Басты тақырыпЭкономика

БҰРАЛҚЫ ИТТЕР: ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Қазіргі уақытта елімізде көше кезіп жүрген бұралқы иттер мәселесі өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Бұралқы ит – әуелде иесіз емес... Әртүрлі себептермен көше кезген бұралқы итке айналды. Осындайда аталарымыздың «Итті де иесімен қинасын!» деген сөзі еріксіз еске түседі.

Мәселенің басты себебі – тұрғындардың жауапсыздығы. Асыраған итіне жауапсыздықпен қарап, әуелі оны көшеге бос қоя береді. Уақыт өте олар қараусыз қалған иттерге айналып, көше кезіп кетеді. Ал олардың көбеюі тұрғындардың қауіпсіздігіне, санитарлық жағдайға кері әсер ететіндігі айтпаса да белгілі.
Топталған иттер малға шауып, ауыл маңындағы үйлерге қауіп төндіреді. Қыстың қысқа күнінде мектептен қараңғы уақытта қайтатын оқушылардың қауіпсіздігіне де алаңдаушылық бар.
Көшеде жүрген иттердің негізгі бөлігі иесіз емес екені анық. Бірақ, иелері олардың бос жүруіне жол беріп, күтім жасау, екпе егу және тәртіпке бағындыру мәселесін назардан тыс қалдырады. Қараусыз қалған иттер күл қоқысты аралайды, ауру таратады, топтасып үй жануарлары мен құстарға шабуыл жасайды. Тұрғындардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірген жағдайларды құлағымыз шалып та жүр. Амал қанша осы саламен айналысатын мамандардың қолы жіпсіз байлаулы. Осы мәселелерді шешу жолында 2022 жылдың 30 желтоқсанында қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданған болатын. 2023 жылдың 2 наурызынан бастап осы заң күшіне енді. Енді бұралқы иттерді бірден жою емес, оларды ұстап, күту және стерилизациялау арқылы олардың көбеюін шектеу қарастырылып отыр.
Заң бойынша бос жүрген иттерді иесі табылғанға дейін 2 ай бойы арнайы орында ұстау қажет. Иттің иесі табылған жағдайда 10-нан 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл жағдай тағы қайталанса, айыппұл екі есе өседі.
Яғни, үй жануарына жауапсыздықпен қарасаңыз 39320 немесе 117960 тенге аралығында айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Әрине, бұл жағдайдың алдын алғыңыз келсе жауапкершілік танытқаныңыз жөн. Алайда айыппұл көлемі артқанымен, жауапкершілік танытып отырған адам аз.
Ауданымызда бұл мәселенің көтерілуіне себеп иттерді уақытша ұстауға арналған орынның жоқтығы. Ал, бала кезімізді көзіміз көрген иттің көзін жою қазір құпталмайтын жайт. Өйткені заң күшіне енгеннен бастап бұралқы итті ату заңсыздық. Панажай мәселесіне келер болсақ, құрылыс жұмыстарынан басқа атқарылуы керек нәрсе шаш етектен. Мысалы, панажай салса, онда жұмыс жасайтын, иттің күтімімен айналысатын мамандар, ауланған иттерді тамақтандыру шаралары тағы бар. Қысқасын айтсақ, қыруар қаражат пен уақытты талап ететін жұмыс.
Мәселе шешімін табу үшін қоғамның көңіл аударар немесе жаға ұстайтын жағдайдың болуы қажет екенін айтпаса да түсінетін жағдайға жеттік. Ал, әзірге бұл мәселе шешімі табылмаған күйінде қала бермек.
Әділет ШАБАЙ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button