Экономика
Сарапшы: АЭС салудағы басты мақсат – энергия тапшылығының алдын алу
Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысы, энергия тапшылығы және бұл мәселе бойынша референдум өткізу тақырыбы соңғы жылдары ел ішінде маңызды талқыланып жатқан мәселелердің бірі болып отыр. Қазақстанда электр энергиясына деген сұраныс өсіп келеді. Бұл экономиканың дамуы, өндіріс көлемінің артуы және халық санының өсуіне байланысты. Қазіргі уақытта елдің энергия қажеттілігінің көп бөлігі көмір станцияларынан қамтамасыз етіледі. Алайда бұл тәсіл экологиялық тұрғыдан тиімсіз және Қазақстанның халықаралық экологиялық міндеттемелеріне сәйкес келмейді. Сондықтан Қазақстан үкіметі жаңартылатын энергия көздерін және атом энергиясын дамыту қажеттілігін қарастырып отыр.
Қазақстанда АЭС салу туралы шешім елдің атом энергетикасына деген қызығушылығын арттырды. Қазақстан әлемдегі уран қоры бойынша көшбасшы елдердің бірі болғандықтан, өз уранын пайдалануға мүмкіндік мол. АЭС құрылысы электр энергиясының тапшылығын жоюға, көміртегі шығарындыларын азайтуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді деп саналады. Қазіргі уақытта АЭС салу мәселесі бойынша бірнеше шетелдік серіктестермен келіссөздер жүргізілуде, соның ішінде Ресей, Франция, Оңтүстік Корея және Қытай бар.
Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты шешімді халықтың қолдауымен қабылдау үшін референдум өткізу мүмкіндігі жиі талқылануда. Референдум — халықтың бұл маңызды мәселе бойынша өз ойын тікелей білдіруіне мүмкіндік береді. Бұл үкіметке АЭС құрылысының қажет немесе қажет еместігі туралы халықтың пікірін ескере отырып шешім қабылдауға көмектеседі. Осыған байланысты елімізде 6 қазан күні жалпыұлттық референдум өтеді деп бекітілді.
АЭС құрылысы, энергия тапшылығы және референдум мәселесі Қазақстанда ұзақ мерзімді энергетикалық саясат пен экологиялық жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті табуды талап ететін күрделі әрі маңызды тақырыпқа айналып келді. Осы тұрғыда ядролық физика маманы Медеу Абишев АЭС құрылысына қатысты пікір білдіре кетті.
Қазақстан өзінің дамуын белгілі бір дәрежеге жеткізу үшін үлкен инфрақұрылымды жоба жасау керек. Сол жобаның ішіне АЭС-те кіреді. Егер біреуге тәуелді болып қаламыз деп, ешкімді, ештеңені елге кіргізбейтін болсақ жағдайымыз мүшкіл болады. Сондықтан біз дамуымыз, ізденуіміз керек. АЭС – Қазақстанда өз орнын алуы керек деп есептеймін. Әрине біз өзіміздің ядролық технологияларымыздың барлығын дамытуымыз керек. Сол себепті АЭС салу дұрыс деп есептеймін. АЭС салудағы басты мақсат – болашақта туындауы мүмкін энергия тапшылығының алдын алу, — дейді маман.
Медеу Абишевтың сөзінше, қазіргі таңда Қазақстандағы негізгі мәселе – көмір электр станцияларын ауыстыру. Яғни көмір электр станцияларынан бастартып біз газ, күн, жел, су және АЭС-ке көшуіміз керек. Егер осы аталған дүниелердің барлығы елімізде болса, онда біздің орнықтылығымыз жоғарылай түседі.
Біздің елдің жоспары күн энергия көздерін 40 пайызға жеткізу. Газға 2035 жылы тыйым салынуы мүмкін. Бірақ уақытша газ электр станциялары болады. Мүмкіндігінше, су электр станцияларын да саламыз деген жоба бар. Бірақ Қазақстанда оның потенциалы төмен. Өйткені бізде су жоқ. Гидро электр станцияларының барлығын салып тастаған. Дегенмен қазір кішігірім станцияларды салуға болады. Бірақ оның өзі бірнеше пайызды ғана құрайтын болады. Сондықтан қазір Қазақстанға негізгі энергия шығаратын көз керек және ол – АЭС. Атом энергиясы дүниежүзінде қарастырылған бірден-бір энергия көзі болып табылады, — дейді сарапшы.
Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты референдум өтеді деген күннен бастап жұртшылық пен бірқатар мәжіліс депутаттары ең алдымен АЭС-ті кім салып алатынын шешіп алу керек, кейін сол елдің құрылысына халықтың қандай көзқараста екенін сұрау керек екенін айтқан болатын.
Дегенмен мамандар мен жауапты өкілдер референдумда азаматтар «АЭС құрылысана келісесіз бе?» деген сауалға ғана жауап беретінін түсіндірген болатын.
Сарапшы, ядролық физика маманы Медеу Абишев референдумға байланысты халықаралық тәжірибеде қалай іске асырылуы керек екеніне тоқтала кетті.
Оның айтуынша, белгілі бір компаниямен келісімшарт жасап, одан кейін референдум өткізуге болмайды. Өйткені ешқандай компания қыруар қаржы құйғаннан кейін жоспарын бұзғысы келмейді. Сол себепті біз АЭС салуға дайын мемлекет болып қана конкурс өткізе аламыз. Ал егер бір елмен келісіп қойып кейін одан бастартсақ, олар үлкен шығынға ұшырауы мүмкін. Сондықтан бұл тарапты да ескерген жөн. Халықаралық тәжірибеде де мұндай жағдайлар болмаған. Осылайша біз референдумда жалпылама шешім қабылдауымыз керек.
Сонымен қатар Медеу Абишев референдумда халық оң дауыс беріп, АЭС салу туралы шешім қолдау тапса, оның құрылыс жұмыстарының басталуына 2-3 жыл уақыт кететінін жеткізді.
АЭС салатын кезде ең алдымен лицензия алу керек. Халықаралық атом энергия орталығы объектігі бізге рұқсат беруі қажет. Олар Қазақстанда қауіпсіздік деңгейі қалай екенін мұқият зерттеп, сараптама жасайды. Эксплуатация басталғанда АЭС-тің жұмысын жүргізе алады ма, құзыреті жетеді ма, соның барлығы 2 жыл да анықталады. Одан кейін рұқсат берілген жағдайда құрылыс жұмыстары басталады. Әртүрлі техника мамандары, құрылыс саласының өкілдері, сонымен қатар 10 мыңға жуық жұмысшы тартылады. АЭС салынатын жердің экономикалық әлеуеті түседі. Сәйкесінше, АЭС салынуға жақындаған кезде өндіріс орындары салынады, түрлі компаниялар бизнес орындарын ашады. Сондықтан оның үлкен пайдасы бар. Оны жоққа шығаруға болмайды, — дейді Абишев.
Бұған дейін АЭС құрылысы Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынады деген жоспар болды. Үлкен ауылы – Балқаш көлінің жағасында орналасқандықтан мамандар, экологтар ондағы судың ахуалына алаңдады. Себебі бүгінде Балқаш көлінің су деңгейі төмендеп жатқаны байқалған. Ал Медеу Абишев осы мәселеге қатысты мынадай пікірде екенін атап өтті.
Жалпы Балқаш көлінде АЭС-сіз де су мәселесі күрделі тақырыпқа айналып тұр. Соған байланысты АЭС құрылысы аяқталады дегенше Балқаш тартылып қалатын болса, онда ол жерде біз құрдымға кетеміз. Балқаштың қасында тұрғандықтан суды пайдалану арқылы электр энергиясының құңын төмендету керек. АЭС-те апат болған күннің өзінде, 3+ буын болатын болса оның қауіпсіз жұмысына деген сенімділік өте жоғары. Қауіпсіздік шараларын, бақылау жүйелерін АЭС-і бар елдердің дәрежесіне жеткізуіміз керек. Ол үшін елімізде мәдениет қалыптастыруымыз керек. Бұл үлкен қажырлы еңбекті қажет етеді. Құрылысқа қажетті негізгі материалдар сол елдің өзінде өндірілу керек. Ал жоғары технологияларды салған компания өз елінен алып келеді, — деді Абишев.
Бұған дейін ядролық физика маманы Бекет Кенжеғұлов бір АЭС салу үшін кем дегенде 12 млрд доллар қаржы керек екенін айтты. Оның 20 пайызын Қазақстан шығарса, қалған қаржыны технологиясын әкелген мемлекет шығарады. Сонымен қатар АЭС-тің эксплуатациясы іске қосылғаннан кейін алғашқы уақытта сол елдің мамандары жұмыс істейтінін атап өтті.