Мәдениет

Гүлжан Алдашева: «Қазақтың тойын қазақшалап жүрмін…»

...Осы бір киіктің құралайындай әдемі келіншекті бірнеше басқосуларда байқадық. Қолдың басындай шағын денеге  соншалықты ашық, зор дауыс қалай сыйып тұрғанына таң қалғанымыз бір бөлек, соңғы кездері  жоғалып кеткен -өлеңнің мәтінін бұзбай, халық әндерінің бояуын сол қалпында орындайтынына тағы тәнті болдық. Елдің ішінде таланттар аз емес, алайда солардың көңге көмілген гауһардай елеусіз қала беретініне қынжылып жүргенбіз, кейінірек Алға аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа келгенін естіп, арнайы сөзге тарттық.

«Туған жерім — Ойыл. Бала кезімізден атақты Көкжар жәрмеңкесі, Шернияз ақын, Қызыл әнші жайлы естіп  өстік. Соңынан қалмай жүріп домбыра үйренген ештеңем жоқ, екінші сынып оқып жүргенде тыңқылдатып бастадым да, өз өзімнен үйреніп кеттім. Әкем Шәти кезінде Момын Байғаниндермен бірге жүрген, «Ойылдың серісі» атанған кісі болыпты. Бәлки, сол кісіден жұққан болар».
Ойылдың Құрманов атындағы ауылында, қызыл құмның арасында өскен балаң қыз өз елінен шыққан Жолдыбай Айтқұлов, Мұқан Сатыбаев, Света Мырзабаева сияқты өнер адамдарын үлгі тұтатын. Солардай  болуға тырысатын. Арнайы мектепке бармаса да, тума талант бәрібір бір кезде жарқырайды ғой, кішкентай Гүлжан мектеп қабырғасында жүріп-ақ көзге түсе бастады. Ауыл-үйдің той-томалағының да гүлі болды.
«Алдымен мектеп, ауыл сахнасында ән айтып бастадым. Неге екені белгісіз, эстрада жанры мені түк тартпады. Қазақтың қара домбырасының үніне сиқырланып қалғандай, қайда барсам да домбырамен ән айтатынмын. Өзіңіз білесіз, кешегі кезде домбырамен ән айту ілуде болмаса, көп кездеспейтін. Мені де талай концерттен қаққысы келгендер болды, алайда домбырамды құшақтап, мен де беріспедім».
Бала кезінен қазақы домбыраны серік еткен қара қыз Қ.Жұбанов атындағы университеттің музыка факультетіне оқуға түсті.
«Әдемі арман, бала қиял сол қалпында бірден іске асып кете қоймайды ғой, оқып жүріп тұрмыс құрдым. Алдағы тағдырымыз бір арнаға тоғысады деген серігім ойымдағыдай болмады. Өнеріме қарсы болды. Талай таяқ жедім. Сонда да, «ертең ел болып кетерміз» деген үміттің жетегінде біраз жүрдім. Төрт балалы болдым. «Балалар өскесін бәрі дұрысталар» — деген үмітім де ақталмады. Ақыры ажырасып тындық.  Рас, көңілімнің түкпірінде балалардың әкесіз өсіп жатқаны бір дерт болып қатып қалса да, ешкімнен кем қылмау үшін барымды салдым. Шүкір, Сағадатым автоколледжді бітіріп, қазір әскерде. Бекзатым Оралда заң колледжінде оқиды. Гүлназым мен Инабат мектепте».
Иә, төрт қозысын жетелеп, тұрмыстың көп қиындығын көрсе де, мойымады, сынбады. Балалардың әкесінен алимент те алған жоқ. Өзі де қайсар қыз, жалғыз қалған соң тіпті ширыға түскендей болды. «Қалай болғанда да балаларды ешкімнен кем қылмаймын» — деп тырысқан Гүлжан нәпақасын қара домбырадан тапты. «Елде болса ерніңе тиеді» дегендей, талай сын сағатта Гүлжанды алып шыққан өнері болды.
«Ауданымызда кезінде өзге ұлт өкілдері салмақты болғанын білесіз. Домбырамен ән айтуды біртүрлі қабылдайтын. Алайда, үлкендер жағы маған тапсырыс беретін. Осы қара домбырамның арқасында небір ауыр кезде де күнкөрісім қиын болған жоқ, балаларымды да оқыттым. Жалпы, қазақы өнерде кие бар».
Иә, өнердің киесін жанымен сезінетін Гүлжанның бойындағы ерекше қасиеті- кейбіреулердей әннің сөзін бұзбайды, мақамын өзгертпейді. Алты қырдан асатын баршын дауыс бірден жаныңды баурап алады. Содан да болар, кез келген орта Гүлжанның әніне сілтідей тына қалады.
Біздің де назар аударғанымыз сол болды — қазақы әуен, маржан сөздер кез-келген адамның қанындағы қазақтықты оятып жібергендей ерекше ынтамен тыңдайтынының талай куәсі болдық. Бұл феноменнің себебі де қарапайым- түп-тұқиян тегіндегі қазақылыққа сусаған қазаққа қазақтың әндері керек.
«Мен дәстүрлі әндерді тек орындап қана қоймаймын, зерттеймін де. Қазақтың дәстүрлі әндері бүтін бір тарих қой, шіркін! Бір танысым «қазақ әндерінде «әридәй», «халаулім-ай» деген түсініксіз бірдеңелер толып жүреді» деп, онымен жаға жыртысуға дейін барғанмын. Шындығында, сол «әридай» мен «хәләулімде» айтылмаған қаншама ой, қанша мұң жатқанын білмейді ғой. Әйтпесе, қазақтың сөзі құрып қалды дейсіз бе?».
«Жаға жыртысу» демекші, Гүлжанның мінезінде тентектік те бар. Тік. Ер мінезді. Күлбілтелеу, кей әйелдер сияқты өсек айту деген қылықтардан ада. Тек өзінің қара басына ғана сенетін болғандықтан шығар, «өмірдің бермейтінін тартып алам» деген қағиданы қолданады.
Биыл, бір кездері тұрмыс тауқыметімен оқи алмай үзіп алған білімінің дипломын алады. Балалары да қанаттанып келеді. Осы уақытқа дейін өнер ортасынан шетін қалып, балаларын асырау үшін әр жерде жұмыс жасаған ( тіпті газ операторлығын да оқып алған) Гүлжан қазір Алға аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырушы болып еңбек етеді. Балаларымен пәтер жалдап тұрады.
Осы орайда, сал мен серіні айлап-жылдап қонақ қылатын, сойысы мен киісін көтеретін қазақтың дархан мінезі, қала берді жоғалып бара жатқан дәстүрлі ән өнеріне деген қайта қалыптасып келе жатқан көзқарас біздің елдің де атқамінерлерінің есіне түсіп, Алға мәдениетінің бір пұшпағын илеп жүрген Гүлжанға да пәтер кілті тиер деген жылымшы үмітіміз де жоқ емес…

Түйін: «Сәмөлетім қонды, телефоным қосылды, неге қоңырау шалмайсың?», «ырбалаңдап билеймін, ырбалаңдап билеймін» деген «әнсымақтардан» қазақтың ұлттық жадын, ұлттық рухын қорғап қалғымыз келсе, Гүлжан Алдашева сияқты қазақы өнердің саф алтындарының жағдайын жасауымыз керек. 

Шара ЕЛЕУСІЗ,
Алға қаласы.

Басқа жаңалықтар