезетте түске қарай есік ашылып, табалдырықтан әскери комисариаттың мені соншалықты азап шектіріп, қапаландырған адъютанты көрінді.Ол маған белбеуімді, пистолет- пулеметімді қайтарып берді және сондай жылы сөйлеп:
— Жолдас аға сержант, төмен түсіңіз. Онда сізді көлік күтіп тұр. Тек әуелі өзіңізді тәртіпке келтіріңіз, — деді.
Баспалдақ бойымен түскенім сол еді, подъезден-ақ көшеде, шынында да, қара түсті жеңіл көліктің тұрғанын көрдім. Адъютант қолымен оны көрсетіп, есігін ашуға ұмсынды. Енді менің бас сындыруыма тура келді: не үшін мұндай құрмет, кім маған қамқорлық жасап отырған?
Көлікке отырған соң, мұның мәнісін жанымдағылардан сұрадым. Олар бірден кесіп айтты:
— Қазақстан (большевиктер) Компартиясының Орталық комитетіне, Орталық Комитет хатшысы жолдас Қойшығұловқа сізді жеткізуге бұйрық болды.
ххх
Республика Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы мені ықылас қойып тыңдады. Ол, әрине, қолөнершілікпен қолдан жасалған қарудың мейлінше жетілдіруді қажет ететінін бірден түсінді. Оған техникалық құжаттар негізделіп даярлануы керегін де білді. Әлі де оның бірнешеуін және жетілген түрін жасау керек болатын. Тек оны қайда жасауға болады? Жолдас Қойшығұлов телефон тұтқасын алып, өзін біреумен жалғастыруды сұрады. Сосын маған бұрылып, былай деді:
— Бізде қару жасау ісінің асқан білгірі бар. Шындығында, ол авиациялық, екінші рангадағы әскери инженер Казаков — Мәскеудің авиациялық институтының факультет деканы. Мен оны қазір осында шақырдым. Міне, енді сонымен бірге жұмыс істейтін боласың. Факультеттегі жоғарғы курстың студенттері сіздерге техниканы жобалауды, сызуды, есептеуді үйретіп, жәрдемдеседі. Онда бәрін қайта жасауға, жетілдірілген үлгілерін даярлауға байланысты жұмыстарды жақсы меңгере аласыздар. Бұл істе олардың бай тәжірибелері бар. Құрал-саймандармен, қондырғылармен де жақсы жабдықталған. Мен ол жерде бірнеше рет болдым. Институтта жұмыс істейтін көптеген мамандарды, ғалымдарды білемін.
ххх
— Андрей Иванович, аға сержантты өзіңіздің қамқорлығыңызға алуды өтінемін. Оның сізге ұсынатыны бар, менің ойымша, бұл іс қызықты және болашағы айқын. Жас конструкторға жәрдемдесіп, үлгіні бірге жасап көріңіздер. Жұмыс барысы туралы маған хабарларсыздар. Ату сынағы жүрер кезде, бірден хабар айтыңыздар. Пистолет-пулеметтің алғашқы сынақшысы болғым келеді. Табыс тілеймін.
ххх
Институтта жұмыс тобы құрылды (күнделікті әңгімеде оны Қазақстан (большевиктер) Компартиясы Орталық Комитетінің арнаулы тобы деп атадық). Оған пистолет-пулеметтің одан арғы үлгілерімен айналысу тапсырылды.
ххх
Сынақ қаланың сыртында, тауда өтетін болды. Қойшығұлов әлде бір генерал-майормен бірге келді. Пистолет-пулеметтің жұмысымен танысып, оның қалтқысыздығын бірінші болып тексерді. Генерал-майор қарудың жұмысы жөнінде өзінің ойын бір сөзбен білдірді:
— Жақсы.
— Несі бар, әскери маман жоғары баға берді, — деді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Қойшығұлов маған жақын келіп, — Расында да, ол шындыққа сәйкес келе ме, өзім жеке көз жеткізгім келеді. Бұған жас конструктор қалай қарайды? Қарсы болмай ма?
Ол үлгіні құшырланып сынап көрді. Сірә, пистолет-пулеметтің іс-қимылы қатты ұнаған болу керек. Оның атуға әуестенгені сондай, біз өзімізбен бірге алып келген патронның қалай таусылғанын аңғармай қалдық. Орталық Комитеттің хатшысы жерден көтеріліп, барлығымызға жұмысымыз үшін алғыс айтты және маған:
— Сен керемет еңбектендің. Алайда біздің пікіріміз әлі де ақырғы емес, біз тек сіздің табыстарыңызға бірге қуана аламыз. Шешуші сөзді енді атыс қаруының мамандары айтады. Сондықтан, жолдас Калашников, Самарқандқа баруға жиналыңыз. Онда қазір Дзержинский атындағы Артиллерия академиясы орналасқан. Және Казаковқа назар аударып: «Андрей Иванович, Сізден Орта Азия әскери округінің Әскери кеңесіне және Самарқандтағы профессор Благонравовқа ұсыныс хат әзірлеуіңізді сұраймын. Мен оларға өзім қол қоямын», — деді.
Қателесу және кешірім
Соғысқа дейін тағдырын Қазақстанмен байланыстырған Калашниковтың кейін қандай атақты адам болғаны көпшілікке белгілі. Мемуарын да арада жарты ғасыр өткеннен соң жазып отыр. Уақыт, үлкен кісінің жады көп нәрсені көмескі тарттыратыны кездесетін жағдай. Конструктор да бір кездегі оқиғаны, өзіне қамқор болған басшының еңбегін сол күйі есінде сақтағанмен, аты-жөнін жазғанда қателеседі. Әрине, өзі өмірден әлдеқашан өткенмен Ахметжан Қойшығұловтың артында қалың ел, отбасы, бала-шағасы, ұрпағы бар. Жасы ұлғайғанымен, жолдасының да көзі тірі. Қызы Әсия Ахметжанқызы оқымысты адам. Кітаптан әкесі туралы жазылған жолдарды оқиды. Сосын осы бір-екі жылдықта, Калашников Қазақстанға келген кезде кітап туралы алғысын, пікірін айтып хат тапсырады. Ірі адам әр кезде ірілігін қылады ғой, атақты конструктор оны елеусіз тастай салмай, мынадай жауап хат жазады:
«Құрметті Әсия Ахметжанқызы!
Сіздің хатыңызды қызығып оқып шықтым және ол жетпіс жыл бұрын өткен оқиғаларды еске салды. Сол алыс жылдарда Сіздің әкеңіздің назар салып, баға жетпес көмек көрсетуінің, ықпал жасауының арқасында менің тағдырым түбірімен өзгерді. Мен қару жасаушы конструктор болдым!
Өзінің мемлекеттік қызметінен күні-түні бас бұра алмай жүргеніне қарамастан, ол менің алғашқы қаруымның үлгісі — қолдан жаслаған пистолет-пулеметті ілгерілетуге іс жүзінде жәрдем беріп, соғыс кезінде Қазақстанға қоныс аударған әскери мамандарға қауыштырды. Сол арқылы мен атыс қаруын жасайтын конструкторлық жұмысқа қосылдым.
Кешігіп те болса, мен өзімнің естелік кітаптарымда Сіздің әкеңізді Қайшығұлов деп қате атағаным үшін кешірім сұраймын (ескерту: біз аудармада түзетіп алдық-ред.).
Хабарыңыз және құттықтауыңыз бен тілегіңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Шын көңілден Сізге, Сіздің туысқандарыңызға денсаулық, жақсылықтар тілеймін!
Бас конструктор, Ресей Федерациясының Батыры, екі мәрте Еңбек Ері, генерал-лейтенант М.Т.Калашников». Хат өткен жылдың қараша айында жазылған.
«Қойшығұловтың көк арбасы»
Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзі бастамашы болып қабылдаттырған «Көркейе бер, туған жер!» акциясы бар. Биыл екінші жыл жалғасуда. Осы шара Ахметжан ағамыздың ел ішінде аңызға айналған іс-әрекетін есіме салады. Республиканың басшылығында қызмет істеген жылдарында өзінің туған ауданы — Ойылға бірнеше көк арба жіберген ғой. Қазіргі жастар арбаның ол кездегі қадірі түгілі, оның не екенін де көз алдарына елестете алмауы мүмкін. Әрине, соғыстан кейінгі туған ұрпақ біледі арбаны, бірнеше түрі бар оның. Өгізге жегетін ырдуан арба. Ал мынау салыстырмалы түрде атқа жегуге де ыңғайлы, арнаулы зауыттан шыққан әсем көк арба. Қазіргінің джипі сияқты. Ол заманда мұндай арбаға мінген адам бай баласындай шалқып отырады. Өңірде мұнан өзге ондай арба жоқ, сондықтан халық «Қойшығұловтың көк арбасы» деп атап кеткен. Осыны ана жылы біреу қателесіп, баспасөзде «Қойшығұловтың көк шайы» деп жазды. Көк шай емес, өзінің туған жері Ақшатауға жәшіктеп үнді шайын жіберген кездері де болған. Алыста жүрсе де ағамыздың туған ауданы, туған жеріне деген сағынышы, сәлемдемесі бұл. Сталиннің заманында да мұны ешкім қызмет бабын пайдалану деп айыптамаған, түсінген. Егер азаматтың өзінің отбасына, тума-туысқандарына, туған жеріне шапағаты, қайыры тимесе қандай адам болғаны. Мен бұл жерде заңды, тазалықпен болатын жақсылықтар туралы айтып отырмын.
Зейнеткер болып жүріп те…
Басшылық қызметтен алпысыншы жылдардың басында зейнеткерлікке шығып кетсе де, дүмді жерлерде қызмет атқарған Ахметжан ағаның сол кездегі астанамыз Алматыда абырой-беделі жоғары болған. Әр қоғамның өзінің жұмыс әдісі бар. Кеңестік заманда жол, көпір, бөгет сынды ірі нысандардың құрылысын жоспарға енгізу ақырет еді. Осы қиындықтарды Қойшығұловтың тікелей араласуымен жетпісінші жылдары Ойыл ауданының басшылығында болған азаматтар жеңілдетіп жүреді. Соның арқасында Ойыл өзенінен, Келбатырдан халыққа қазірге дейін қызмет етіп келе жатқан берік көпір тұрғызылады, тас жолдар, ондаған бөгеттер, тоғандар салынады. Бұл шаруалардың кілтін Ахметжан Қойшығұловтың қалай тапқаны жайында сол тұста Ойыл аудандық жол мекемесін басқарған әрі жақын інілері, марқұм Аққали Берғалиев қызық хикая қылып шертуші еді…
Ақтөбе топырағында туып, қоғам қайраткеріне, республиканың басшылығына дейін көтерілген Ахметжан Қойшығұлов елім, Ақтөбе аймағы деп еңіреген ерлердің бірі. Оған өмір бойы бүйрегі бұрып өткен және сол жолдағы әр әрекеті бүгінде аңызға айналған. Демек, сондай адамға Ақтөбе шаһарынан көше бұйыруы ердің, азаматтың қадірін білгендік. Болашақта сол көшеде Ахметжан Қойшығұлов ескерткіші тұрса жарасымды болар еді.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.
2013 жыл

Басқа жаңалықтар