Әлеумет

ДІН МЕН САЛТ-ДӘСТҮР ЖАЙЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

немесе «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» кездесуінде туындаған ой

Адам баласы болғасын, есейген сайын көпшіліктің айтқандарына еліктеуді азайтып, есесіне олардың, соның ішінде, жастардың қылықтары мен істеріне көбірек көңіл бөле бастайсың. Жақында ауданымызға кездесуге келген теолог мамандар да еліміздегі жастардың дінге деген көзқарастарын, олардың теріс ағымдағы діндерге терең ойсыз беріліп, соңынан қатты зардап шегіп жүргендерін ашық ортаға салды. Кездесуде үлкендеріміз өзіміздің дәстүрлі дініміз бен салт-дәстүріміздің қалай бұзылып бара жатқаны туралы пікірлерін айтты. Осыған орай мен де өзіміздің дініміз бен салт-дәстүріміз туралы өз ойымды ортаға салмақпын.
Біздің, қазақтың, дұрыс дәстүрлі діні мен салт-дәстүрлерін түп тамырымен бұзған Кеңестер Одағы Коммунистік Партиясының солақай саясаты. Сол заманның ұрпақтары, бізге мектеп жасынан бастап қазақтың діні мен салт-дәстүрін қараңғылықтың, сауатсыздықтың белгісі деп санамызға сіңірсе, жоғарғы оқу орындарында әдейі «Атеизм» пәнін енгізіп, «Құдай жоқ», жалпы тылсым күш, жаратушы, әулие деген ұғымдар теріс қалыптасқан пікір деп оқытты. Кеңестер Одағы кезеңіндегі өмірді түбегейлі дұрыс емес деп айыптамаймын, бірақ, жақсылығымен қатар жамандығы әсіресе, қазақ халқына, көбірек тиген сияқты. Ол заманның ең теріс жағының бірі барлық ұлттарды орыстандыру мақсаты болды, осының салдарынан өз дініміз бен салт-дәстүріміз тіпті елеусіз қалды. Әсіресе, билік басындағы ағаларымыздың басым көпшілігі балаларын түгелдей орыс мектептерінде оқытып және өздері дінімізбен салт-дәстүрімізді ұстануға қорықты, кейбіреуі тіпті терең ойлылығының аздығынан намыстанды да. Ата-аналарымызбен жоғарыдағы ағаларымыздың қылықтары санамызға сіңгені соншалықты, біз қатарлы азаматтардың «ораза» ұстап намаз оқығандары саусақпен санарлықтай. Өйткені, біздер арғы аталарымыздың, онда да өте бала кезімізде «Ораза» ұстап намаз оқығанын көргеніміз болмаса, өз әкелеріміздің осындай діни салт-дәстүрлерді ұстанғанын көрген жоқпыз. Есесіне, сөзім ауыр болмасын, олардың қырлы стакандармен «Орыс арағын» қандай дастарханда болмасын қалдырмай ішетіндерін көріп өстік. Біздің, қазақтың діні мен салт-дәстүрлерінің жалғасуы (эстафетасы) біздің жасымыздағы ұрпақтарға жетпей үзілді.
Қазіргі ұрпақ, жастар Кеңес Одағының ақылсыз саясаты тоқтағаннан кейін дін мен салт-дәстүрдің керек екенін түсініп, біздің дәстүрлі дінімізбен салт-дәстүрімізді зерттеп дұрыс ұстанудың орнына, басқа ұлттардың, жат ағымдағы дін мен салт-дәстүрлерді ұстануда. Соның салдарынан, олар көпшілік келеңсіз жағдайларға ұшырап қор болуда, немесе нәтижесі шамалы ұстанымдарға алтын уақыттарын текке кетіруде. Мысалы, өзіміздің «Ораза» ұстанудың өзі тіпті басқа болып кеткен, біздің кезімізде мектеп жасындағы балаларды айтпағанда, еңбек етіп жүріп «Ораза» ұстаған азаматтарды немесе азаматшаларды көрген жоқпыз. Менің өзімнің пайғамбар жасынан асқан әжемнің «Ораза» ұстағаны есімде. Ол кезде ауыз бекіту таң атардың алдында ғана басталатын (қазіргі белгіленген кестедей емес) және ауыз бекітілгеннен кейін қайтадан ұйықтауға жатпайтын. Қайтадан ұйықтап ұйқыны қандыру медициналық тұрғыдан да қате. «Ораза» тұтуды Абай атамыз сияқты 100 немесе 1000 жылда бір туатын алып тұлғалар ойлап шығарған және оны толық түсінуге әзірге біздің санамыз жетпейді. Қазір ғана, Жапонияның ірі ғалымдары «ашығудың» пайдасын зерттеп жарыққа шығаруда. Ал, оразадағы ұйқыны мейлінше азайту да «ашығуға» қосымша «алмасу заттарын» ұзарту арқылы ағзамызда жиналған артық майларды жағып тазарту болып табылады.
