Басты тақырыпБілім

Ұстаздардың кәсіби мерекесі аталып өтті

Ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі қашанда қошемет пен құрметке лайықты. Қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланатын ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған мерекелік шара дәстүрлі мерекелердің бірі.  Бүгінде бүтіндей бір ұрпақты білім нәрімен сусындап ел үшін адал қызмет ету жолында аянбай еңбек ететін мұғалімдердің адал қызметі басшылық тарапынан жоғары бағаланып  келеді.

Кеше аудан мектептеріндегі ұстаздар мен округтердегі білікті мамандарының басын қосқан мерекелік шара өтті. Шарада алғашқы сөзді алған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы барша ұстаздарды айтулы мерекесімен құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі. Сонымен қатар, ұстаздарға өз атынан алғыс хат пен ақшалай сыйлықтарын табыс етті. Әуезді ән мен мың бұралған бишілердің өнерімен жалғасқан шарада марапат тапсыру одан әрі жалғасын тапты. Талай жыл ұстаздық қызметте жүрген бірқатар мұғалімдерге республикалық және Ойыл ауданы білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымынан ақшалай сыйақылар табыс етілді. Әр үйдің тентегін тезге салып, бар өмірін ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу болып өсуіне арнаған ұстаздар қауымына қалай құрмет көрсетсек те жарасады. Басшы да, ғарышкер де, басқа да сала қызметкерлерінің бәрі ұстаздың алдынан тәлім алды. Теориялық біліммен қатар партада отырған баланың ішкі жан дүниесін көзінен-ақ ұғатын ерекше қасиетке ие ұстаздардың еңбетерінің еленіп жатқаны көпшілікті қуантады. Елімізде орын алған карантинге байланысты ұстаздардың да жұмысы екі есеге артқаны белгілі. Осы қиындықтардан сүрінбей өтуде алдыңғы шепте жүрген ұстаздардың ерлікті істерін атап өтпеске болмайды. Абыройлы міндетті ақаусыз атқарған мұғалімді халқымыз қашанда ерекше құрмет тұтады. Ұстаз­дың әр адам жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үй­реткен мұғалімін әр шәкірттің жүрегіне жылылық ұялатады. Шәкірт тәрбиелеуде талмай қызмет етіп жүрген барша ұстаздар қауымын айтулы мерекелерімен құттықтаймыз.
P.S. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев түстен кейін Ойыл аграрлық колледжіне барып, барша колледж ұжымын мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар бірқатар ұстаздарға алғыс хаттарын табыстады.

Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар