Әлеумет

Мәселе біреу — малдың бағылуы…

«Қыстың қамын жаз ойла» деген, ал қыстың да, жаздың да жайын қазірден бастап ойлау керек. Өйткені жаз дегенмен оның да жұмысы жетерлік. Осындай мақсатпен кеше аудандық мәдениет үйінде Ойыл селолық округі әкімінің село тұрғындарымен кездесу жиыны өтті. Онда жылдағыдай алдағы шаруалардың шешілу жолдарын көппен бірге талқылады.

Ең басты мәселе — мал күтуі. Бұл бойынша село әкімі Дәурен Бисебаев әзірге үш бағытта шығатын мал күтуінің бақташылары дайын екенін айтты. Олармен келісім шарт жасасып, ат көліктерінің дайындығын, екі тараптың келісімін реттеп жатырғанын жеткізді. Село әкімінің айтуынша бақташылардың бағасы да биыл өсіпті. Өткен жылы әр басқа 1000 теңгеден баққан олар биыл барлық заттың қымбаттауына байланысты 1500-ге көтерген. Бірақ оның шамадан тыс қымбат екенін, ескертіп, 1200 теңгеге түсірген. «Сегізсай» бағыты бойынша Берік Ұзақов, МТМ бағыты бойынша Бақыт Төлесінов, «Қаңқай» бағыты бойынша Жұмағали Меңдібаевтар биыл да бағуға ниет білдіріп отыр. Ал,«Ашықбай» бағыты бойынша бақташы іздестіріліп отыр.

Олар 14-ші Сәуірден бастап 1-ші Желтоқсан айына дейін бағады. Күтушіге берілетін ақшасы әр айдың 30-ына дейін төленуі тиіс.

Алдымен мал бағу мен бағылу мәселесін айтқан село әкімі малға екі тараптың да бірдей жауапкершілікпен қарауын сұрады. Малды уақытында бақташының алдына апарып қосу, кешкілік мезгілде күтіп алуы керек. Егер де сиыры келмесе немесе  кешігіп жатса, 1 сағаттың ішінде бақташыға хабарлайды. Ал, қырға қосатындар үшін ірі қара 1000 теңгеден, қой ешкі 300-500 теңгеден келісіледі. Мал басын асылдандыру үшін асыл тұқымды бұқалар 1-ші мамырдан бастап табынға қосылады.

Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Шоқан Тлеумағанбетов тұрғындардың сұрағына құлақ түрді. Үш сиыры бірдей сарып ауруына шалдығып, союға мәжбүр болған Ләтипа апай тым арзанға бағаланып отырғанына наразы. Онымен қоса қырдан әкелгені үшін көлікке,  мал сою алаңына беретін ақшасы тағы бар, мұның бәрі  онсызда құны төмен малдың бағасын одан сайын түсіріп отырғанын айтты. Арық, ауру малдарды бөлек бағып, қоң жинағасын сату, сою  туралы ұсынысын да білдірді. Бұл жиындарда қайта-қайта көтеріліп жүрген көбінің көкейіндегі сұрақ. Бұл мәселе бойынша жауап берген аудандық ветеринарлық станцияның директоры Серік Сармұханов жалпыға бірдей заң талабына сай тәртібін айтты. Аурудан айығудың бір ғана жолы — ауру малдан құтылу. Егер мал дәрігердің қорытындысы бойынша мал шұжық цехына өтетін болса, олар нарық бағасымен 70 пайызын төлейді, ал үкімет 30 пайызын береді.

«Биыл қыс жайлы болғанымен, мал шығыны көп. Біразы басқақ, көтерем болып жатыр. Сондықтан малды жем-шөптен қыспай, алдыңғы лектегі құнарлы шөпті алуға, қадағалауға, уақытылы бағуға мал иесі көңіл бөлуі керек. Ал жаңағы ауырған малдарды бөлек бағуға заң талаптары жоқ» — деді сала басшысы.

Одан кейін тазалық жөнінде айтқан жергілікті полиция қызметінің бастығы Амантай Алпысұлы әкімшілік құқық бұзушылықтың талаптарын айтты. Иесіз, көшеде жүрген малдарды бір жерге қамап, мал иесін анықтайды. Мал иесі табылғанша, сол жерде бағылады, ешқайда шықпайды. Малдың қожасы табылған соң, сол бағылған күннің шығынын өтейді. Иесіз, бағусыз, көшеде жүрген малдарға 48 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. «Мал ұрлығы бізде біршама азайды, қазіргі арық кезінде мұндай жағдайлар сирек болады. Көбінің ұрланып кетті деген малдары, бағусыз, қадағалаусыз салдарынан айдалада өліп қалып жатады» — деді жергілікті полиция қызметінің бастығы.

Құрманғазин көшесінің тұрғыны Мақсат Карбелов  екі жыл бойына әкімшілік бағытта бақташының жоқ екенін алға тартты. Осыны ұйымдастыру керектігін жеткізді басшылық тарапқа. Село әкімі бұл сұраққа күтушінің іздестіріліп жатқанын, мал бағуға ниеттілердің тым төмендігін, егер сол бағытта бағам деушілер болса, барынша қолдау көрсетіп, көмектесетінін айтты. Расымен де солай. Жыл сайын бақташы табу қиынның қиыны. Мал бағуға келгенде жұмыссыз жастардың дені құлықсыз.

Ал, аудан әкімінің орынбасары Шоқан Қабиболлаұлы ауру малды бөлек бағуға қайта-қайта ұсыныс білдіргендерге нақты жауабын кесіп айтты. «Рас, Кеңес үкіметі кезінде ауру малдарды бөлек бақты. Бірақ қазір ондай заң жоқ. Заңда ауырған мал сойылып, жойылу керек делінген. Біз үкіметтің заңына қарсы шыға алмаймыз» — деді.

Жиында Өтеген, Аман, Минамен, Ғұсман, Төлеу ақсақалдар кейбір тұрғындарды сабырға шақырып, даурықпауға, малдың бағылуына, күтіміне, көше тазалығына, тәртібіне бірауыздан жұмылу керектігін айтты. Олар мал бақташыға берілетін ақшаның бағасын былтырғы (мың теңге) бағасына қалдырды. Олардың айтуынша, осы малмен жан бағып отырған қарапайым халықтың да жағдайына қарау керек. Көрші аудандардағы бағаларды салыстыра отырып, бақташыға да, бақтырушыға да осы бағаны қолайлы деп тапты.

Ақсақалдардың ендігі айтары қалаға қатынайтын таксистердің бағасын да реттеу. Өйткені 1800-2000 теңге тұрғындардың қалтасына ауырлау.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл селосы.

 

Басқа жаңалықтар