Сонымен қатар, қайтыс болған адамды соңғы сапарға шығару, садақа беру рәсімдері де өте күрделіленіп, тіпті басқа болып кеткен. Қайтыс болған адамның үйіне туыстығына, жастығына қарамастан әйтеуір кіріп шығу міндет деп бүкіл ауыл, ол үйдің қақпасы ашылар-ашылмастан, ағыла бастайды. Қайтқан адамға берілетін «қонақ асы» мәзірі де, оған келетін адамдар саны да белгілі шектен шығып кетіп жатады. Былай айтқанда, берекесіз шашылу көбірек, жағдайы барында да, жағдайы жоғында да. Ал, бұрынғы дәстүрлі жерлеу рәсімдері сақталған аудандарда «қонақ асын» беру тіпті басқаша. Олар, ағайын-туыстар жиналып, бәрі бірігіп алдымен «қонақ асына» кімдерді шақыратындарын жазып белгілеп, бәрін бірдей емес, оларға әдейі адам жіберіп уақытын, жерлеу күнінен бұрын кешке жұмыс уақытынан кейінгі 19.00 ге шақырады. Шақырылмаған адамдар, жақын туыстардан басқа, «қонақ асына» топырлап келмейді. «Қонақ асын» беруді және басқа рәсімдерді ұйымдастыруды сол рудың нағыз жанашыр, басқару қабілеті бар бір адам басқарады және басқалары оның айтқанын бұлтжытпай орындауға тырасады. Дастархан мәзірі де өте қарапайым, тек олар ет асуға үлкен мән береді (етті қазанға салудан бастап дастарханға жеткенше ер азаматтар дайындайды). Жерлеу күнінде мәйітті жерлеп келгеннен кейін ғана дастархан тек жақын туыстар мен алыстан келгендерге ғана жайылады, ал, «Қонақ асында» болғандар бұл дастарханға қарамастан жерлеу рәсімінен кейін жұмыстарына бара береді. Кейбір аудандарда жерлеу күнінде (қарасында) дастархан тек ет берумен ғана шектеледі. Қалған садақаларға да адамдар, тек алыстағы келе алмаған ағайындар болмаса, тек шақырумен ғана келеді.
Қазіргі жерлеу рәсіміне шақырылатын имамдарға келсек, олар да бұрынғы дәстүрлі салттарды ұстанудан алшақтап кеткен сияқты. Имамдардың түгеліне жуығы қырық жасқа жетер-жетпес жастар, былай айтқанда өмірдегі тоқтаусыз болып жатқан жаңалықтарға еліктеу жасындағылар, әрі әлі де отбасын асырау үшін қаражатқа тәуелділер. Жерлеу рәсіміндегі имамдар көбіне шығарып салғалы тұрған марқұмнан гөрі, шығарып салуға келген жамағатқа көп көңіл аударып кетеді. Олар өздерінің төл міндеттерінен ауытқып жамағатқа уағыз айтумен мезі қылады, тіпті кейбіреуі садақадағы дастарханда көп сөйлеп дайындалған астың дәмін кетіреді.
Қазақтың «үкі тағу», «бет ашу» сияқты салттары да мәнін жоғалтып бара жатқандай… Өйткені «үкі тағуды» болашақ құда болатын әулеттердің әйелдер қауымы бөлек кездесіп, келісіп осы салтты той болатын күнге белгілейтінді шығарған (әрине бәрі бірдей емес). Негізінде, «үкі тағу», екі жас келіскеннен кейін той күнін белгілеместен бұрын, құда түсуге барғанда жасалған. Ал, «бет ашу» келін түскенде тойға дейін, келін түсіретін босағаны аттар кезде, келінді көрместен бұрын, тек жақын ағайын-туыс арасында жасалған. Қазіргі кезде «бет ашу» теңге жинау мақсатында, шақырылған қонақтардың тізімімен ешкімді қалдырмастан аттарын атап, тойдың үстінде жасалып жүр (әрине, тағы да бәрінде бірдей емес).
Енді, осы жоғарыда айтылғандарды және басқа да өзгеріп бара жатқан салт-дәстүрлерімізді түзеу үшін не істеуіміз керек? «Қай нәрсені болмасын түзеу үшін оның бұзылған жерінен қайтадан бастау керек» — дейді көреген адамдар.
Сондықтан, дін мен салт-дәстүрімізді басқа елдермен ұлттардан емес, өз елімізден, қазақтардан іздеп, зерттеп, олардың жалғасуын (эстафетаны) үзілген жерінен қайтадан бастауымыз керек. Ал, жастарға уақыттарын діннен гөрі ғылымға, көбірек ізденуге, еңбек етуге, мүмкіндіктері болса күліп-ойнауға бөлсе деймін.

Мыңжасар ДОСОВ,
Ойыл ауылының тұрғыны.

Басқа жаңалықтар