Басты тақырыпСпорт

Әкім жеңімпаздарды қабылдады

Бір кездері «Ойыл - волейболдың отаны...», - деп аталып жүргені спорт жанашырларының жадында әлі де сақтаулы тұр. Осындай алдыңғы буын салып кеткен ізден бүгін жас спортшыларымыз бір қадам шалыс баспай келеді. Оған төрт жылда бір өтетін «Ақбидай» облыстық ауыл спорты ойындарында волейболдан спортшыларымыздың жеңісі айғақтап берген тәрізді.

Осы орайда апта басында аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ақтөбе қаласында өткен «Ақбидай» облыстық VII ауыл спорты ойындарында өнер көрсетіп, жүлдемен оралған спортшыларды қабылдады. Кездесу барысында аудан басшысы аудан спортын дамытудағы жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы Ақтау қаласында өтетін Республикалық «Ақбидай» ауыл спорт ойындарына жолдама алған спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, спортшыларға Ойыл ауданының 100 жылдығына арналған естелік сыйлықтарын табыстады. Қабылдауда Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы Сәкен Ғазизұлы мәслихат депутаттарының атынан волейбол спортының командасына 100 мың теңге қаржылай демеушілік жасады. Сонымен қатар, спорт жанашырлары мінберге шығып, спортшыларға құттықтау тілектерін жеткізіп, салмақты сөздерімен жігер беріп, намыстарын қайрады. Атап өтсек, аталмыш спорттық жарыста қол күресінен Асхат Елеусінов — қола жүлде, гір көтеруден Нұрасхан Сәрсенғалиев- күміс жүлде, үстел теннисінен Нұрлан Ешімов — қола жүлде, тоғызқұмалақтан командалық есеп бойынша — III орын, тоғызқұмалақтан қыздар арасындағы жарыстан Айдана Болатова — күміс жүлде, қазақ күресінен 60 келідегі салмақтан Нұрлыхан Мұхамбетов II орын, 66 келідегі салмақтан Азат Шерниязов II орын, 55 келідегі салмақтан әлем чемпионы Бекзат Мұхамбетов «алтын медаль» иегері атанды.
Ауданымыздың ерлер волейбол құрамасы ақтық сында Әйтеке би, Байғанин аудандарының волейболшыларынан басым түсіп, чемпион атанды. Қазан айында Маңғыстау облысы Ақтау қаласында өтетін республикалық «Ақбидай-2021» ойындарында осы жеңімпаздарымыз бақ сынамақ. Ендеше бізде спортшыларымызға жеңіс мәресінен көрінулеріне сәттілік тілейміз!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар