ӘлеуметБасты тақырып
Тас дәуірінен тін тартқан «Қаздыарал» тұрағы
Құм басқан тарихты зерттеп, ғылыми жаңалық ашу археологтардың басты міндеті екені шүбасыз. Әр төбесін түртсең тарихтан сыр шертетін Ойылдың тарихы тым тереңде. Облыстық ғалымдардан бөлек Республика деңгейіндегі ғалымдарды толғандырып отырған біздің аймақтың тарихы расында тым бөлек. Ерте тас, қола дәуіріне тиесілі жәдігерлердің табылуы тарихқа жаңғырған үн қосып келеді.
Осы бағытта Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің қызметкерлері Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, жерлесеміз, археолог Аслан Мамедовтың методикалық көмегінің нәтижесінде «Қаздыарал» тұрағына археологиялық барлау, іздестіру, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстарына ауданымыздың жас археологтар үйірмесі, жас ғылым жанашырлары ерікті түрде атсалысты. Қаздыарал тұрағы қазіргі Ш.Берсиев ауылдық округіне қарасты мекен. Барлау жұмысы барысында кездейсоқ табылған құмыра басқа жерге қайта көмілгендігі анықталды. Көмілген жерге іздестіру жүргізу кезінде ерте кезеңдегі қауымның жерленгені байқалды. Жергілікті музейдің алғашқы зерттеу жұмыстары қараталдық тұрғындардың кездейсоқ табылған олжаларына байланысты басталып кетті. Қаздыарал өте құмақты жер. Желдің екпінімен көшкен құмның орындарынан тұрғындар адам сүйектерін, қыштан жасалған ыдыстар тауып алған. Бұл факт расында археологтарды қызықтырды. Себебі біздің жерімізде қыштан жасалған ыдыс-аяқтар энеолит кезеңінде пайда болған. Бұл өте сирек кездесетін археологиялық олжа, — дейді археолог Аслан Мамедов. Негізгі қабірі сақталған 3 жерленген жердің орны ашылды. Екі қайта көмілген сүйектері бар шұңқырлар қазылған. Нәтижесінде ерте қола дәуірі мен орта ғасырға дейін археологиялық жәдігерлер ашылып, суреттелді. Ғылыми жағынан табылған заттардың маңыздылығы жоғары, терең зерттеуді қажет етеді. Біз Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің қор сақтаушысы Медет Құлмұқановты әңгімеге тарту барысында ауданымызда көне ескерткіштер мен қорымдарды археологиялық зерттеу деңгейі дамып келе жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ қасиетті Ойыл жерін зерттеуге ғалымдардың да қызығушылығы жоғары. Қазіргі таңда музей қорында 6337 музей заттары мен әр түрлі кезеңге жататын жәдігерлер сақталған.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.