МәдениетРухани жаңғыру

Өнер – өмірдің өзегі

Өмір – үлкен сахна. Бұл сахнада әр адамның өз рөлі, өз жолы бар. Бірі – өнермен өрнектейді, бірі – өнегесімен өрлейді.
Ал солардың тоғысында, халық жүрегінен орын тапқан дара тұлғалар болады. Сондай асыл жанның бірі – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ойылдың төл перзенті, мәдениет майталманы Амангелді Рамазанұлы Жұманов.
Кешегі күннің куәсіндей болған 80 жылдық мерейтой – тек бір адамның ғұмыр жолын емес, тұтас бір дәуірдің, тұтас бір өнердің тағдырын танытқан тағылымды шара болды. «Өнермен өрілген өмір» атты бұл кеш – мәдениет пен руханиятқа қызмет еткен азаматқа елдің шынайы құрметі мен ықыласының айғағы.
«Өнер – қонса, бақ; қонбаса, жат» дейді дана қазақ. Амангелді ағамыздың бойына қонған өнер – елінің ырысы мен жұртының тынысы болды. Өзі айтқандай, «Алла маған дауыс берді, мен соған алғыс айтам» – деп, өнерді Жаратушының берген аманаты деп бағалаған жан. Сегіз жасында ауыл сахнасында тұңғыш рет ән шырқап, тоғызында той-жиынның сәніне айналған бала Амангелдінің дауысы – бүгінгі күні ұлт руханиятының үніндей естіледі.
Сахна шымылдығы ұлттық нақыштағы биімен ашылып, жүрекжарды сөздермен жалғасқан кештің әр сәті – рухани шежіреге айналды. Әпкесі Жамаш апай мен қызы Зияш апайдың естеліктері, немерелерінің әні – бәрі де өмірдің өнегесін, өнердің өрісін паш етті.
«Жақсының артында сөз қалады» дегендей, Амангелді ағаның жанында жүрген Мұқанбетқали Сатыбаев пен Нұрлыбек Қалауов сынды руханият майталмандарының лебізі – сахнадағы сырлы жылдардың жаңғырығындай болды. Ал шәкірті Светлана Сұлтанғалиеваның бейнеқұттықтауы ұстазға деген алғыстың үні секілді.
Салтанатты кеште Ойыл жұрты Амангелді ағасына деген құрметін биіктетіп, ақжарма тілектерін аямай жеткізді. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың құттықтауы мен арнайы медалі, аудан басшысы Асқар Қайырғалиұлы бастаған ел азаматтарының шапан жауып, жылқы мінгізуі – бұл кештің тағылымын тереңдете түсті.
Домбыра тартылып, күй шертіліп, ән шырқалған кештің соңғы нүктесін «Шапағат» Ешпановтар отбасылық ансамблі қойғандай болды. «Жолыққан қандай жақсы» деген ән – кештің айтар ойын, халықтың сезімін түйіндеп бергендей әсер қалдырды.
Амангелді Рамазанұлы – Ойыл топырағының ғана емес, тұтас қазақ өнерінің абызындай. Ол – әнмен елді тербеткен, өнермен өрге тартқан азамат. «Өнер – ұлттың жаны» десек, сол жанды сақтап келе жатқан жандардың бірі осы Амангелді аға. Халықтың махаббаты – ең үлкен марапат. Сол махаббатты иеленген жан ретінде Амангелді ағамыздың өмірі – кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге.

Related Articles

Back to top button