Басты тақырыпРухани жаңғыру

ЖӘРМЕҢКЕНІҢ КІРПІШ КҮЙДІРУ ПЕШТЕРІ ТАБЫЛДЫ

Ойыл ауданының тарихи-мәдени ескерткіштерін іздестіру мақсатында 2022 жылдың 23-ші тамыз күні аудан орталығынан 500 метр жерде, батыс бағытында орналасқан ескі кірпіш күйдіру пештері табылды. Екі пештің орындары бар, бір-біріне жақын, параллель орналасқан, арасы 80 метр. Пештерді Көкжар шатқалының тегіс бетіне салған, шатқалдың биіктігі 20-30 метр.
Пештердің көлемі өте үлкен, тіктөртбұрышты, қабырғаларынан қаланған тастардың іздері көрінбейді, жерді қазу арқылы формасын шығарған. Пештер — ортасынан екіге бөлінген, қабырғалары қатты қызудың әсерінен қызарып, қатайып кеткен, қызған қабырғаға қарама-қарсы беттен ағаш қалдықтарының күлдері кездесті. Пештердің тереңдігі 2 метрге жақын. Екіге бөлінген пештердің бірінші бөлмесінде кірпіштердің күйдірілген іздері және кірпіштердің қалдықтары байқалса, екінші бөлмесінен күйдіру іздері байқалмады. Күл-қоқыстар, осы екінші бөлменің үстінен кездесіп отыр.
Пештерден төмен оңтүстікке қарай, 30-40 метр жерде бірнеше шұңқырлар кездесті. Шұңқырлардың диаметрі әртүрлі, тереңдігі 1,5-2,5 метрге дейін ауытқиды. Шұңқырлардың барлығында сынған қызыл кірпіштердің іздері бар. Өте жоғары сапада жасалған. Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарларындағы кірпіш тастарының сапасымен сәйкес келеді. Шұңқырларды қазған кезде қызыл түсті, иленген топырақ қабаттары анық байқалды.
Жергілікті тұрғындардың жадында осы пештерге қатысты ешқандай мәліметтер сақталмаған. Көбісі, 1987 жылы Ойыл совхозы жанынан бастау алған кірпіш шығару зауытымен шатастырады. Ойыл совхозының кірпіш зауыты Қарауылтөбе етегіне жақын орналасқан, ал, тауып отқан пештеріміз Көкжар шатқалының бетінде жатыр. Екеуінің арақашықтығы 500-600 метр. Бір қызығы, пештер орналасқан Көкжар шатқылының бетінде 1960-1980 жылдары шешен ұлтының өкілдері тас шығару жұмыстарымен айналысқан, бірақ, олар кірпіш күйдіруден гөрі саман тас басуды қолға алған екен. Кірпіш күйдіруге қатысты басқаша ел білетін ақпараттар кездеспей отыр. Жазбаша деректерге қарағанда жәрмеңкенің жаңа сауда қатарлары 1893 жылы салынған. 18 тас корпустың 15-і дайын болғандығы жазылады. Кірпіш қай жерден алынғандығы жөнінде, күйдіру пештері мен жасалу технологиясы қатысты ешқандай мәлімттер жоқ.
Ендігі мақсатымыз, Ойыл ауылынан 500 метр жерде, Көкжар шатқалының бетінде орналасқан ескі кірпіш күйдіру пештері туралы деректерді іздестіріп, көпшілікке жеткізу және Ойыл өңірінде кірпіш күйдіру ісі бұрыннан бар екенін дәлелдеу болып табылады.

Медет ҚҰЛМҰҚАНОВ,
Ш.Берсиев атындағы аудандық өнер және өлке тарихы музейінің экскурсия жүргізушісі.

Басқа жаңалықтар