Әлеумет
Ауыз сумен қамту бүгінгі қарбалас — қыстың қамы
Тазалығымен, құнарлылығымен ерекшеленетін ауызсуымыздың қадірі көпке белгілі. Күнделікті тұтынатын тіршіліктің бірден бір көзі - сол ауыз судың тұрғындарға үздіксіз берілуін қамтамасыз ету «Көкжар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мойнында. Аудан орталығы бойынша қазіргі таңда ауыз суды жеткізуде ешқандай кедергі жоқ.
Бірақ су жердің астында тегін болғанымен, ол әр үйге қомақты қаржының күшімен жетеді. Электр қуатына тәуелді болғандықтан бағасы сонымен бірдей өседі. Биылғы жылдың 8 айында 169700 м 3 жер асты су өндірілген. Жалпы аудандағы ауыз су құбырының ұзындығы 113 шақырым. Осынша құбырды жыл сайын жөндеп, ескілерін ауыстыру, қосалқы бөлшектерді сатып алу «Көкжардың» қалтасынан шығады. Соңғы айда қысқа дайындық мақсатында бірнеше көшедегі бұрандалар ауыстырылып жатыр. Жұмыс істемей тұрған төтенше оқиға кезінде су алатын 4 гидрант іске қосылды. Соған байланысты белгілі бір уақытқа дейін уақытша су тоқтады. Ауданымыздың барлық округ орталықтары ауыз сумен қамтылды. Тек жалғыз ғана Қайыңды селолық округі биыл тұщы судың игілігін көрмек. Одан бөлек Көптоғай округіне қарасты Амангелді елді мекеніне ауыз су жетіп тұр. Ал Құмжарған елді мекенінде су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы Каракемер, Ақшатау елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу жоспарда тұр. Бұйыртса 2020 жылға дейін ауданымыздағы барлық ауылдарда ауыз судың мәселесі шешілмек. Демек, тұрғындардың ауыз су жөнінде алаңдауға негіз жоқ. Бәрі бақылауда, қадағаланып тұр.
Жоспарлы кешенді тексеру кезінде Сарбие, Көптоғай, Кемер, Қаратал ауылдарындағы су бекеттері мен құбырларының ақаулары анықталып, қазір бәрі қалпына келтірілді. Жыл сайын резервуарларды дизенфекциялау және бактериалогиялық анализ жасау жұмыстары жүргізіледі.
«Тұрғындардың түсінігі қалыптасты. Суға ақшаларын уақытылы төлеп тұр. Бұл біздің берешек тұтынушыларымызды азайтты. «Көкжар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 35 адам жұмыс жасайды. Олар жалақыларын уақытылы алады. Біздің бір қиындығымыз — арнайы технканың (Эксковатор) болмауы. Одан басқа бригада мүшелерін таситын автокөлік керек. Сол себепті ақау шыққан жерді жедел іске қосуда кедергілерге тап боламыз. Ал ең үлкен мәселеміз отырған ғимаратымыз өте ескі. Өз күшімізбен ауласына жаңа ғимарат салуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін жобалық сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Бұл жұмыс қазір аудан басшыларының назарында тұр» — дейді «Көкжар» коммунальдық кәсіпорынның инженері Сәкен Құлбаев.
Жаз бойы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тіркелген 12 апаттық жағдайлар дер кезінде жөнделді. Істен шыққан қондырғылар ауыстырылды. Қазіргі таңда аудандағы ауыз су бекеттері мен құбырлары қысқы кезеңге дайын. Апаттық жағдай орын алған кезде шұғыл ауыстыру үшін қосымша қор жасақталып, қосалқы бөлшектер сатып алынды.